Білім

Ауыл жастары — ізгі жолда

Ауыл. Ауыл ажары. Ауыл — азаматтың дүниенің кең есігін ашып, өмірге келген, бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндік қаны тамып, маңдай тері төгілген киелі мекені.

Аттың жалында, түйенің қомында көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені ауыл екені анық. Ауыл — ұлтымыздың ұйтқысы.

Елбасы: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз», — деген болатын. Осы қанатты сөз қағидаға айналды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ауыл, қала жастарына сенім артып, ауқымды жұмыс көлемін белгілеуі және бұл жұмыстарды тиянақты атқару үшін жағдай туғызуы біз сияқты жалынды жастарға серпін берді.

Ауыл әкімі, мектеп басшылығы, ата-аналар мен оқушылар, жалпы тұрғындар бас қосқан жиналыста «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафонына сәйкес жұмыс жоспары жасалды. Жиналыс соңында «Ауыл жастары — ізгі жолда» атты қаулы қабылдап, жұмысты бастап кеттік. Ауыл көшелері, жол жағалаулары, екпе орман аумағы, Қауылжыр өзенінің жағалаулары, сай-салалар, қыстақтарға баратын жолдар тазартылады. Әкімшілік ғимараты, мектеп, балабақша жандарына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш, ауыл стеласы алаңдарына ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар, спорт қондырғыларын, жазғы спорт алаңын жасауды, стадионды жөндеуді мойнымызға алдық.

Кәдімгідей түп-түзу көшелері бар ауылымызды біз шексіз сүйеміз. Ауылдың гүлденуі әрбір жастың санасы мен сезіміне, рухы мен өрлігіне, білімі мен біліктілігіне, ынтымағы мен бірлігіне байланысты.

Мемлекетіміздің қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен батырлары — бәрі-бәрі ауылдан шыққан. Олар ауылын сүю арқылы елін сүйген. Біз, бүгінгі ауыл жастары, бабалар, аталар мен ағалар жолын жалғастыратын боламыз.

Мөңке би бабамыз:

Ораздының баласы

Он бесінде бас болар.

Бастығының белгісі —

Қолабалы қол келсе,

Келте қару ту келсе,

Ел шетіне жау келсе,

Қолға алғаны тас болар,

Қайда мәртпен дос болар, — деген екен. Ауылымыз Мөңке би, мектебіміз Мұхамбетқазы Тәжин есімдерін иеленгендіктен, біз бабалар ісіне лайық болуға тиістіміз деп есептейміз.

Ауылдың жұпар ауасын жұтып, қазақи тәрбиемен, ұлттық намыспен өсіп келе жатқан біздер ауылымызды еліміздің бір бөлшегі деп бағалап, үлкен патриоттық сезімде түсінеміз.

Көркем Сүндетбаева,

М.Тәжин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы.

Мөңке би ауылы,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button