Әлеумет

Төлеген ТАҢАТАРОВ: Көпір салуды игілікті іс деп білемін

Еліміздің бас шаһары, халықтың жүрегі саналған мақтанышымыз — Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында республикамыздың батыс қақпасында орналасқан Ақтөбе қаласында табысты жұмыс істеп тұрған ірі құрылыс компанияларының бірі «TransMostGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен кеңінен танысу мақсатында компанияның бірінші басшысы Төлеген Шәріпұлы Таңатаровпен әңгімелестік…

— Әңгімеміздің басын өзіңіз басқарып отырған компанияның қазіргі жағдайымен танысудан бастасақ. Әуелі компанияның тарихына үңіліп көрсек дейміз.

— «TransMostGroup» ЖШС негізінде тәуелсіздік алған жылдардан бастап пайда болған кәсіпорын болғанымен, бұл компанияның тарихы өте тереңде жатыр. Бұл кәсіпорын әуелде 1953 жылы «Элеватормельстрой» болып ашылған. Кәсіпорынның негізгі қызметі Қазақстанның батыс өңіріндегі, атап өтер болсақ, Ақтөбе мен Орал облысының аумағындағы астық өнімдерін сақтау және өңдеу жұмыстарын қамтамасыз ететін элеваторлар мен астық сақтау қоймаларын салу болды. Менің өзім бұл мекемеге 1984 жылдан бастап бірінші басшы болып келемін. Өзгесін айтпағанның өзінде, менің басшылығыммен КСРО ыдырағанға дейінгі соңғы он жылдықта Жаңа Әлжан, Қаратоғай, Союзный, Ақкемер, Ақырап, Қобда секілді елді мекендердің элеваторлары салынды. Жаңа Әлжанның элеваторын ұн тартатын диірменімен қосып салдық. Одан бөлек, құрылысы жүргізілген астық сақтайтын қоймалардың санында шек жоқ. Шамамен, 1 200 000 (бір миллион екі жүз мың) тоннаға дейін астық сыятындай көлемде қоймалар салынғандығына сенімдімін. Ол кезде жұмыстың барлығы да жоспармен жүргізілді. Мына біздің іргемізде орналасқан бүгінде «Рамазан» ЖШС деп аталатын мекеменің де алып элеваторын осы кәсіпорынның құрылысшылары салды. Ол кезде кәсіпорында 700-800 адамға дейін құрылысшы мамандар еңбек етті.

— Енді, бұл мекеме «ТрансМостГрупп» ЖШС деп аталады. Жұмыс бағыты да өзге. Себебін түсіндіріп берсеңіз.

— Аталмыш кәсіпорын ескі атаумен кеңес дәуірі аяқталғаннан кейін де шамамен екі жылдай жұмыс істеп келді. Бұл мекеме элеватордан бөлек басқа да құрылыстарды салды. Мәселен, аурухана, мектеп дегендей. Бірақ 1993 жылдан бастап кәсіпорын өзінің заңдық күшін жойып, жұмысын толық тоқтатқан соң кәсіпорын жекешеленді. Әрі қарай «әркім өз күнін өзі көруі керек» деген жекешелендірудің қатаң заңдарымен бетпе-бет өмір сүруге тура келді. Бірде жұмыс бар, бірде жұмыс жоқ. Жалпы, біздің мекеменің бастапқы кезде де, қазірде де тыныс-тіршілігі толықтай үкіметтің тарапынан ұсынылатын құрылыс нысандарына өткізілетін байқаудың қорытындысына тікелей тәуелді. Яғни байқауға қатысып, тендерден ұтып алсақ, жұмыс бар, ал керісінше ұтылып қалсақ жұмыс жоқ деген сөз. Осылайша, тәуелсіздік алған бастапқы жылдарда қиындықты бастан өткеріп, қара халықты жұмыспен қамтып, игілікке қол жеткізудің мүмкіндіктерін жасап, күндіз-түні демалыссыз еңбектенуге тура келді.

Былайша айтқанда, тәуелсіздік алған жылдардан кейін де өзім қатарлас азаматтардың маңдайына бел шешпей жұмыс істеу тағдыры жазылған деуге болады.

Бүгінде сол жылдардың ауыртпалығының қайтарымы іспеттес Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 10 жыл толуы қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталдым. Мұның өзі де менің адал еңбегімнің бағаланғаны деп түсінемін. 1993 жылдан бастап 2000 жылдарға дейін тек әлеуметтік-мәдени салалардағы құрылыстарды жүргізіп келдік. Содан кейін 2000 жылдары қаламызда көпір салу жұмыстарын қолға алу туралы мәселелер көтерілді. Сосын біздің мекеме заманның ағымына қарай көпір салатын мекеме болып бейімделді. Аты да сосын өзгертіліп 2001 жылдан бастап «TransMostGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып аталды. Қазір компаниямыздың жаңа атауы республикамызға түгелдей таныс деуге толық негіз бар. 2009 жылы «TransMostGroup» ЖШС «Парыз – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жөніндегі конкурсқа белсене қатысып, орта кәсіпкерлік саласындағы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша алтын жүлдегер атанды.

