Денсаулық

Бізде «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» стелласы бар

Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай Ақтөбе қаласындағы «Денсаулық» саябағында денсаулық пен ұзақ өмірдің символы «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» стелласының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Оңтүстік Корея еліндегі «Каннам Северанс» клиникасының профессоры Чанг Хенг Сюк қатысты.

Батыс-2 ауданында орналасқан саябақ мерекеге орай ерекше безендіріліпті. Сондай-ақ саябақтың бір бұрышында дәрігерлер тұрғындардың қан қысымы мен қан құрамындағы қант мөлшерін тексерсе, жастар велосипед теуіп жүр. Ересектер скандинавиялық жүріспен шұғылданса, енді бірі иогамен айналысып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев саябаққа жиналған жұртшылықты дәрігерлердің мерекесімен құттықтады.

Соңғы жылдары облыс медицинасы дамып келеді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Кейінгі уақытта әлеуметтік маңызы бар жүрек-қан тамыр аурулары, құрт ауруы секілді сырқатқа шалдығатындар саны азайса, тұрғындардың өмір сүру жасы да ұзарды. Осы саланың дамуына дәрігерлердің қосқан үлесін ерекше атаған жөн.  Соның бір дәлелі — «Денсаулық» саябағы. Кешке қарай осы жерде адамдар толып жүреді. Үлкендер еркін отырып демалса, жастар спортпен айналысады. Балалар жүгіріп ойнап, мәз-мейрам болады. Балалар ойнап-күлсе, үлкендер үшін одан артық бақыт жоқ. Осы ретте Әсет Әскерұлы бастаған дәрігерлерге алғыс айтамын. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы кезде облысқа шетелден дәрігерлер жиі келіп жатыр. Себебі біздің дәрігерлер кәсіби шеберлігін әлі де жетілдіруі керек. Шетелдік дәрігерлерден үйренеріміз көп. Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль, Германия елдерінің білікті мамандарынан біздің дәрігерлер көп нәрсені үйренді. Осы елдермен байланысымыз нығая түсті. Мәселен, екі күннен бері Оңтүстік Кореядан келген профессор қалқанша безі ауруына шалдыққан  балаларды қарап, алты балаға операция жасады, — деген облыс әкімі  кореялық профессорға алғысын айтты.

«Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбеге келген профессор Чанг Хенг Сюк  та ақтөбеліктердің құрметіне ризашылығын білдірді.

Менің жасаған кішкентай көмегімді елегендеріңізге рақмет. Біздің мақсатымыз — адамдарға көмектесу. Оңтүстік Корея мен Ақтөбе облысының арасында ынтымақтастық орнады. Осы байланыс әрі қарай жалғаса береді, — деді профессор. Сондай-ақ ол өз жеке қаражатынан екі жетім балаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашқан. 100 мың теңгенің сертификатын балаларға салтанатты түрде тапсырды. Жиында ардагер дәрігер Ізбасқан Аймағанбетов облыс басшысына алғысын айтып, дәрігерлерді мерекемен құттықтады. Алға аудандық ауруханасының хирургі, жас маман Жәнібек Данияров жаңа стелланың облыс жұртшылығына ерекше сый болатынын айтты.

Соңғы жылдары қаламызда ерекше ескерткіштер бой көтеріп жатыр. Оның ішінде  домбыраға, төл теңгемізге қойылған ескерткіштер бар. Енді осылардың қатарына «Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда» стелласы қосылды. Бұл қалаға ерекше келбет беріп, тұрғындарына қуаныш сыйлайды. Осы стеллаға қарап әркім өз денсаулығына деген жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын, — деген жас маман әріптестерін мерекемен құттықтады.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова бірқатар дәрігерлерге қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Осыдан кейін облыс әкімі мен кореялық профессор стелланы салтанатты түрде ашты.

Сондай-ақ облыс әкімі саябаққа тал екті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button