Мереке

Астана ауданы сәулеттік келбетімен ерекшеленеді

Ақтөбе қаласында екі бірдей жаңа аудан — Астана мен Алматы аудандары құрылғаны белгілі. Астана ауданындағы халық саны — 262,2 мың адам. Жалпы жер көлемі — 0,9 мың шаршы шақырым.

Астана ауданы өзінің сәулеттік келбетімен, әсем де еңселі жаңа ғимараттарымен ерекшеленеді. Соңғы уақытта бой көтерген Өнер орталығы, Неке сарайы, Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы секілді көптеген жаңа әлеуметтік нысандар осы ауданның аумағында орналасқан. Біз Астана ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Даринмен жаңа ауданның тыныс-тірлігі туралы сөйлескен едік.

  • Астана мен Алматы аудандарының шекаралары Ақтөбе қаласының көшелері арқылы өтетін теміржолмен белгіленді. Яғни теміржолдың бір бөлігі Астана ауданы болса, қарсы беті Алматы ауданының аумағы. Бұрынғы Қарғалы, Благодар, Қурайлы селолық округтері мен ескі қала, Құрмыш, Сүт зауыты шағын аудандары Алматы аудандарына тиесілі. Ал бұрынғы Новый, Сазды селолық округтері және 5, 8, 11, 12-шағын аудандар, Батыс-2, Болашақ, Тұрғындар қалашығы, Мәскеу, тағы басқа да шағын аудандар Астана ауданына қарайды, — дейді Астана ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақұзақ Дарин.

Астана ауданы несімен ерекшеленеді? Бұл туралы Бақұзақ Дарин былай дейді:

  • Біздің ауданда заман талабына сай еңсе тіктеген ғимараттар, көп қабатты тұрғын үйлер көп. Әлеуметтік мекемелердің басым бөлігі де осы Астана ауданының аумағында орналасқан. Мысалы, 40 мектеп, 80-нен астам балабақша бар.  Сондай-ақ, 32 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 8 аурухана, 9 емхана бар. Спорт нысандарының саны — 11. Сонымен қатар 15 мәдени-демалыс нысандары орналасқан. Қаланың ажарын аша түсетін, көркіне көрік қосатын саябақтар да осы Астананың аумағында шоғырланған. 22 саябақ бар. Өндіріс орындары, өнеркәсіп мекемелері де жетерлік.  Қала бойынша 31 басқарушы компания бар. Соның 19-ы — біздің ауданға тиесілі. Мұның өзінен-ақ көп нәрсені түсінуге болады. Шаһар батыс бөлікке қарай өсіп келе жатыр. Қаланың бас жоспарына сәйкес, Астана ауданының аумағында жақын болашақта 40 қабатты зәулім үйлер бой тіктейтін болады, — дейді Бақұзақ Үсенұлы.

Дегенмен, Астана ауданының жер көлемі Алматы ауданының жер көлемімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Алматы ауданының жер көлемі 2,5 есеге жуық артық. Өйткені аталған ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер көп. Мысалы, бір ғана Благодар селолық округінің жер көлемі 105 мың гектарға жуық. Ал Астана ауданының жер көлемі — 90 мың гектар.

  • Негізінен штат бойынша 36 адам жұмыс жасау керек. Қазір 28 маман еңбек етіп жатыр. 6 бөлім бар.

Маусым айының басында Сәңкібай батыр даңғылының бойында  орналасқан еңселі екі қабатты ғимаратқа орналастық. Қазір мамандарымыз өз істеріне қызу кірісіп кетті. 21-23 маусымда «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шараларын ұйымдастырдық. Ұлттық бірыңғай тестілеу алдында мектеп басшыларымен жиын өткіздік. Біздің ауданның аумағында 25 базар, 28 сауда үйі бар. Қалалық кәсіпкерлікті дамыту бөлімімен бірлесіп, 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргіздік.