— Жаңа компанияның құрылған сәтінен бастап қазіргі күнге дейінгі салған көпірлері қаншалықты өміршеңдігімен құнды?

— Біздің компания ең алғаш рет көпір салу жұмысын Ақтөбе қаласының Қарғалы өзенінің бойынан бастады, нақтырақ айтсақ, Ақжар-1 ауылынан Қарғалы ауылына қарай өтетін тасжолды жалғап тұрған көпірдің құрылысын біз жүргіздік. Құрылыстың салыну ұзақтығы он сегіз ай деп белгіленгенімен, біз оны жеделдетілген қарқынмен алты айда салып бітіріп, пайдалануға бердік. Оны қала халқы көп біле бермеуі мүмкін, алайда сол өңірдегі тұрғындар «Танатаровский мост» деп атайтынын бірнеше мәрте естігенмін. Іштей риза боламын. Жалпы, көпір салу қиындығы көп жұмыс болғанымен, сауабы да мол игілікті іс қой. Қолға алған құрылысты аяқтап, көпірді халықтың игілігіне пайдалануға өткізген кездегі өзіңе деген ризалық сезімді айтып жеткізу өте қиын. Іштей масаттанып, құрылыстың басынан бастап шаршаған бейнетіңнің бәрін ұмытып, халықтың ілтипаты мен қошеметіне бөленгендегі бақытты сезінудің өзі бір ғанибет құбылыс. Біздің ізіміз суымайды деп ойлаймын. Ойша санамалап отырсам, біздің компания сол кезден бастап күні бүгінге дейін ірілі-ұсақты елуге тарта көпірдің жұмысын жүргізген екен. Темір өзенінің бойындағы бүкіл көпірлерді, Жаңажол, Кеңқияқ елді мекендерінің айналасындағы жолдардың барлық көпірін біздің компания салды. Ақтөбенің Хромтау тасжолына қарай шығатын бағытындағы Елек өзенінің бойындағы көпірді салған кезде құмның арасынан тарихи жәдігер — кеменің зәкірі табылып, оны музейге өткіздік. Айта берсек, көп-ақ.

Іргелес жатқан көрші облыстарға да барып көпір салу жұмыстарымен айналысуға тура келді. Әйтеуір, компанияны ыдыратпай, осы кезге дейін аман сақтап келеміз ғой. Осының барлығы да ұжымның ауызбіршілігінің арқасы.

— Компания толық қуатында жұмыс істеп тұр ма, қазір қандай құрылыс нысандарын салып жатырсыздар?

— Иә, шүкір, жұмысымыз жақсы жүріп жатыр деуге болады. Қазір мекемеде 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Соңғы үш жылдың көлемі компания үшін табысты кезең болып саналады. Яғни 2015 жылы Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып келгелі көп жағдайлар өзгерді. Қаламыз айтарлықтай өсіп келеді. Әрине, өкінішке қарай көңілімізді күпті ететін жағдайлар да жоқ емес, әсіресе, қаланың ортасында жолдың сапасы мен тазалығы көңілге кірбің ұялатып тұр. Бірақ бұл қала әкімшілігінің атқаруға тиіс шаруалары ғой.

Менің өзім осы кәсіпкерлік саласында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман ретінде айтар болсам, Бердібек Сапарбаевтың еңбекқорлығына көзім жетті. Әсіресе, халықтың ортақ пайдаланатын әлеуметтік-мәдени нысандарын салу жұмыстарына айрықша мән берілуде.

Қазір осы соңғы үш жылдың көлемінде қаншама коммерциялық емес зәулім сарайлар тұрғызылып тасталды. Бұрын қаламызда 400-500 адам сыятын мәдениет орындары болмады. Қазір қаланың орталығынан жер бөліп, Өнер орталығы, Неке сарайы, Шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі», «Мұз айдыны», «Жекпе-жек», «Музей», тағы сол секілді жалпы халықтың, ұлттың пайдасына септігін тигізетін ғимараттар көз алдымызда бой көтерді. Жаңадан шағын аудандар пайда болды.

Облыс басшысы ауылдық жерлерге көп барады, шалғайдағы елді мекендерді аралап, халыққа рух берді, тұрғындардың билікке деген сенімін күшейтті. Ауыл-аймақтағы мектептер мен ауруханалардың жағдайымен танысып, жолдарының сапасын өз көзімен көрді.

