Денсаулық

Ақтөбе медициналық орталығында бес айда 10 мың адам емделді

Ақтөбе медициналық орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті. Жиында медициналық кластер қызметінің бес айда атқарған жұмысы талқыланды.  

Ақтөбе медициналық орталығында бес айда он мыңнан аса науқас емделген. Оның ішінде ересектерге арналған ауруханада 6 504 адам, балалар ауруханасында 3 727 бала емделіп шыққан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға артық. Сондай-ақ 3426 адамға операция жасалған. Ал медициналық орталық құрылғаннан бастап 42 мыңнан аса пациент емделген. Оның ішінде жиырма төрт мыңнан аса бала бар. Осы уақыттар ішінде 856 жоғары технологиялық медициналық қызметтің 629-ы  ересектерге, 164-ті балаларға көрсетілген. Бес ай ішінде медициналық кластерді дамыту бағытында Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Түркия, Германияның білікті мамандарының қатысуымен маммология, пластикалық хирургия, трансплантология, педриатриялық онкогематология, травматология, нейрохирургия бағыты бойынша 14 шеберлік-класс өткізілген. Адам ресурстарын басқарудың заманауи технологиялары бойынша 4 көшпелі оқыту өткен. Ал кардиохирургия, аритмология, гастроэнтерология салалары бойынша Астана, Алматы қалаларындағы медициналық орталықтардың дәрігерлері келіп кеңес берді, тәжірибелерімен бөлісті. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев алда атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. Оның ішінде медициналық орталықтың коммуналдық шығындарын азайту мақсатындағы жоспарын айтты. Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі медициналық ұйымдардың басшыларына тапсырма берді.
—  Облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту үшін көптеген жұмыстар қолға алынуда.  Мамандардың біліктілігін  арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шетелдерден танымал дәрігерлерді шақыртып, тегін операциялар жасатып жатырмыз. Біздегі медициналық орталықтардың материалдық базасы мен дәрігерлердің біліктілігі мықты, құрал-жабдықтарымыз көршілес мемлекеттерден осал емес. Біз соны толықтай пайдаланып, облыс тұрғындарына жан-жақты қызмет етуіміз қажет. Олар емделу үшін басқа мемлекеттерге барып, қаржысын сыртқа шашпауы тиіс. Қайта бізге шетелдіктер келіп емделіп, денсаулықтарын дұрыстауы қажет. Медициналық бизнесті дамытудың негізі осында жатыр, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жиын соңында облыс басшысы дәрігерлер тарапынан қойылған ұсыныстар мен сұрақтарға жауап беріп, басқарма басшысына бірқатар тапсырмалар берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button