Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбелік дәрігерлер әлемдік ірі медициналық орталықтардың мамандарынан көп нәрсе үйренді

Соңғы бес айда Ақтөбе медициналық орталығында 622 жоғары технологиялық ем жүргізілген. Оның ішінде екі бауыр, төрт бүйрек трансплантациясы бар және 60 адамға жоғары технологиялық күрделі операция жасалыпты. Бұл көрсеткіш  өткен жылмен салыстырғанда көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, облыс медицинасының дамуы үшін  инновациялық, заманауи емдеу әдісіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында басқарма басшысы осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды баяндап берді…  

Жаңа технология және жиырма әдіс

Облыста 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде бағдарламада белгіленген индикаторлар  толығымен орындалуда. Өткен жылдың бес айымен салыстырғанда бала туу көрсеткіші төрт пайызға өскен, яғни 316 сәби артық дүниеге келген. Өлім-жітім көрсеткіші 3,6 пайызға төмендеп, тұрғындардың өмір сүруі 73 жас бес айға ұзарған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 72 жас 8 ай болатын.

 Былтырғы жылдың бес айымен салыстырғанда қай бағытта да медициналық көмектің сапасы артқаны, көрсеткіштің жақсарғаны байқалады. Әлеуметтік маңызы бар аурулардың қатарына кіретін туберкулез, жүрек-қан тамыр, онкологиялық сырқатқа шалдыққандардың да саны азайып отыр. Ана мен бала өлімі бойынша да жағдай тұрақты. Өлім-жітімді болдырмау мақсатында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Жоғары технологиялық көмек көрсетуге күш салынуда. Ақтөбе медициналық орталығы мен медициналық университеттің емдеу мекемелеріндегі және жедел медициналық көмек  ауруханасындағы мамандар жоғары технологиялық ем жүргізудің жиырма  әдісін меңгерді. Себебі технология дамып, материалдық-техникалық база нығайған  сайын, дәрігер де біліктілігін арттырып отыруы керек. «Мен бәрін білемін, болдым, толдым» деген дәрігер кәсіби тұрғыда өспейді. Күн сайын жаңа дәрі, жаңа технология, жаңа емдеу әдісі  шығып жатыр. Осының барлығын дәрігер меңгеруі үшін басқарма тарапынан мамандарды оқытуға күш салынуда. Шет елден мамандар шақырттық.  Ақтөбелік дәрігерлер Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей және Еуропа елдеріндегі ірі медициналық орталықтардың мамандарынан көп нәрсені үйренді. Нәтижесінде бұрын науқастар кейбір сырқат түрлері бойынша  Алматы, Астана қалаларына  баратын болса, қазір облыс орталығынан көмек алып отыр.

Ақтөбе медициналық орталығына тек қана Ақтөбе емес, батыс аймақ бойынша науқастар келіп, ем алып жатыр, — деді Әсет Қалиев.

Қазір облыс үшін  мамандарды шетелге жібергеннен гөрі олардағы маманды өзімізге шақырған экономикалық жағынан тиімді. Мәселен, бір маманды сыртқа жіберу үшін қомақты қаржы жұмсағаннан, оларды осында әкелу арзанға түседі әрі шеберлік кластарын өткізу арқылы бірнеше маманды оқытуға мүмкіндік туады.  Мәселен, шетелдік мамандардың қатысуымен күрделі оталар жасалып жатыр. Ақтөбелік дәрігерлер кардиохирургия, отоларингология, нейрохирургия саласы бойынша аса күрделі операцияларды меңгеруде. Оның ішінде мамандар кеспей, яғни аз инвазитті әдіспен емдеу тәсілін үйренуге ден қойды.  Отоларингология бойынша тимпанопластикалық операция жасай бастады. Әсет Қалиевтың айтуынша, бұндай отаны бұрын науқастар Алматы мен Астана қалаларына барып жасататын болған.

67 дәрігер жетіспейді

Ақтөбе медициналық орталығы құрылғаннан бастап 43 мыңға жуық науқас емделсе, оның  бес мыңнан астамы өзге облыстан келген. Оның ішінде 1 560 бала бар.  Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда  облыстарынан келіп ем алушылардың саны өсіп отыр. Қызмет көрсету сапасы кеңейген сайын, маман тапшылығы да орын алады. Қазір облыста 67 дәрігерге сұраныс бар.

