Жаңалықтар

Бір жылдағы жетістік

№40 орта мектеп те биылғы оқу жылын табысты аяқтап отыр. Жаңа мектепте 1200-ге  жуық бала білім алып жатыр. Соңғы қоңырау салтанатында республикалық сайыстардан және өзге де білім додаларынан жүлде алған оқушылар мен ұстаздар марапатталды.

Мектеп директоры Ләззат Оразованың айтуынша, биылғы оқу жылы өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда табысты.

— Үш оқушымыздың ғылыми жобасы республикалық байқаудан жүлделі орынды алып келді. Оған қоса, қалалық олимпиададан тарих, қазақ тілі, физика пәндері бойынша 1,2,3 орындарды жеңіп алдық. Жас туристер сайысында да біздің мектеп алдыңғы орынды иеленді. Биылғы жылғы тағы бір жаңалық, бірінші сыныптан бастап, ағылшын тілі пәнін тереңдетіп оқытуды енгіздік. Сондай-ақ, физика-математика, қазақ тілі пәндерін де тереңдетіп оқыту сыныптары ашылды.

Мектебіміздің орналасқан ауданында балабақша мәселесі қиын. Осыған байланысты мектеп жанынан маусым айында «Балапан» бағдарламасы бойынша 25 балаға арналған шағын балабақша ашылмақ, — дейді мектеп директоры Ләззат  Аманжолқызы.

Соңғы қоңырау салтанатына «Дарын» ғылыми орталығының және қалалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының мамандары келіп, мектепке Алғыс хаттарын табыстады. Жылда  «Жұлдыздар шеруі» атауымен өтетін марапаттау шарасына қатысқан оқушылар саны биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп болды. Бұл шарада жыл бойына түрлі жарыстарда  орын алып келген оқушылар мен мұғалімдер марапатталды. Салтанат соңы концертпен аяқталды.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Жеңіс-65

ЕРЛІК ЖОЛДАРЫНЫҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасында майдан ардагерлерімен, тыл қайраткерлерімен және ішкі істер органында ұзақ жылдар қызмет етіп зейнет демалысына шыққан қадірлі тұлғалармен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Мерекелік шараны басқарма бастығы, полиция полковнигі Қ.Дәржанов құттықтау сөз сөйлеп ашты.

Кездесу барысында майдангер қарт Шайдолла Қажығалиев кешке жиналғандарды мерекелерімен құттықтай отырып, соғыстағы ерлік жолдарымен сыр бөлісті.

Мерекелік шара көркемөнерпаздар ұжымы даярлаған шағын концертіне ұласты. Театрландырылған шағын көріністе сұрапыл соғыстың басталуы, жастардың жалындаған жастық шағында сүйіктілерімен қоштасып, майданға аттануы, ержүрек жауынгерлеріміздің  жауды ойсырата жеңуі бейнеленген.

Кеш соңында ардагерлерге арнайы сый-сыяпаттар табысталып, мерекелік дастарқан әзірленді.

Әсет САҒЫНТАЕВ,

Ақтөбе облысының МКҚБ ММ

инспекторы, полиция аға лейтенанты.

Ұстаз Ізгі тілек

Ұстаз үшін қимас сәттердің бірі тағы келіп жетті. Білім биігіне жетелеген шәкірттер енді қияға көтерілмек. Ал он бір жыл бойы оларға тәлім берген аяулы жандар оларға сәт сапар тілеп қала береді.

Білікті ұстаз Мәдина Отарғалиқызы да осындай көңіл күйді жылда бастан өткереді. Бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан ол Сократ айтқандай, «Ұстаздықтың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» ахуалды бастан кешіп келе жатқан жан.

1973 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдаған ол кезінде Сапа Жездібаев, Мақсот Құсайынов секілді білікті ұстаздардың үлгісін ұстанып, тәжірибе жинақтады.

Мәдина Отарғалиқызының әр сабағы кәсіби шеберлікпен, жоғары дәрежеде өткізіледі. Теорияны практикамен ұштастыра отырып, әр шәкірттің жүрегіне жол таба білетін жаңашыл ұстаз үнемі ізденісте жүреді. Оның алдынан өткен жүздеген шәкірттер бүгінде ұстаз еңбегіне алғыс айтып, ұшқан ұяларына ықыласпен айналып соғып отырады.

Министрлік тарапынан берілген марапаттаулар, басқа да жоғары ұйымдардың бағалаулары, алғыс хаттар оның жемісті еңбегінің куәсі іспетті.

… Ақтөбе қаласындағы №42 орта мектепте өткен соңғы қоңырау сыңғыры ұстаз жүрегін тағы да тебірентті. Мәдина Ізтілеуова аға буын ұстаздар атынан шәкірттеріне оң сапар тіледі.

Жұмагүл ДОСЖАНОВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button