Әлеумет

«Аналар үйіне» барды

Облыстық, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдері басшылары «Аналар үйіндегі» аналар мен бөбектерге сыйлықтар апарды. Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл шара облыстағы «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылды.

— Қиын жағдайға тап болған жас аналарға қолдау көрсетіп отырған меценат Исламбек Салжановқа, басқа да азаматтарға ризашылығымыз шексіз. «Бақытты бала» жылы аясында осындағы аналарға қолдау көрсетейік деген ұсынысымды  әріптестерім қолдады, сол үшін барлығына алғысымды білдіремін. Қоғамда осындай жағдай орын алып отырғаннан кейін, жас аналарды далаға тастамай, көмек көрсету біздің парызымыз, — деді облыстық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Мемлекеттік қызметкерлер балаларға ойыншықтар, жөргектер, басқа да керек-жарақтар апарып берді. Ақтөбе қаласындағы «Ана үйінің» үйлестірушісі Таңсұлу Лакованың айтуынша, қазір бұл үйде 12 ана, 10 сәби тұрып жатыр, жақын уақытта тағы екі сәбидің шілдеханасы болмақ.

— Ақтөбеде «Аналар үйі» ашылғалы бері 118 жас анаға пана болды. Бұл — 118 баланы жетімдіктен сақтап қалдық деген сөз. Барар жер, басар тауы жоқ жас аналар амалсыздан кейде балаларын жетімдер үйіне тапсырады. Біз соны болдырмауға тырысамыз. Өмірге келген әр бала бақытты болуы тиіс. 118 баланың жетімдер үйінде емес, анасының бауырында өсуіне ықпал еткен қайырымды адамдарға, осы жобаның авторларына, меценаттарға алғысымыз шексіз. Жас аналарға қиын кезде қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың болшағының жақсы болуына көмектесеміз. Мысалы, 118 жас ананың 50 пайызы толыққанды отбасын құрды, бірі балаларының әкелерімен табысса, енді бірін балаларымен бірге қалыңдыққа алған азаматтар табылды, —  дейді Т.Лакова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button