Мереке

Президентпен 22 рет кездескен…

ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен 22 рет кездескенін айтады. «9 рет суретке түсіп, Елбасының алдында 3 рет сөз сөйледім», — дейді. Сонымен бірге Президент сайлауы кезінде Н.Назарбаевтың Ақтөбе облысындағы сенімді өкілі ретінде үш рет жауапкершілікпен қызмет атқарған. «Бұл менің өмірімдегі жарқын сәттер», — дейді сұхбаттасымыз. Астананың 20 жылдығы жәнеҚР Тұңғыш Президенті  Н.Назарбаевтың туған күні қарсаңында К.Еспағамбетовпен сөйлескен едік…

— Астана күні мен Мемлекет басшысының туған күнінің қатар келуі — еліміздің әлем алдындағы атақ-абыройы үшін қажет нәрсе деп есептеймін. Себебі Астана Нұрсұлтан Назарбаевтың ең ірі ғажап жобасы, сондықтан Астана мен Назарбаев ұғымы қатар айтылуы тиіс. Тәуелсіз ел тарихы үшін Астананың орны бөлек. 1998 жылы елдің ордасын Алматыдан Астанаға көшіру Назарбаев бастаған қазақ халқының үлкен күші мен қуатының, ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасы деп білемін. Әрине, Алматының да орны бөлек. Ол қашанда шығармашылық интеллигенцияның, білім мен ғылымның орталығы болады, оған қоса қаржы орталығы ретінде дамып келеді. Ал Астанамыз — тұтас еліміздің тарихи тағдыры айқындалатын ұлттың ұстыны, қазақтың темірқазығы, кейінгі буынға аманат етіп қалдыратын бойтұмарымыз.

Мен Ақмола облысының орталығы Целиноград қаласы кезінде жұмыс сапарымен бірнеше рет бардым. Ол кезде Есілдің бойындағы 200 мыңнан астам халқы бар шағын ғана ауыл секілді еді. Ал бүгінде Астанада 1 миллион 41 мыңнан астам халық тұрады. Елордамыз екі миллиондық қалаға бетбұрыс жасап жатыр. Бұл істің басы-қасында, әрине, Елбасы тұрғаны айқын. Сондықтан бұл ұлы жобаның осылайша сәтті жүзеге асып келе жатқанын Нұрсұлтан Назарбаевтың батырлығы мен батылдығы деп есептеймін. Сарыарқаның төсіндегі, сары желдің өтіндегі аяулы Астанамыз бүгінде ірі саяси, экономикалық орталыққа айналды. Елімізді дүниежүзіндегі 150-ден астам мемлекет мойындады.

Мемлекет басшысының саясатын әрдайым қолдап, осы бағытта талай жылдардан бері қызмет етіп жүрмін. Жақында санап көргем, Елбасымен бұған дейін 22 рет кездесіппін. 9 рет суретке түсіп, Президент алдында үш рет сөз сөйледім. Мұның барлығын мен өз ғұмырыма берілген ең әдемі естеліктер деп білемін. Мұны ешқашан ұмытпаймын және өз ұрпағыма айтып отырамын. Суреттерді балаларыма таратып бердім.Себебі ол жай ғана Президент емес, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті!

Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы ең бір ерекше қасиеті оның қарапайымдылығында. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол іссапарларында еңбекшілермен, шаруалармен кездескен кезде олардың тыныс-тіршілігіне қатты мән бере сөйлейді, сол ортада өскендіктен олардың жағдайын жақсы түсінеді. Адамдармен емен-жарқын әңгімелесіп, дастарқандағы тамақтан ауыз тиіп, күнде көріп жүргендей әсер қалдырады. Бұл — кез келген қоғам қайраткерінің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Мұны балаларыма да айтып отырамын. Елбасының өмірі туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін немерелеріме жиі көрсетемін. Осы фильмнің Елбасы қатысқан бірінші көрсетіліміне  мен де бардым. Сонда мен тоғызыншы, Елбасы он бірінші қатарда отырды. Фильмді көріп отырғанда оның қобалжуын сезіп отырдым. Ұрпаққа берер тәрбиесі мол фильм деп есептеймін осы туындыны. Елбасы өз сөзінде Шарль де Голль, Вашингтон, Индира Ганди секілді мемлекет басқарған ірі қайраткерлердің өмірі туралы жиі оқитынын айтады. Жылдар өтіп, тарих алмасқанда біздің кейінгі буын ұрпақтар да Елбасы туралы шығармаларды жата-жастанып оқитын болады.

Мен «Нұр Отан» партиясының Ақтөбедегі басшылығы қызметінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Ақтөбеге келген сапарларының бірінде Елбасы «Нұр Отан» партиясы ғимаратына келді. Ғимаратты аралап жүргенінде менің бөлмеме бас сұқты. Сонда: «Келдібай, сен менің идеяларымды қолдап, соны түсіндіру барысында халықпен жұмыс істеп, көң еңбектеніп жүрсің. Саған көп рақмет. Партияны ұстап тұру оңай емес, сондықтан оны қолдаңдар», — деп, сол кездегі облыс басшысына, «Нұр Отан» партиясының басшылығына тапсырма берді. Мұны мен Елбасының маған берген батасы деп түсіндім. Қызметімді жауапкершілікпен атқардым. Президент сайлаулары барысында үш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі болдым. Елбасы сайлауларда әрдайым халықтың қолдауына, сеніміне ие болып келе жатыр. Ақтөбеге келген сайын жігерленіп, қуанып кетеді. Облыстағы оңды істерге талай рет жоғары бағасын берді. Елбасының «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен Ақтөбе!» деуінің өзі біздің облысқа берген жоғары бағасы деп білемін.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button