Мереке

Байқау жеңімпаздары — Астана құрдастары

Астана қаласының 20 жылдығына орай «Ақтөбе медиа» ЖШС ұйымдастырған Елорда құрдастарының арасындағы «Астана — арман қала» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Аталған байқау қаңтар айында «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде жарық көрді. Жыл басындағы газеттің алғашқы нөмірінен бастап маусым айына дейін байқаудың ережесі жиі жарияланды. Талап бойынша байқауға Астананың құрдастары, яғни жиырмаға толған облыс жастары қатысты. Оның ішінде ауданда тұратын жастар да бар.

Үміткерлер  Астана қаласымен байланыстырып жазылған шығармасын жолдады. Жалпы байқаудың мақсаты —  жастардың Астана қаласының тарихы мен қалыптасуына деген қызығушылығын туғызу, патриоттық сезімдерін ояту, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту.

Байқауға түскен шығармаларды қазылар алқасы анықтады. «Ақтөбе медиа» ЖШС  ғимаратында жеңімпаз жастар марапатталды. Серіктестік директоры Раукен Отыншин жастарды құттықтады.

 Шын мәнінде Астана — арманы асқақ, мақсаты биік жастардың қаласы. Кез келген жас Астана қаласын көріп, сол жерде тұруды армандайды. Байқаудың да мақсаты осындай  жастарды жинап, олардың қиялына еркіндік беру болатын. Байқауға шығармалар көп түсті. Оның ішінен үздік деген үш шығарманы таңдап алдық. Жеңімпаздардың бәрінде терең ой бар, олар Астананы мақтан етеді, — деді Раукен Отыншин. Сондай-ақ Елорданың жиырма жылдығына байланысты шаралар осымен тоқталып қалмайтынын жылдың соңына дейін жалғаса беретінін айтты.

Байқаудың жеңімпаздары арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды. Олар —  М Бөкенбаев атындағы заң институтының  курсанты Айдар  Сырлыбаев, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің студенті Гүлсезім Байшолақова, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Жалғас Жайлаубай. «Арман қала — Астана» атты шығарма жазған Жалғас Жайлау қуанышын бөлісті.

—  «Ақтөбе» газетінде Астана құрдастарының арасында байқау жарияланғанын газеттен оқыдым. Бағымды сынап көрейін деп шығарма жазып, редакцияның поштасына жолдадым. Жеңімпаздардың қатарында екенімді естігенді қуанып кеттім. Бір қызығы, өзім Астана қаласына әлі бармадым. Елордаға барып, әсем ғимараттары мен көрікті жерлерін тамашалағым келеді. Алдағы уақытта міндетті түрде барамын.

Байқауды  ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бұндай марапат біздің шығармашылығымызды әрі қарай арттыра  түседі, —  деді Жалғас Жайлаубай.

Шараның соңында жеңімпаз жастар естелік суретке түсті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button