Көмекке мұқтаж тұрғындар да назардан тыс қалған жоқ. Жалғызбасты қарттарға (362 адам) 40 әлеуметтік қызметкер,  мүмкіндігі шектеулі балаларға (91 бала) 17 қызметкер қызмет көрсетуде. Айта кету керек, біздің аудандағы 17 ауыл шаруашылығы құрылымы 9 936 гектарға дақылдар екті, — дейді Бақұзақ Дарин.

Ол өз сөзінде Астана ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері Ақтөбенің дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

ҚОБДА

АСТАНА КӨШЕСІНЕ 20 ЖЫЛ

Бұдан тура 20 жыл бұрын Қобданың орталығындағы Ленин көшесіне Астана атауы берілді. Аудандық әкімдік, Мәңгілік ел саябағы, балабақшалар, бірнеше сауда орталығы орналасқан Астана көшесі Қобдадағы басты көше саналады. Осы көше арқылы Самара-Шымкент тасжолы өтіп жатыр.

Жарық, Жарсай, Терісаққан ауылдарында да Астана көшелері бар.

Қобдалықтар еңселі Елордамызға жиі қыдырып барады. Астананы мақтан тұтады.

ТЕМІР

 ЗӘУЛІМ МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық ауылында жыл өткен сайын көркейіп, көріктеніп, гүлденіп келе жатқан Қызылжар деген шағын аудан бар. Осы шағын аудандағы орталық көшелердің бірі — Астана. Аталған көшеге Астана атауы бұдан тура он жыл бұрын еңселі Елордамыздың 10 жылдық мерейтойы кезінде берілген  болатын. Қазір мұнда бой көтерген жаңа тұрғын үйлер көп. Мемлекеттік қызметкерлер тұратын коммуналдық үйлер де осы көшеде бой тіктеді. Бұл көшеде құрылыстар әлі де жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде мұнда 60 орындық интернаты бар 320 орындық мектептің құрылысы басталды. Үш қабатты зәулім ғимаратта жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Жаңа білім шаңырағын келесі жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

ЫРҒЫЗ

ЫРҒЫЗДА АСТАНА КӨШЕСІ БАР

Елордамыз Астана болғалы қарапайым халықтың осынау жас қалаға, жаңа қалаға деген ықыласы мен махаббаты күн санап өсіп келеді. Кеуделерді мақтаныш сезімі кернейді. Жер-жерлерде Астана атындағы көшелер мен саябақтар, басқа да белгілі құрылыстар саны көп.

Ырғыздың оңтүстік-батыс бетіндегі 2011 жылы салынған үлкен де кең көшеге Астана атауы берілді. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы көшемен қиылысатын Астана көшесі ел Тәуелсіздігінің, жаңа Астананың символындай.

Астана көшесінің тағы бір ерекшелігі — бұл көшенің тұрғындарының дені — мемлекеттік қызметкерлер. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған кең де  еңселі үйлердің тұрғындары өз көшелерін мақтаныш тұтады.

Әрине, әзірге бұл көшеде халық қажетін өтейтін дүкен, дәріхана, т.б. орындар жоқ. Алайда оған  көше тұрғындары аса қынжыла қоймайды. Жылма-жыл қарқынды салынып жатқан құрылыс Ырғызды орап барады, Астана көшесіне жол салынса, бәрі де уақытымен болатынына сенімді.

Ш.НҰР,

Ырғыз ауданы.

ҚАРҒАЛЫ

ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Астана көшесі Қарғалының орталығы — Бадамша ауылында да бар. Бұрын Дзержинский аталған бұл көшеге 2012 жылдан бері Астана атауы берілді. Аудан орталығында еңсе көтерген коммуналдық тұрғын үйлердің барлығы осы көшеде орналасқан.

Көшенің жалпы ұзындығы — 937,17 метр. Мұндағы көше жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жол құрылысына қаражат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бөлінеді.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button