Қаланың бос тұрған аумақтарының барлығы қазір адамдар демалатын саябақтарға, скверлерге айналды. Қаланың инфрақұрылымы да дамып жатыр. Талай рет мәселе болып көтеріліп, бірақ қолға алынбаған облыстық, аудандық маңызға ие жолдар да шешімін біртіндеп тауып жатыр. Біздің қазіргі салып жатқан көпір құрылыстарымыз да облыс әкімінің тікелей басшылығымен қолға алынған шаруалар болып табылады. Бүгінде қаланың солтүстік-батыс аумағындағы Ресейге шығатын жолдар, яғни Орск тасжолы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал ферроқорытпа зауытының аумағындағы теміржол торабын кесіп өтетін жолдың үнемі әлсін-әлсін жабылуынан пайда болатын көліктер кептелісін болдырмау мақсатында өтпелі жол салынуда. Мұны да біздің компания жүзеге асырып жатыр. Негізінде, бұл құрылысқа байқау жарияланғанда 5 компания бәсекеге түскен. Екеуі – алматылықтар, екеуі – астаналықтар, сосын біреуі – біздерміз. Осылардың ішінен әлеуеті жоғарысы біздің компания деп танылып, конкурстан жеңімпаз атандық. Құрылысы өте күрделі. Бағасы 2 250 000 000 (екі миллиард екі жүз елу миллион) теңге. Уақыт межесі – 2 жыл (2017-2019).

Алайда бұл көпірді де мерзімінен бұрын аяқтап, пайдалануға беруді мақсат етіп қойып отырмыз. Бұйырса, осы күзде аяқтаймыз ба деген жоспар бар. Бұдан бөлек қаламыздың ортасынан ағып жатқан Сазды өзенінің бойынан да жаңадан көпір салып жатырмыз. Бірақ бұл көпірдің құрылысына жарияланған байқауға ешкім қатыспады, себебі пайдасы аз, ал жұмысы күрделі нысан еді. Бағасы 350 000 000 (үш жүз елу миллион) теңге. Сырттан ешкім қатыспағаннан кейін, намысқа тырысып, өз қаламыздың белді де беделді кәсіпорны деген атағымызға кір келмесін деп, бұл көпірдің де жауапкершілігін өз мойынымызға алдық. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Көпірдің металл құрастырмалы ерекшелігіне қарай Алматыдан арнайы мамандар шақырып, қызметіне жүгініп жатырмыз. Ал көпірді құрастыру жұмыстарын «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» АҚ жүзеге асыруда. Мақсатымыз өзіміздің өңірдегі азаматтарға жұмыс болсын дегендік. Бұйырса, бұл Ақтөбе өңірі бойынша металлоконструкциямен салынған ұзындығы 42 метр, ал жалпақтығы 24 метрден тұратын алғашқы автомобиль көлігіне арналған көпір болмақшы. Бұл құрылысты да алдағы қыркүйек айында аяқтағымыз келіп отыр.

— Бір сөзіңізде, Елек өзенінің бойындағы көпірден зәкір табылды деп айтып қалдыңыз. Жалпы, осы көпірдің құрылысына байланысты кеңірек тоқталып өтсеңіз екен.

— Ақтөбенің Елек өзенінен өтетін көпірдің маңыздылығы өте жоғары, себебі бұл жол еліміздің басты қалалары — Алматы мен Астанаға қарай шығатын жол болғандықтан көлік көп өтеді. Сондықтан бұл көпірді кеңейтіп, жаңарту жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе еді, бірақ бастапқыда кідірістер болды. Мен ол кезде мәслихат депутатымын, сессияларда айтып жүрдім. Содан көпірді кеңейтудің маңыздылығы дәлелденіп, 2008 жылы көктемде жұмысты қолға алдық. Ол уақытта Ақтөбеде көпір салатын бізден басқа компания болған жоқ, сөйтіп, біздер жеке дара көш бастап көпірді салуға кірістік.

Ақтөбе қаласында «Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы» өтуіне байланысты сол көпірді жеделдетіп төрт айдың ішінде салып бітіріп, іс-шараға бір апта уақыт қалғанда мемлекеттік комиссияның қабылдауынан өткіздім. Осылайша, менің компаниямның білікті мамандарының қажырлы еңбектерінің арқасында жоспарды толық орындап шықтым.

Сонда, осы жұмыстың басы-қасында жүріп, көзімен көрген «Стройдеталь» темірбетон зауытының директоры Анатолий Семенов: «Төлеген Шәріпұлы, егер сен осы көпірді өзің айтқандай уақытта салып үлгеретін болсаң, мен сені көрген жерден басымдағы бөркімді шешіп, иіліп тұрып сәлем беретін боламын» деген еді. Өзі менімен құрдас. Бүгінде сол кісіні көріп қалсам, «қанеки, менімен дұрыстап тұрып амандас» деп әзілдесіп аламыз.

