Әлеумет

Ынтымақтастығымыз ыдырамайды

Еліміздің Бас прокуратурасы шетелде жүрген Мұхтар Әбілязовтың ел халқын арандату бағытында жасап жатқан іс-әрекеті турасында Үндеу жариялады. Әрине, бұл Әбілязов тарапынан жүргізіліп жатқан бос әурешілік. Себебі, бейбіт елдің халқы мұндай қадамға бармайтынына толық сенемін.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты саясаты — еліміздің ынтымағы мен бірлігін, тұрақтылығын сақтау. Қазақстанды өркениетті дамыған отыз елдің қатарына қосу бағытындағы кешенді бастамалар мен ауқымды жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанына қазақстандықтар толық көз жеткізіп отыр. Сондықтан бейбіт елдің шарапатын сезініп отырған көзі ашық, көкірегі ояу адам ел ішіне іріткі салып, ұлт араздығын тудырып жүрген бұл азаматтың іс-әрекетіне құлақ аспайды.

Бейбіт елдің болашағы — жастар. Қазір өзім басшылық ететін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы ұжымында қызмет ететіндердің 90 пайызы — жас мамандар. Жастарымызға тәуелсіздіктің жетістігін, елдегі тұрақтылық пен ынтымақтың қадір-қасиетін ұғындыратын да — осы аға буын. Сондықтан ұжымымызда өтетін басқосуларда осы тақырып төңірегінде ұдайы әңгімелер айтуды да ұмытпаймыз.

Мен қызмет бабымен алыс, жақын шет елдерде жиі боламын. ТМД елдерінде болған кезде, ондағы әріптестерім Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстарға, мемлекеттік бағдарламаларға расымен риза болады. Кейбіреулері Қазақстаннан бизнес ашуға ниетті екендіктерін де бүкпесіз айтады. Олар Елбасымыздың бизнесті  қолдау бағытындағы саясатын аса ризашылықпен қабылдайды.

Міне, осылайша өзге елдердің өкілдері қызыға қарайтын еліміздегі тұрақтылықты бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Оған жол берілмейді де.

Гүлжанат ЕРҒАЗИНА,

облыстық мәслихаттың депутаты,

«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button