Мәдениет

«Даламыздың үнісің сен, домбыра!»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Ұлттық домбыра күні қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында белгіленіп отыр.

Домбыра десе, алдымен күй еске түседі. Күйді халқымыз өнердің бір тармағы ғана емес, бабалардың аманаты ретінде қабылдап, айрықша қастер тұтқан. Ұлттың дүниетанымы, қатпар-қатпар тарихы, қайрат-намысы, қуаныш-мұңы — бәрін-бәрін өзіне жиған күй арқылы домбыра үні Ұлы Даланың үніне айналды.

Біз күйші, қазанғаптанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жайлау Асылхановты әңгімеге тартқан едік.

— Домбыра әлеміне алғаш келген сәттеріңізді еске түсірсеңіз?

— Мен туған Доңызтау өңірінде қолына домбыра ұстамайтын адам сирек болатын. Біздің үйдің төрінде де, әрине, домбыра тұрушы еді. Құйттай күнімнен сол домбыраға қызыға қарап, арасында қолыма алып, шертіп-шертіп қоятынмын. 5-класқа барғанымызда, мектебімізге Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесін бітірген Бейбіт Қалышева келіп, домбыра үйірмесін ашты. Мен сол үйірмеге қатысып, домбыра тартуды алғаш Бейбіт апайымнан үйрендім. Үйірмеге барғаннан кейін, домбыраны күндіз-түні қолымнан тастамайтын болдым. Мектепте мұғалім болып істейтін анам Айман бұған қатты қуанды. Ол кезде ауылда әйел адамдар көпшілік алдына домбыра ұстап шыға бермейді, дегенмен, анам оңашада домбыра тартқанды ұнататын. Ол менің домбыраға үйір бола бастағанымды, домбыраға деген құштарлығымды құптап, «Тау ішінде» әнінің әуенін үйреткен еді. Ал үйірмеде алдымен тартып үйренген туындымыз — «Кеңес» күйі болды. Балалық шақтағы домбырамен алғаш қауышқан сәттердің естелігі осындай…

— Ақтөбе өңірінің күйшілік мектебі, ең алдымен, Қазанғап есімімен байланыстырылады. Қазанғап мұрасын бүгінге жеткізушілер, олардың ішінде өзіңіз көзін көрген домбырашылар жөнінде айтсаңыз? Сіз де Қазанғап мұрасын жаныңызға ерекше жақын тұтасыз…

— Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде Қазанғаптың Доңызтау өңіріндегі Төреш есімді күйшіні іздеп барып, бата алғанын жазады. Өзі батасын бергеннен кейін, Төреш Қазанғапқа Бесқала жағындағы Орынбай күйшіден де бата алуға кеңес береді. Ел ішінде аты белгілі, күй өнерінің шебері ретінде мойындалған тұлғалардың сынынан өтіп, батасын алғаннан кейін ғана жұрт алдына шығу — сол кездегі өнер адамдарына қойылған талап болса керек. Төреш күйшінің шәкірті болған Қазанғапты, оның мұрасын, ізбасарларын зерттеушілер еңбектерінен білеміз, ал, өкінішке қарай, Төреш пен оның арғы жағынан бізге жеткен деректер жоқтың қасы. Қазанғап ғұмыр кешкен Шалқар мен Доңызтау — бір-біріне жалғас, ауылы аралас, қойы қоралас өңірлер. Доңызтауда да Қазанғаптың шәкірттері көп болған, солардың бірі — Мәңке Дағарұлы. Оның мектебі: Мәңкеден Қонақбай, Қонақбайдан Тасыбай, Тасыбайдан Машалақ күйші болып жалғасқан. Тасыбай өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңына дейін өмір сүрген, ал «Машалақ күйші» атанып кеткен Нәжімеден Мәмбетәлин 2001 жылы Ақтөбе қаласында көз жұмды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазанғап дәстүрін жалғастырушылардың бірі — Бақыт Басығараевпен бірге кездесу-концерттерге қатысып, жұрт алдына шықты.

