Әлеумет

Жеті баланың анасы

23 маусым — Мемлекеттік қызметші күні

Роза Қаниқызы Байғанин ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында жиырма жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеді. Кәсібіне берілгендік, ұйымдастырушылық қабілеті оған мансаптық өсуіне мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта басқармада есептеу, өндіру және салық төлеушілермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы болып еңбек ететін ол өзіне тапсырылған міндеттерді жоғары деңгейде атқарады.

— Қазіргі уақытта салық төлеушілермен жұмыс істеу бұрынғыдай қиынға соқпайды, — дейді ол. — Өйткені олар біздің талаптарымызға түсіністікпен қарайды, заңды сақтауға ұмтылады.

Розаның өзі бастапқыда қаржы-экономика колледжін бітірсе, кейінірек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдады. Бірнеше рет республикалық мамандардың біліктілігін көтеру курстарынан өтіп келді. Салық салудағы жаңа заңдылықтарды үнемі зерттеп, тиянақты игеріп отырады.

Роза бөлім басшысы ретінде қарамағындағы қызметкерлерге талап қоюмен бірге, оларға өз тәжірибесін үйретіп те отырады. Ол үшін мемлекеттік қызметшінің әдебін сақтау, адамдармен қарым-қатынаста сыпайылық көрсету маңызды болып саналады.

Жолдасы Жандос Тәжімбаев екеуі бүгінгі күннің өлшемімен есептегенде көпбалалы отбасы иесі болып табылады.

Олардың үлкені Әсем қазір он үшке келді. Одан кейінгі Назерке, егіз ұл — Нұрсұлтан мен Нұрасқан, Жансерік, Мағжан, кішкентай Інжу бірінің соңынан бірі тәртіпті болып өсіп келеді. Үлкен екеуі қазір анасының сенімді көмекшісіне айналды, кішкентайларды да өздері қарап, бағып-күте береді.

Роза Қаниқызын әріптестері аудандағы белсенді мемлекеттік қызметшілердің бірі санайды. Мәдени-спорттық шараларға белсене қатысады. Әсіресе, тоғызқұмалақты шебер ойнайды. Аудан чемпионы атанып, республикалық сайыстарға да қатысып қайтты. Балаларын да осы ойынға тартып жүр. Олар сонымен бірге шахмат-дойбы ойнағанды да ұнатады.

Отбасында балалардың ағылшын тілін меңгеруге көп көңіл бөлінуде. «Ең бастысы — балалардың заман ағымына сай жан-жақты жетіліп, білімді, тәрбиелі болып өсуі» деп есептейді ерлі-зайыптылар.

Роза Қаниқызының еңбегі жоғары бағаланып келеді. Салалық басшылықтан алған алғыс, марапаттары аз емес. Кәсібінен береке тапқан деп осындай жанды айтатын болар, сірә.

Гүлсім НАЗАРОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button