Әлеумет

Ел тыныштығы — ең басты мақсат

Еліміздің Бас прокуратурасының заңды сақтауға шақырған Үндеуіне қатысты мынадай ұстанымым бар. Бүгінде Мұхтар Әбілязовтың Өмірлеріңді жақсартамын» деп халыққа жеткізіп жатқандарының бәрі тек желең сөз ғой. Оның ешқандай негізі жоқ. Біріншіден, өзі елде емес, шетелде жүр. Мұны біз өзі кінәлі адамның қарекеті деп түсінуіміз керек. Ол мойнына тағылған қылмыстан қалай да құтылып кетудің жолын көздейді, сөйтіп, өзінің қара басының қамы үшін тыныш елді бүлдіруге құмар мақсаттарының бірі бұл.

Өскелең ұрпақ — еліміздің болашағы. Сондықтан біз студенттер мен мұғалімдерге бүгінгі бейбіт күніміз, жеткен деңгейіміз турасында мейлінше айтып, түсіндіріп жатырмыз. Елбасының бес әлеуметтік бастамасының барлығы да іске асатынына елдегі адамдардың көзі жетіп тұр. Себебі Президенттің стратегиясындағы «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы түгелдей дерлік іске асырылды, ел толық компьютерлендірілді.

Бұл орайда менің есіме тоқсаныншы жылдары Елбасының  «Қазақстандықтардың қолында 3 кілт, оның бірі — үйінің кілті, екіншісі — көліктің кілті, үшіншісі — бизнестегі кеңсесінің кілті болса деп армандаймын» деген сөзі түсіп отыр. Өткен жиырма жылдың ішінде Елбасының айтқан сол бір сөзі іске асты ғой. Қазір жоқ дегеннің өзінде жұмыс істеп, қарекет жасап жатқан адамның үйінде осы мәселелердің бәрі шешіліп тұр. Енді соңғы қадамның өзі тағы да баспана жөнінде айтылды. Сондықтан Әбілязовтың  қарекеті — бар затты жоққа шығарып, елдің ішіне іріткі салу. Көзі ашық, тәуелсіз елдің рахатын көріп отырған адамдар оның айтқандарына құлақ та аспайды. Оның бұл іс-әрекетінің болашағы жоқ, болашағы болмайды да. Себебі қазақстандықтар қазақ елінің  тыныштығына, мемлекетіміздің баяндылығы жолында  қызмет етіп жүр. Ел халқы Отанымыздың тыныштығын, Елбасы саясатының жемісін көріп жатыр. Сондықтан есі бар азамат Әбілязовтың жасап жатқан қарекетіне ермеуі керек, еруге тиісті де емес.

Аманкелді ЕСІРКЕПОВ,

облыстық мәслихаттың депутаты,

Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button