Сол уақытта ғой Елек өзенінің сағасындағы топырақты қазып жатқанда кеменің зәкірін тапқанымыз. Бір емес, екеуін таптық. Бірін – облыстық өлкетану музейінің сақтау қорына бердік, ал екіншісін өзім ашқан «Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің» кіреберіс бөлмесіне көрмеге қойдық. Сол жерге барған адамдар зәкірді көріп тамашалауына болады. Бұл, міне, нағыз тарих!

— Биыл көктемде Қарғалы ауылдық округінің Песчанка өзеніндегі көпірдің құрылысына байланысты тұрғындар тарапынан қайта-қайта сын-пікірлер айтылып, интернеттегі әлеуметтік желіден сынға ұшырап жатыр. Бұл жөнінде не айтасыз? Бұл жағдай Сіздің компанияның беделіне көлеңкесін түсіреді деп ойламайсыз ба?

— Иә, сұрағың өте орынды. Бұл көпірдің құрылысына байланысты өзі бір қызық жағдай болып тұр. Негізінде, бұл көпірді салу еш жерде жоспарда болмаған. Естеріңізде болса, өткен жылы, яғни былтыр көктем мезгілінде қаланың шеткі аумағы мен саяжайлар тұтастай қызыл судың астында қалмады ма? Сонда қаланың ішіндегі сай-сала біткеннің барлығы қардың суымен толып, арнасынан асты ғой, сол кезде көптеген үйлер суға кетіп, қарапайым халық зардап шекті. Сонда мына Қарғалы ауылының ортасынан кесіп өтетін Песчанка өзені де суға толып, әлгі жолдың бойында тұрған ескі көпір сыр берді. Содан су тартылып, өзен-көлдер өз арнасына түсіп, жер құрғағаннан кейін оның салдарын жоюға жергілікті әкімшілік кірісті. Осы кезде, күз мезгілінде Төтенше жағдайлар министрлігінің игерілмей жатқан қаражаты есебінен 100 миллион теңгенің көлемінде қаражат бөліп, жеделдетілген түрде кішкентай көпірді күрделі жөндеуден өткізу керек болды.

Сөйтіп, біздің компания құрылыс жұмыстарын қараша айында бастап кетті. Мезгілдің қолайсыздығына қарамастан көпірді салуға кірістік. Құрылысшылар 350 текше бетонды қыстың қақаған 25-30 градус аязында қатырып алмай құйды. Ұзындығы 12 метрлік көпірдің орнына 18 метрден тұратын жаңа көпір тұрғыздық. Негізінде, көпірдің құрылысы шыдамдылығы жағынан ғасырға барады. Қазір бізде бұл көпірде болып тұрған проблема көпір мен қара жердің жалғасқан жеріндегі топырақтың ауа райының жылынуына байланысты шөгіп кете беруінде болып тұр. Жалғасқан аумақтағы топырақтың шөгуінен пайда болатын шұңқырдан көліктер өте алмай қалады. Бірақ біздің компанияның мойнына алған міндеттеме бойынша құрылыстың сапасына жауап береміз. Көпір қатаң бақылауда ұсталады. Кез келген қазылған топырақтың шөгуі де уақытымен тоқтайтын құбылыс. Менің тек қарапайым халықтан өтінерім, біздің жағдайымызды толықтай білмей жатып, орынсыз байбаламға бармаса екен. Біздің жұмысымызды кім сынаса да құрылыстан хабары бар саланың мамандары сынаса тіпті жақсы, себебі сын түзелмей мін түзелмейді. Әлеуметтік желіні ашып қалсақ, біздің жұмысымызға кейде орынсыз күйе жағылып жатады. Бұл — дұрыс емес жағдай. Біздің халықтың алдында арымыз таза. Оған осыған дейін салынып келген және халықтың игілігіндегі сан жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан көпірлеріміз куә бола алады.

— Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына айтар тілегіңіз бар шығар?!

— Әрине, Астананың 20 жылдық мерейтойы барша қазақстандықтардың мақтанышпен тойлайтын мемлекеттік маңызы бар үлкен мереке ғой. Мен барша қазақстандықтарды, оның ішінде өзімнің ақтөбелік жерлестерімді Астананың 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, халқымыз бай-қуатты өмір сүрсін! Жер бетінде қанша ұлт болса, соның барлығы бірдей тәуелсіздік бақытына ие бола бермеген, сондықтан біз қолда бар бақытымызды бастан ұшырып алмай, аялап ұстай білуіміз керек. Ауызбіршілік пен еңбекқорлық бар жерде алынбайтын асу жоқ. Түсінген адамға осыдан артық тілек жоқ шығар деп ойлаймын. Барлығымыз да аман болайық!

Әңгімелескен Серік ӘБДІЖӘМИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button