Мереке

Тойға тартулар

Астананың 20 жылдығына орай Қандыағаш қаласында екі тұрғын үй пайдалануға берілді және  екі спорт кешені, «Бақытты бала» саябағы, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен  Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылды. Сондай-ақ 20 бала сауықтыру лагеріне жолдама алды.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған осы шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Облыс әкімі бастаған топ алдымен  Жамбыл Жабаев көшесіндегі жаңадан салынған «Бақытты бала» саябағының ашылуына қатысты. Құны 17 миллион 777 мың теңге тұратын саябақта балалар үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы ойын алаңдары мен  ересектер үшін шахмат алаңы жасақталған.  Саябақтың ортасына Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орнатылған. Құны 3 миллион 125  мың теңге тұратын ескерткіш саябаққа ерекше көрік беріп тұр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев саябақ алдына жиналған жұртшылықты Астананың жиырма жылдығымен құттықтады.

— Биыл Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Астананың жиырма жылдығы тойланады және Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осындай шараларға орайластырып биылғы жылды облыста Балалар жылы деп жарияладық. Себебі біздің болашағымыз — балаларда, еліміздің, ұлтымыздың дамуы кейінгі ұрпаққа байланысты. Ата-аналар балаларына қазіргі заманға сай білім мен тәрбие берсе, ертең олар елімізді  дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосады. Сондықтан барлық жақсылықты алдымен балаларға жасауымыз керек. Мұғалжар ауданына биыл  бірнеше рет келдім. Елбасының тапсырмалары ауданда орындалып жатыр. Ғимараттар салынып, алаңдар ашылуда. Осының барлығы ел экономикасының дамуын көрсетеді, — деді облыс әкімі.

Саябақтың лентасын Ұлы Отан соғысының ардагерлері 101 жастағы Артем Проскурня мен 95 жастағы Қазтай Тыныштықов қиды. Облыс әкімі саябақты аралап көрді. Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің алдында 20 балаға «Энергетик» сауықтыру лагеріне сертификат берді. Осыдан кейін С.Сейфуллин көшесіндегі спорт алаңының ашылуына барды. Алаңның құрылысын «ТехГазМонтаж» серіктестігі  былтыр қазан айында бастапты. Бұл жерде жастардың спортпен шұғылдануы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұғалжар ауданының құрметті азаматтары Кеңес Бірманов пен Сапар Сағынтайұлы жиналған жастар мен қала тұрғындарын алаңның ашылуымен құттықтап, оны күтіп ұстауды тапсырды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қол добы бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен Қандыағаш, Ембі қалаларындағы «Ақтөбе» футбол клубы филиалының спортшыларына арнайы спорттық киім сыйлады. Жастарды спортпен шұғылдануға шақырып, жарыстарда тек жеңіске жетулеріне тілектестігін білдірді. Бұл күні Қандыағаш қаласында осындай тағы екі спорт алаңы ашылды.

Облыс әкімі бастаған топ аудан орталығындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне барды. Аталған кабинет 2007 жылдан бері №4 қазақ орта мектебінің бірінші қабатын жалға алып келген. Алғашқыда 7 балаға лайықталып жасалса, қазір 98 бала бар. Алдағы оқу жылында 25 бала келеді. Жалпы жыл сайын кабинеттің көмегін қажет ететін балалар көбейіп барады. Жарық, Ақкемер, Сағашилі, Тәжірибе, Жұрын селолық округтерінен келетін балалар бар. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 45 бала бар.  Негізінен психологиялық дамуы тежелген балалар ем алады. Талап бойынша әр маманның жеке бөлмесі болуы керек. Сондықтан биыл екі қабатты ғимаратты әкімдік сатып алып берген. Ғимараттың лентасын қиған облыс басшысы, бұндағы мамандармен тілдесті.

Мерекеге орай аудан орталығында алпыс пәтерлі екі тұрғын үй іске қосылды. «Достық» шағын ауданындағы бес қабатты үйдің ашылуына қатысқан Бердібек Сапарбаев пәтерлі болған тұрғындарды құттықтады. Жыл басынан бері Қандыағашта  300-ден аса адам баспаналы болған. Облыс басшысы аудан әкімдігі мен кәсіпкер жігіттерге алғысын айтты. Тұрғындарға пәтер кілтін табыстады. Жаңа үйдің ішін аралап көрді. Он үш жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Аманбике Оразханованың үйіне барды. Аманбике ата-анасыз үш баланы қамқорлығына алыпты. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған отбасы енді жаңа әрі кең бөлмелері бар үйде тұрады. Облыс басшысы отбасына тоңазытқыш сыйлады. Сондай-ақ Жұмагүл Жұмабаеваның үйіне барып, дастарқанынан дәм татты. Жұмагүл он бес жылдан бері пәтердің кезегінде тұрған. Үш баласы бар ана, жаңа баспанаға қол жеткізгеніне қуанышты екенін айтып, облыс, аудан басшыларына алғысын білдірді.

Сондай-ақ бұл күні «Жастық» шағын ауданында осындай 5 қабатты тұрғын үй іске қосылды.

Облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, Мұғалжар ауданының 20 жылдығы және Қандыағаш қаласының 50 жылдығына арналып шығарылған «Мұғалжар — туған байтағым» мерейтойлық кітабының тұсаукесеріне қатысты.

Облыс басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде Мұғалжар ауданында жасалып жатқан шаруаларға оң бағасын берді.

Қандыағаш — тоғыз жолдың торабындағы қала. Бұл жерде әлі де қыруар жұмыс атқарылады. Ауданда  екі үлкен зауыт бар. Оның бірі — Жаңажолдағы газ өңдейтін зауыт. Жылына 160 мегаватт электр энергиясын өндіреді. Біз соны пайдалануымыз керек. Ақтөбеге қарай ірі электр жүйесін салғымыз келеді. Сонымен қатар құны 145 миллиард теңге тұратын Алтынды ауылында алтын өңдейтін зауыттың және  Байғанин ауданында құны 21 миллиард теңге тұратын газ өңдейтін зауыттың құрылысы басталады, — деді облыс әкімі.

Жиын соңында  ауыл ақсақалдары сөз алып, облыс басшысына алғысын айтты. Кеңес Бірманов пен Сапар Сағынтайұлы «Мұғалжар — туған байтағым» кітабының тұсауын кесті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button