Құқық

Теологиялық сауаттандыру қалай жүргізіледі?

ІІМ Ақтөбе заң институтында сотталғандар арасында теологиялық сауаттандыру жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өңірлік семинар-тренинг өткізіліп жатыр. Оған еліміздің батыс өңірінің, яғни Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының теологиялық сауаттандыру жұмысын ұйымдастыру бөлімдерінің қызметкерлері мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің психологтары шақырылған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті өкілі  Бекболат Шәкіровтің айтуынша,ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында өткен жылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде теологиялық сауаттандыру жұмысын ұйымдастыру бойынша штаттық бірліктер енгізілген.

— Шараны өткізу орны тегін таңдалған жоқ. Ақтөбеде бұл бағыттағы жұмыс барынша реттелген. Біз Ақтөбе облысындағы діни басқарма, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, жергілікті атқарушы органдар бірлесіп істеп жатқан жұмыстарды өзге өңірлерден келген әріптестерге үлгі еткіміз келді, осы тәжірибемен бөлісуді мақсат еттік. Бас бостандығынан айыру орындарында бұл жұмыс қалай жүргізіледі? Азамат бас бостандығын шектеу орнына келген сәттен бастап онымен жеке жұмыс істейміз. Яғни,15 күн карантиндік бөлімде болғанда нақты бір адамға қатысты жұмыс жоспары бекітіледі, онымен психологтар, тәрбиешілер, теологиялық мамандар жұмыс істейді. Бұл жұмыстың жүргізіле басталғанына бір жыл толды, нәтиже жақсы: өзге ағымдағы діни бағытта жүрген азаматтардың көпшілігінің беті бері қарады. Еліміз бойынша діни экстремизм баптары бойынша 600 адам сотталған болса, соның көпшілігі өзге діни ағымнан дәстүрлі ағымға ауысты, — дейді ол.

Семинардың бірінші күніқылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, дін істері және азаматтық қоғам өкілдері баяндама оқыды.

ҚР Бас прокуратурасы экстремизм мен терроризммен күрес туралы заңнаманың сақталуын бақылау басқармасының аға прокуроры Нұржан Қуатбековтің айтуынша, бүгінде сотталғандарды дерадикализациялау мәселесі өте өзекті болып отыр.

Террористік және экстремистік қылмыстар үшін сотталғандарды дерадикализациялау мәселесінде тек діни бағытта ғана емес, жан-жақты жұмыс жүргізу қажет. Себебі теріс жолға түсіп кетушілердің неге мұндай қадамға барғанын зерттеген кезде бірнеше қосалқы себептер анықталды, олар — діни білімнің және зайырлы білімнің аздығы, психологиялық дағдарыс, отбасылық мәселелер, жұмыссыздық, әлеуметтік себептер. Ақтөбеде Елбасының тапсырмасымен халық қауіпсіздігіне қатысты кешенді жұмыстар жүргізілді, оған бірнеше саланың мамандары қатысты. Бұл жұмыстың нәтижесі көз алдымызда. Өзге өңірлерде де осындай жұмыстар жүргізу қажет. Ең алдымен, сотталғандардың бас бостандығынан айыру орындарынан шыққаннан кейін қоғамға сіңіп кетуі үшін оның түзелгенін бағалайтын критерийлер анықталып, жеке-жеке психокоррекциялық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мұндай  бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін шетелдік тәжірибелерді пайдалануға болады. Мысалы, Нидерланды, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Иемен, Араб әмірліктерінде жақсы үлгілер бар. Ал өз елімізде Павлодар қаласындағы «Адасқандар» жобасын ерекше айтуға болады. Бұл жоба бойынша екі жылда 27 адам дұрыс жолға түсіп, соның төртеуі бұрынғы өз діндестеріне насихат жүргізу жұмыстарын қолға алған, — деді ол.

Семинар барысында сотталғандар арасында теологиялық реабилитациялық жұмыстар жүргізуге қатысты әдістемелік ұсыныстар айтылды, азаматтармен жеке-жеке жұмыс істеудің теологиялық әдістері, діни аддикация, діни фанатизм, діни лидер ұғымдары мен оның өзектілігі, осы бағыттағы басқа да тақырыптар талқыланды.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мұндай тренингтерді ІІМ Қостанай, Алматы академияларында және ІІМ Павлодар оқу орталығында өткізуді жоспарлап отыр. Ақтөбедегі тренинг екі күнге созылады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button