Мәдениет

Ақтөбенің Алтыны

С. Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада театр өнерінің қайраткері, Қазақ КСР-інің халық артисі Алтын Ружеваның туғанына 90 жыл толуына орай «Театр өнерінің майталманы» атты тарихи-мәдени-танымдық кеш өтті.

Кеш облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өтті. Сондай-ақ, бұл шара Байғанин ауданының 90 жылдық мерейтойына орайластырылды. Алтын Ружеваның туған топырағы — Байғанин ауданының бұрынғы «Оймауыт» кеңшары. Ал еңбек жолын ол 1947 жылы Ақтөбе музыкалық-драмалық театры сахнасында бастады.

Кешке Алтын Ружеваның туыстары мен ауылдастары, мәдениет саласының, соның ішінде, театр ардагерлері мен қызметкерлері, өнерсүйер жұртшылық қатысты. ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек жиналғандарға актриса Алтын Ружеваның өмір жолы және шығармашылығы жөнінде әңгімеледі.

Алтын Ружева театр сахнасында 180-ге жуық образ сомдаған. Актрисаға«Айман — Шолпан» мен «Еңлік — Кебек» (М. Әуезов), «Ақан сері -Ақтоқты» (Ғ. Мүсірепов) және «Ана — Жер-ана» (Ш. Айтматов), т.б. қойылымдарда басты рөл сеніп тапсырылған. 1976 жылы оған «Қазақ КСР-інің халық артисі» атағы берілген.

Актрисаның Жамбыл облыстық театрында бірге жұмыс істеген әріптесі, сахна ардагері Мағзом Бақытжанов өз естелігінде:

— 1972 жылы Жамбыл облыстық театрына оқуды жаңа бітірген бір топ жас актер жұмысқа келдік. Алматыда белгілі шеберлерден дәріс алдық, ал республикалық театрлар қойылымдарын күн сайын дерлік тамашалайтынбыз. Міне, сондай ортадан келгендіктен, жас болсақ та, мұндағы тәжірибелі әріптестеріміздің ойындарына сын көзбен қараймыз, оңашада талқыға саламыз. Сонда біз екі адамның шеберлігіне риза болушы едік, біріншісі — Алтын Ружева да, екіншісі — Жорабек Шүленбаев. Алтын Ружева сахнада еш жасандылықсыз, шынайы ойнайтын. Әсіресе, Жамбыл облыстық театры «Ана — Жер-ана» қойылымын қолға алғанда, оны Мұхтар Әуезов атындағы театр сахнасынан көрген біз: «Жамбылдықтар жоғары деңгейде шығара алар ма екен?» – деп, күдіктенгенбіз. Толғанай рөлін Әуезов театрында Сәбира Майқанова өте сәтті алып шыққаны белгілі. Әйткенмен,Алтын апамыз да Толғанайды сол деңгейден түсірмеді. Уақытында бұл театр өміріндегі айтулы оқиға болды. Алтын Ружева осыдан кейін «Жамбылдың Сәбирасы» атанып кетті, — деп еске алды.

Алтын Ружева Ақтөбе, Жамбыл облыстық театрларынан кейін, Атырау облыстық театрына басшылық жасап, кейіннен Талдықорған облыстық театрында еңбек етті. Қайда жүрсе де ол туған жерін ұмытпай, өзі дүниеге келген Оймауыт топырағына жиі қатынайтын. Бұл жөнінде сазгер Орал Байсеңгір:

— Облыс орталығынан шалғай ауылда тұрсақ та, бала күнімізде Жамбыл, Атырау облыстары театрларының қойылымдарын сан рет тамашаладық. Ол ұжымдардың гастролдік сапарын ұйымдастырып жүрген адам — Алтын Ружева апамыз екенін есея келе білдік, — дейді.

Кеште естеліктермен қатар, ән шырқалып, күй тартылды. Сондай-ақ Алтын Ружеваның шығармашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button