Басты жаңалықтарМереке

Мерекелік медальдар тапсырылды

Кеше Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында Елорданың 20 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Онда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір топ азаматқа «Астана 20 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Тәуелсіздік алғаннан кейін 6 жылдың ішінде өзінің жаңа астанасын жариялап, 20 жылда сол астананы бүкіл дүниежүзіне танытқан, бейбітшілік пен келісімнің орталығын жасаған мемлекет аз шығар. Біздің Астана өмір бақи тарихта қалады. Өйткені осы аз ғана уақытта әлемге танылып, халқының саны 1 миллионнан асты. Астанада бүгінге дейін қаншама форум, саммиттердің өтіп, соның арқасында бір-бірімен амандаспайтын мемлекет басшыларының келісімге келіп, арадағы қатынастың жақсарып кеткеніне сіздер мен біздер куәміз. Соның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екенін айтуымыз керек.

Әр қазақстандық Астананың өркендеуіне өз үлесін қосуы керек. Осы орайда Астанада әр облыстың сыйы ретінде жақында көптеген көпірлер, саябақтар, ғимараттардың ашылғаны белгілі. Біздің Ақтөбе облысының ерекше сыйы 29 тамыз күні ашылатын «Бейбітшілік қабырғасы» болмақ. Астана қаласының орталығында орналасатын тартуымызды салып жатқан — ақтөбелік кәсіпкерлер. Олардың еңбегін таныстырылым рәсімінде де атап өтеміз.

Облыс басшылығы атынан осында жиналғандарға рақметімді айтамын. Барлығыңызды Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын. Әрқайсысыңызға

амандық, құт-береке тілеймін! Астананың абыройы асқақтай берсін! — дей келе, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, «Бейбітшілік және келісім кеңесі» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, еңбек ардагері Өтеміс Әкімов, Әлия мен Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев, сондай-ақ, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаевқа, т.б. мерекелік медальді табыс етті.

Мұндай құрметке бөленгендердің қатарында Ойыл ауданынан келген еңбек ардагері Ғазиз Займолда да бар. Ол лебізін төмендегідей жеткізді:

— Кезінде Астана қаласын ресми түрде еліміздің астанасы деп жариялаған салтанатты рәсімге қатысқандардың бірімін. Сол кездегі мерекелік шара әлі күнге есімде. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Міне, сол уақыттан бері Елорданың даңқы күннен-күнге тек артып жатыр. Астана дамуы жағынан әлем бойынша алдыңғы шепте келеді деп толық сеніммен айтуға болады.

Ал I сайланымдағы Сенат депутаты Ислам Медеубаев: «Астананың жыл өткен сайын көркейіп келе жатқаны — біз үшін үлкен мақтаныш. Тілегіміз сол, еліміз тек алға өрлей берсін! Осындай бейбіт өмірде тату-тәтті өмір сүре берейік», — деп ізгі тілегін білдірді.

Еңбек ардагері Кеңес Бірманов та мерекелік медальге ие болғандардың бірі. Ақсақал 20 жылдығын тойлап жатқан Елордамыз туралы:

— Астана қаласы осы 20 жылда адам танымастай өзгерді. Оның тойы бәрімізге де ортақ қуаныш. Өйткені Астанамыз қазіргі таңда бүкіл жер-жүзіне белгілі қалаға айналды. Бұл ретте осындай мерекелік медальге лайық деп танығанына ризамын, — деді.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында облыс басшысы Елорданың 20 жылдығына орайластырылған «Әнім сенсің — Астана!» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Олардың қатарында Талант Арғынғали, Дулат Айтжанов, Нұрталап Жүсіпов пен Орал Байсеңгір бар.

Мерекелік бағдарлама өнерпаздардың дайындаған концертіне ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button