Зерттеуші-ғалым, профессор Тұман Мерғалиев өзінің «Домбыра сазы» атты кітабында Қадірәлі Ержанов пен Қонақбай, Тасыбайлардың арасындағы күй тартысы жайлы дерек қалдырған. Қадірәлі Ержанов осы тартыста Доңызтау жеріндегі бір байдың қартайғанда тоқалынан айырылып қалған оқиғасын сықақ етіп, «Қасқа-ау, ана жерде, қасқа-ау, мына жерде!» деген күй шығарады, сөйтіп, қарсылас жақты жеңіп кетеді. Сонда Қонақбай атамыз: «Қап, бір байдың кесірі бізге тиюін қарашы!» — деп өкінген екен.

Менің Қазанғап мұрасына ден қоюым, бір жағынан, Қонақбай, Тасыбай сынды дүлдүлдердің ізбасарлары — Машалақ күйші бастаған орындаушылардың ықпалы болса керек, өйткені кішкентайымнан солардың ортасында, «Домалатпай Ақжелең», «Көкіл» күйлерін құлағыма сіңіріп өстім. Екіншіден, консерваториядағы ұстазым Сәдуақас Балмағамбетов те Қазанғап күйлерін әрдайым ерекше бір тебіреніспен орындап, тыңдарманын сол күйлерге ғашық етпей қоймайтын. Оның орындауындағы Қазанғап күйлерін қайта-қайта тыңдай бергіміз келетін.

Зерттеушілер Қадірәлі Ержановты Қазанғаптың басты шәкірті ретінде таниды. Менің Қадірәлі Ержановтың шәкірттері — Бақыт Басығараев, Жұмабай Жансүгіровтерден үйренгенім көп. Бүгінде жасы 87-ге келген Жұмабай ағамен үзбей араласып тұрамыз, оны өзімнің рухани әкем сынды сезінемін.

— Қазанғап демекші, сізге оның өз домбырасымен күй тартудың да сәті түсіпті. Қатты толқыған боларсыз?

— Бұл — өткен жылдың соңында болған оқиға. «Алматы» телеарнасынан берілетін «Інжу-маржан» бағдарламасына шақырту алған едім. Бұл бағдарламаны дәстүрлі өнердің өкілі, Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің директоры Ұлжан Байбосынова жүргізетінін білесіздер. Аталмыш музейде Қазанғап бабамыздың домбырасы да сақтаулы тұр. 1978 жылы Шалқарға Бек Сүлейменов пен Мардан Байділдаев басқарған ғылыми экспедиция келіп, Қазанғап туралы деректер жинап, күйшінің шәкірті Қадірәлі Ержановтың шаңырағында сақталып қалған домбырасын Алматыға ала кетеді. Мардан Байділдаев домбыраны Сәдуақас Балмағамбетовке табыстаған екен. Ал кейіннен домбыра музейге тапсырылған. Ұлжан маған: «Сізді бұл домбыраны ұстауға лайық санаймыз» — деп ұсынғанда, толқып та кеттім, әрі қатты қуандым. Түсірілім соңында Ұлжан: «Қазанғап бабамыздың домбырасын қолға ұстаған күйшінің бәрі «сөйлете» алмайды, бұл домбыраның сондай қасиеті барын байқағанбыз. Домбыраның сізді «жатырқамағанына» біз де шын жүрегімізбен қуандық», — дегенде, расымды айтсам, тіпті қатты толқыдым…

— Бала күніңізден домбыраны серік етіп келесіз. Көпшілік арасынан күйге деген ерекше ықыласымен есіңізде қалған адам бар ма?

