Спорт

Қонақбаевтың жүлдесі үшін

Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, 2 дүркін Әлем кубогының иегері, 2 дүркін Еуропа чемпионы, бірнеше дүркін КСРО чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген боксшысы Серік Қонақбаев атындағы жүлде үшін болған халықаралық турнир жоғары деңгейде өтті

Өткен сенбіде үш күн бойы бокс жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген Серік Қонақбаев атындағы жүлде үшін халықаралық турнир аяқталды. Бұл жарыс шынымен де ақтөбеліктер үшін үлкен мереке болды. «Қоныс» спорт сарайын дүбірлеткен бәсекені тамашалауға 4-5 жастағы сәбиден бастап, сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдарымызға дейін келді. Спорттың құдіреті деген осы болар.

Жанкүйерлердің бәрі де бокстың серісі — Серікті көруге асық. Енді бірі Қазақстан боксының аса жоғары маманы Тұрсынғали Еділовпен, олимпиадалардың чемпиондары мен жүлдегерлері, атақты былғары қолғап шеберлері Ермахан Ибраимовпен, Бақыт Сәрсекбаевпен, Болат Жұмаділовпен тілдесіп қалу мүмкіндігін жібергісі келмейді. Бірқатары АҚШ-тан, Ресейден, Украинадан келген боксшылармен суретке түсуде.

Ақтөбе облысы бокс федерациясының құрметті президенті, облыс әкімі Елеусін Сағындықов Серік Қонақбаевпен қатар отырып, жекпе-жектерді жіті қадағалады. Ал облыстық федерация президенті, қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің, облыстық және қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен бөлімінің ауқымды спорт шарасын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны көрініп тұрды. Мұны турнирге келген шетелдік қонақтар да мойындап жатты.

Сонымен, Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін өткен халықаралық турнир мәреге жетті. Чемпиондар облыстық бокс федерациясы тағайындаған 4 мың, күміс жүлдегерлер 3 мың, қола жүлдегерлер 1500 АҚШ доллары сыйлығына ие болды. Мұндай көлемдегі қор бұған дейінгі турнирлерде болған емес.

11 салмақ дәрежесінде сынға түскен 130-дан астам бокс шеберлері жүлделерді күштеріне қарай бөлісті. Олардың ішінде ақтөбеліктер де бар. Екі ақтөбелік —  Қайрат Төребекұлы, Мәди Шолақов алтыннан алқа тақса, Ақниет Бекжанов, Берік Абдрахманов, Рафаиль Аббасов күміс, Сулейман Бердукаев қола медальға ие болды.

(Серік Қонақбаев атындағы жүлде үшін болған халықаралық турнир туралы кеңейтілген материал газетіміздің кезекті санында жарияланады).

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button