Былтыр 97 дәрігер жетіспейтін, қазір сұранысты біртіндеп азайтып келе жатырмыз. Медициналық университеттің түлектерін жұмысқа алып, өзге облыстардан да мамандар шақырттық. Өткен жылдың бес айымен салыстырғанда мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші 5,2 пайызға жоғарылады. Өзге облыстан 11 дәрігер келді. Олар алаңсыз жұмыс істеуі үшін алдымен материалдық жағдайы дұрыс болуы керек. Сондықтан жұмысқа қабылданған мамандарға пәтер беріп, жоғары еңбекақы тағайындауға тырысамыз. Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында тағы да алты пәтер бермек ойымыз бар, — деді Әсет Қалиев.

Басқарма басшысының айтуынша,  кадр мәселесін бірден шешу мүмкін емес. Ол үшін алдымен маманға жағдай жасау керек. Сондықтан бұл шаруалар біртіндеп жүзеге аспақ.

Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 40 жоба жүзеге асты

Облыста мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ең көп бөлігі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Қазіргі күні осы бағытта қырық жоба жүзеге асса, оның жиырма төрті іске қосылып тұр. Оның ішінде ірі жобалар бар. Соның бірі — балалар онкогематологиялық орталығы. Облыстағы онкологиялық орталықта диагноз қойылғанымен емдеу шаралары Астана мен Алматы қалаларында жүргізіледі.  Ал бүгінгі күні өңірде онкологиялық сырқатқа шалдыққан 167 бала бар. Жыл сайын облыста бұл қатерлі кеселмен  30-35, жалпы еліміздің батыс облыстарында шамамен 140 бала  тіркеледі. Егер аталған орталық Ақтөбеде орналасса, батыс аймақтың балаларын осы жерден емдеуге мүмкіндік туады. Осы ретте әлемдегі жетекші балалар онкогематологы, Германиядағы «Шаритэ» университеті медициналық кешенінің профессоры Гюнтер Хенценің қолдауымен онкогематологиялық орталықтың құрылысы басталды. Келер жылы іске қосылады.

Сондай-ақ Сеул ұлттық университетінің госпиталімен бірлесіп «Chek-up» диагностикалық орталығы, «GE Healthcare» компаниясымен бірге ядролық медицина орталығы салынып жатыр, сәтін салса екеуі де  келер жылы аяқталады. Ал биыл қыркүйекте Батыс-2 ауданында салынып жатқан  балаларға арналған стоматологиялық емхана пайдалануға беріледі. Осы ауданда салынып жатқан тағы бір нысан — балаларға арналған оңалту орталығы. Құрылысты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Орыс мыс» компаниясы салып жатыр. Орталық биыл қыркүйекте іске қосылмақ.  Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту ем-домы жасалады. Гимнастика, балшықпен емдеу және өзге де ем түрлері болады.

Соңғы жылдары Батыс-2  мен «Нұр Ақтөбе» аудандарында тұрғындардың саны айтарлықтай өсті. Бұл екі ауданға да емхана қажет. Басқарма басшысының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттар дайын болмай, құрылыс басталмайды. Сондықтан екі аудандағы емхана құрылысы келер жылы қолға алынады.

Тек қана қала емес, аудандарда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Шалқар ауданында салынып жатқан бір мезетте елу адамды қабылдай алатын емхана жылдың  соңына дейін іске қосылады. Былтыр мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында аудандарда жиырма бір амбулаторияның құрылысы басталды. Басым бөлігі пайдалануға берілді, қалған екі-үш ғимарат биыл іске қосылады. 2020 жылға дейін облыста медициналық ғимараты жоқ елді мекен болмайды, — деді Әсет Қалиев.

Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінен бөлек Қобда трассасының бойында облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен балалар ауруханасының қасынан облыстық перинаталдық орталық салынып жатыр. 190 кереуетке арналған перинаталдық орталық келер жылы пайдалануға беріледі. Орталық халықаралық стандарттарға сай жабдықталады. Тиімді технологиялар енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда, ана мен баланың денсаулығын жақсартуға арналған  барлық мүмкіндіктер  жасалады.

Әрине, бұрын да бұл жұмыстар жүргізілді. Бірақ ғимараттың ескілігі кедергі болып келді. Осы ретте айта кету керек, ана мен бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстарға ерекше мән берілуде. Былтыр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ана мен бала денсаулығына қатысты грантын ұтып алдық. Ұйым бізге білікті мамандар жіберді. Осылайша ақтөбелік дәрігерлер шеберліктерін шыңдап,  тәжірибе алмасты. Ал биыл  БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы қоры ана мен бала денсаулығын нығайту, ана мен перинаталды өлім-жітімді азайту және жаңа технологияларды енгізуге қолдау мақсатында бізге көмек көрсетіп жатыр. Күні кеше мамандар келіп, облыстық аурухананың перзентхана бөлімінде жұмыстарын бастады. Өз тәжірибелерімен бөлісті. Кезекші дәрігерлермен бірге аналарды қарап, босандырып, күні-түні ауруханада жүр, — деді басқарма басшысы.  

