Әлеумет

20 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

 Облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жалғасуда. Оның аясында түрлі бағытта аудандардың тұрғындарымен жұмыс жүргізетін арнаулы ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалардың мәнін түсіндіруге, дін мәселелері бойынша кеңес беруге, сондай-ақ аймақтағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға, тұрғындарға әлеуметтік көмек жасауға арналған. Жыл басынан бері ақпараттық топ мүшелері Алға, Байғанин, Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарында болып үлгерді. Осы аптада олар Ақтөбе қаласының селолық окургтерінде түсінік жұмыстарын жүргізеді. Кездесу барысында қалалықтар кәсіпкерлік пен әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша да кеңестер алады.

20 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды

Дүйсенбі күні ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Новый селолық округінің Жаңақоныс, Қарғалы селолық округінің Қарғалы, Ақшат, Бекқұл баба, Пригородный, Кеңес Нокин, Благодарный селолық округінің Қызылжар ауылдарында болды.

Аталған ауылдарда өткен кездесуде Елбасының бес әлеуметтік бастамасының, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі тұстары түсіндіріліп, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселесі, «Аналарға тағзым», «Бақытты бала»  жобаларының жүзеге асырылу барысы айтылды.

Новый селолық округінің Жаңақоныс ауылының тұрғындарымен кездескен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері ауылдықтарға атаулы әлеуметтік көмектің жаңадан енгізілген форматы туралы әңгімеледі. Мұнымен бірге, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері үй аулаларын аралап, соның нәтижесінде ондаған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар жинауға кеңес берді. «Жақыныңа көмектес» қайырымдылық акциясының аясында үш мүгедек жанға 30 мың теңгеден азық-түлік пакеттерін тапсырды.

— Әлеуметтік санаттағы тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Зейнеткерлік жастағы жұмыссыз әйелдерге Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу ұсынылды. Соның ықпалы болу керек, Жаңақоныс ауылында бізге жұмыс іздеген 22 тұрғын жолықты. Олардың екеуі қоғамдық еңбек төлеу бойынша жұмысқа жіберілді. Жиырма адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, — деп түсінік берді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің басшысы Элмира Сүйіншалина.

Ақпараттық-түсіндіру тобы құрамындағы медицина қызметкерлері жастар мен балалардың денсаулығын тексерді. Олардың алдынан жалпы жиыны 115 адам өтті. Денсаулығына байланысты қаралғандардың ішінен сегіз жасөспірім облыс орталығында арнаулы тексеруден өтуге жіберілді.

Қарғалы селолық округінің Қарғалы ауылының тұрғындары кәсіпкерлік мәселелері бойынша сауалдар қойып, осы саланы меңгеруге деген  қызығушылық танытты. Кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлері бизнес курстарда оқу және несие алу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Тұрғындардың көптеп қатысуымен ауылда спорттық клубтар мен жол бойындағы сервистердің дамуына байланысты шеберлік сабақтары өткізілді. Бизнес тәлімгерлерге жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер шақырылды, олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Сейсенбі күні жоғарыда әңгіме болғандай, кездесулер Ақтөбе қаласы  маңындағы өзге елді мекендерде жалғасты. Ақпараттық-түсіндіру тобы Благодар селолық округінің Садовый және Пригородный, Қурайлы селолық округінің Қурайлы, Өрлеу, Сазды селолық округінің Сазды ауылдарында болып, түрлі мәселелер бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді. Тұрғылықты жерлерге арнайы келген осы ақпараттық топ мүшелерінің арқасында ауылдың әрбір тұрғыны кәсіпкерлік және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша нақты кәсіби жәрдем алды.

 Айжан ШАУКУЛОВА.

САУАЛНАМАЛАР ЖҮРГІЗІЛІП, ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛДАР ТАРАТЫЛДЫ

Осы апта бойы белгіленген «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының ақпараттық жұмыс тобы сәрсенбі күні Ақтөбе қаласының Қурайлы және Өрлеу елді мекендерінде кездесулер өткізді.

Топ құрамында облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Б.Айдосов, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Тайжанов, математика ғылымдарының магистрі А.Киреев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің басшысы С.Оңғар болды.

Жоба аясында топ мүшелері аталған елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Кездесулер барысында десанттық топ мүшелері тұрғындарға Қазақстан Республикасы  Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауы мен  бес әлеуметтік бастамасын, «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерін және тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар мен облыс әкімінің «Аналарға тағзым» және «Бақытты бала» жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде айтты.

Сонымен қатар кездесу кезінде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында тұрғындардың қоғамдық саяси жағдайын бақылау мақсатында сауалнама жүргізіліп, әдістемелік құралдар таратылды. Елді мекендердің үздік оқырмандарына облыстық және республикалық баспа құралдарына тегін жазылудың сертификаттары табысталды.Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 А.ШҰҒАЕВ.

ТАҚЫРЫП — ДІНДІ БҰРМАЛАУДЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының ауқымы кең. Ол өміріміздің барлық саласын қамтиды. Осы жобада діни тұрақтылық қоғам қауіпсіздігінің кепілі ретінде қарастырылған. Оның ұдайы назарда болатын мәселе екені айтылған. Ақтөбе қаласында осы аптада жалғасқан ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері   бұл міндетті естен шығарған жоқ.

Кеше қаламыздағы №31 орта мектепке Мұхтар Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің дінтану мұғалімі Майдан Байбатыров келіп, «Экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет ресурстарының қауіптілігі» тақырыбында лекция оқыды.

Лекцияны тыңдауға аталған мектептің директорының орынбасары Гүлмира Назарова, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Зәмзәгүл Тектіғұлова, ата-аналар қауымы қатысты. Дін саласы маманының әңгімесінде  жалпы дін туралы, діннің ағымы туралы, ханафи мазхабы жайлы кеңінен баяндалды. Дін жолындағы бұрмалаушылықтар, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланып, көпшілікті шатастырудың қауіптілігі айтылды.

Дін саласының білікті ұстазы лекциясын аяқтағаннан кейін, ата-аналар дін жолына байланысты  өздерін толғандырып жүрген  сауалдарын қойды. Дін жолын ұстанудағы адалдық, тазалық жайында ұстаз нақты деректерге келтіре отырып, тағы да жақсы түсінік берді.

Әрине, ата-аналардың біраз сауалдары оқушылардың мектеп формасына байланысты болды. Өйткені оларды экстремистік топтардың мектептің талабын бұрмалап, оқушылардың  бірыңғай киім формасын бұзуға бағытталған негізсіз тілегі, әрекеттері алаңдатады. Ата-аналардың бұл реттегі сауалдарына  дінтанушы бұл бағытта мемлекет тарапынан арнайы заң қарастырылып жатқанын жеткізді. Дінді бұрмалап пайдалану арқылы елімізде экстремизм мен терроризмді насихаттауға  жол берілмейтінін айтты.

 А.ОРЫНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button