— 1995 жылы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры болып тағайындалған Владимир Фоменко күй өнеріне, соның ішінде Қазанғап шығармашылығына айрықша тәнті адамдардың бірі еді. Әсіресе, өзі басшылық еткен оқу орнының қабырғасында Қазанғап мұрасын насихаттауға күш салды, марқұм Бақыт Басығараев ағамызды, Машалақ күйшіні, басқа да домбырашыларды шақырып, түрлі шаралар ұйымдастыруға мұрындық болғанын әрдайым ризашылықпен еске аламын… Кейіннен ол кісі зейнеттік демалысқа шықты. Күнбе-күн кездеспеген соң, күйбең тірлік арасында үзбей хабарласып тұруға мүмкіндік бола бермейді. Владимир Никифоровичпен де біраз уақыт хабарласпай кеткен едік, бір күні түсіме енді. Сосын үйіне телефон соқтым. Іздеген адамым қатты науқастанып, ауруханада жатыр екен. «Оған халын сұрай барғым келеді, осы өтінішімді жеткізсеңіз?» — дедім зайыбына. Ол: «Домбырасын ала келсін» деді», — деген жауап әкелді. Домбырамды алып, ауруханаға бардым. «Күй тартшы», — деп өтінді. Қазанғаптың күйлерін бірінен соң бірін сұрап, 20-дан астам күй тартқызды. Көңілі көтеріліп, көздері жасаурап, зайыбы Наталья Александроваға: «Көрдің бе? Күй тыңдағаннан кейін, адамның өмір сүргісі келеді. Мен өлмеймін», — дей берді. Ал маған: «Сен ертең де келші», — деді. Ертесіне… Наталья Александроваға телефон шалғанымда, ерінің қайтыс болғанын жеткізді. Өмірінің ең соңғы күнінде, ауыр науқас үстінде де күйге деген аңсауын, жан сүйсінісін паш етіп кеткен сол бейнені, сірә, ешқашан ұмытпайтын болармын.

— Шәкірттеріңіз туралы сөзге ойыссақ?

— Шәкірттерім, Аллаға шүкір, қуантып жүр. Кеше ғана Шабай Әзірбаев есімді шәкіртім «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының облыстық кезеңінде жеңіске жетті.

Ал ұстаз ретінде мақтан ететін шәкірттерімнің бірі — Димаш Құдайбергенов. Димаштың Қытайда миллиондаған көрерменнің алдында «Адай» күйін тартқанын естігенде, кезінде оған домбырадан сабақ берген, «Адай» күйін үйреткен сәттерім көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты… Димаштың сахнадағы табыстарымен қатар, әсіресе, кішіпейілділігін, қарапайымдылығын ерекше мақтан тұтамын. Бүгінде әлем танитын әнші болса да, ұстаздарына деген ізетінен жаңылған емес. «Әншілік жөні — бір бөлек, домбыраның орны — бір бөлек. Домбыраны үйрену керек», — деп, домбыраға деген ықыласын да білдіріп жүреді.

— Бүгінгі жас домбырашылар жөнінде түрлі пікірлер айтылады. Мамандар олардың күйді сезініп тартпайтынын сынға алады. Бұған не айтасыз?

— Өкінішке қарай, бұл пікірде шындық бар. Қазір бәрі тез өзгеріп жатқан уақыт… Жас орындаушылар да көрерменді жылдамдықпен, қолдың түрлі қимылымен баурауды көбірек ойлайды. Дегенмен көп күйшілердің, соның ішінде Абылдың, Қазанғаптың күйлері терең, ойлы келеді. Зырылдаған қимыл ол күйлердің түпкі мән-мағынасын жеткізе алмайды… Сондықтан мен жастарға өздері тартып жүрген күйлерді бұрынғы домбырашылардың орындауында көбірек тыңдауға, солардың тарту әдісінен үйренуге кеңес беремін.

— Ұлттық домбыра күнінің белгіленуін қалай қабыл алдыңыз?

— Бұл жаңалыққа, әрине, қуанбау мүмкін емес. Бұл — барша жұрттың ортақ қуанышы. Домбыра — қазақтың ежелден келе жатқан айнымас серігі. Жаңа мереке дәстүрлі өнердің насихатын арттыруға, ал бұл өз кезегінде ұлттың шын мәніндегі рухани жаңғыруына жол ашады деп үміттенемін.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button