Дәрігер психолог болу керек

Дәрігердің біліктілігіне қатысты айтылар сын да, мін де көп. Әсіресе, науқаспен дұрыс сөйлесе алмайтын ақ халаттылардың үстінен түсетін шағым азаяр емес.

— Дәрігерлердің тарапынан кететін кемшілік көп. Оны мойындау керек. Ауырып алдына келген адаммен дұрыс тіл табыса алмайтын, «қайда барсаң, онда бар» дейтін дәрігерлер де бар.  Дәрігер психолог болуы тиіс. Науқас адамға оның жылы сөзі — шипа. Бірақ маманның бәрі бірдей емес. Соның салдарынан арыз-шағым жиі түседі. Бұған қоса, қазір әлеуметтік желі бар. Халық өзіне ұнамаған дәрігердің қателігін әшкерелеп, желіге салып жібереді. Сондықтан дәрігер әрбір айтатын сөзіне мұқият болу керек, — дейді басқарма басшысы Әсет Қалиев.

Басқарма мамандары  әлеуметтік желі мен басқарманың жеке сайтына түскен арыз-шағымдарға күн сайын талдау жасап отырады. Осыдан екі апта бұрын медицина қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен этика және деонтология бағытында конференция өтіпті.

Шетелдік дәрігерлер тегін көмек көрсетіп жатыр

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Бақытты бала» жобасы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.

Жоба аясында Ақтөбе медициналық орталығына қарасты емдеу мекемелерінде апта сайын ашық есік күні өткізіледі. Ата-аналар балаларын жолдамасыз  профессорлар мен  білікті дәрігерлерге қаратады. Оңтүстік Кореядан, Түркиядан, Ресейден және де өзге мемлекеттерден мамандар шақырып жатырмыз. Сырттан дәрігерлерді әкелу оңай шаруа емес. Олармен келісімге келу, халықаралық қатынастар мәселесі, келіп-кетуі, жол шығыны секілді жұмыстардың өзі үлкен шаруа. Соған қарамастан білікті мамандарды шақырып, тәжірибе алмасуды тоқтатқан жоқпыз. Шетелдік әріптестерімізге  «Бақытты бала» жобасын айтқанымызда, ешқандай қарсылық білдірмей, қолдау көрсетті. Мәселен, орынборлық көз дәрігерлері балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін тегін тексерсе, түркиялық мамандар да көмек көрсетті. Оңтүстіккореялық профессор Чанг Хенг Сюк үш күн бойы эндокринология бойынша науқас балаларды тегін қарады. Күні кеше «Аяла» қорының қолдауымен Пусан ұлттық университетінің мамандары тірек-қимыл жүйесі бұзылған  балаларды қабылдады. Ем жасады, дәрі тағайындады.  Ал 18 маусымда түрік дәрігерлер тағы келеді. Олар онкологиялық сырқатқа шалдыққан балдырғандарды тексереді.  Қазір шетелдік мамандар балаларды іріктеп жатыр. Қазақстанда жасалмайтын оталарды олар  өз елдерінде тегін жасайды. Түркияға бес бала жібереміз. 18 маусым күні омыртқа жотасы қисайған бір баланы Оңтүстік Кореяға апарамыз. Кореялықтар қыркүйекте тағы келеді. Біздің дәрігерлерге шеберлік  кластарын өткізеді. Жалпы жыл соңына дейін осындай шаралар үзілмейді, — деді Әсет Қалиев.

«Бақытты бала» жобасы аясында мәдени-іс шаралар да тоқтаған емес. Балалар мерекесінде медицина қызметкерлерінің балаларына, яғни екі жүзден аса балаға мерекелік кеш ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ әрбір емдеу мекемесі мүмкіндігі шектеулі балалар бекітіліп берілген. Сондай-ақ тағы бір айта кететін игі істің бірі — жетім балаларға шот ашу. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында бес балаға 100 мың теңгеден шот ашылған. Дәрігерлер ата-анасыз балалардың баспана алуына осылайша көмектеспек. Сондай-ақ  кореялық профессор Чанг Хенг Сюк екі балаға шот ашып, 100 мың теңге аударды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button