Денсаулық

Дәрігерлермен қамту 4 пайызға өсті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірді медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі басты тақырыптардың бірі ретінде қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, облыстың медициналық ұйымдарында қазіргі уақытта 3,8 мыңнан астам дәрігер және 7,6 мың орта арнаулы медицина қызметкерлері еңбек етеді.

Жыл басынан бері тұрғындарды дәрігерлермен қамту 4 пайызға өсті. Орташа есеппен алғанда 10 мың тұрғынға 33 маманнан келеді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс еліміздің басқа аймақтары арасында 4 орынға ие.

Соған қарамастан, облыс бойынша қазіргі уақытта 76 дәрігер жетіспейді деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Кеңес барысында облысқа денсаулық сақтау саласында жоғары білікті мамандарды тарту бойынша шаралар жайы талқыланды. Негізінен сөз тұрғын үймен қамтамасыз ету және өтемақы төлемі түрінде әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы болды.

Облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасына М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне жетпес кадрларды даярлау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

— 2020 жылға дейін барлық елді мекендер медициналық мекемелермен қамтамасыз етіледі. Ақтөбенің өзінде көптеген жаңа емдеу мекемелерін ашып жатырмыз. Солардың барлығына да мамандар қажет, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтар басқармасының басшысы Дастан Аманов жылыту маусымына әзірлік туралы есеп берді.

Оның айтуынша, жылыту маусымын үздіксіз атқару үшін 40 466 тонна қатты және 3 957 тонна сұйық отын қажет. Бүгінгі күні облысқа 11,6 мың тоннадан астам (29%) қатты отын және 210 тонна (5%) сұйық отын жеткізілді. Отынның нормативті қорын жасақтау үшін барлығы 1,4 миллиард теңге жұмсалатын болады.

Облыс әкімі облысқа отын жеткізуді мүмкіндігінше тезірек аяқтап, тұрғындар үшін оның бағасын барынша төмендетуді тапсырды.

— Баға құрылымын бақылауда ұстаңыздар. Жылыту маусымына дайындық жөніндегі штаб қазірдің өзінде өте белсенді жұмыс жасауы тиіс. Аудандарға барып, жергілікті жердегі жағдаймен танысатын жұмыс тобын құру қажет, — деді ол.

Жылыту маусымына әзірлік барысында облыс бойынша жоспарланған 580 қазандықтың 393-і (68%), сондай-ақ 71,7 километр жылу желісі (29%), 210,5 километр сумен жабдықтау және су бұрмалары (43%), 103,6 километр электрмен жабдықтау желілері (45%), 761 әлеуметтік нысандар (48%) жөнделді. Жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бұдан басқа, өткен айда облыс аудандарындағы 607 әлеуметтік нысанын жылумен қамтамасыз ететін 574 автономды қазандықты тексеру аяқталды. Дастан Аманов бүгінгі күні тексерілген қазандықтардың 60%-ы қоректендірудің резервтік көздерімен қамтамасыз етілгенін айтты.

Жиын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын қараумен аяқталды.

Бердібек Сапарбаев мекеменің жұмысын оң бағалаумен бірге, бірқатар ескертулер де жасады. Құрылыс ғимараттарында көріктендіру ережелерін сақтауға бақылау жасауды күшейту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, басқармаға бюджеттен қаржыландырылатын барлық құрылыс жобалары бойынша жұмыс құнын талдау тапсырылды. Бұл ретте екі бірдей жобалар бойынша жұмыс құнындағы айырмашылық 100%-ға дейін жететіні назарға алынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button