Әлеумет

Өмірге құштарлық немесе қатерлі ісіктен екі рет жазылған адаммен әңгіме

Мерей

Қуандық Әлішевті Ақтөбе өңірінің жұртшылығына таныстырып жату артық. Белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Жаратылыстану және ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі  Қуандық Зинешұлы  бүгін 80 жасқа толып отыр. Біз мерейтойы қарсаңында онымен сөйлескен едік…

Соғыс жылдарына тап келген балалық

— Сіздің буынның балалық шағы соғыс кезімен тұспа-тұс келді. Балалық шақ болды ма өзі сізде?

— Иә, бұл ел басына түскен зұлмат қой. Қазақ әдетте тұңғышын әке-шешеге береді. Сол ретпен мен әжемнің баласы едім. Әке-шешеме жоламайтынмын. Бір күні әжем: «Қуанжан, әкең майданға аттанып бара жатыр ғой…» — деді. Мені қызғыштай қорып, «қызғанып»  отыратын оның бұнысына таңғалдым. «Бара ғой, — деді әжем, — Зинеш жайма қорада атын ерттеп жатыр…». Құстай ұштым. Бір қырдан асқанша шығарып салдым. Соңғы көруім екен.  «Үйдің үлкені — өзің…» — деді сонда әкем. Сол сөз кейін есімнен шықпай қойды. Құйттақандай болсам да, мойнымда үлкен жауапкершілік бар екенін ұқтым. Інімді ертіп, қырғауыл аулауға шығатынмын. Ол құрғырың да ұстата қоймайды. Бірде қатты қарнымыз ашты. Әсіресе қарындасым шырылдап кетті. Ел әбден жүдеген кез. Әжем: «Балқұйған-ау, қайдасың?» — деп шешемді іздеп жүр. Ол жоқ. Бір кезде жетті-ау. Былтырғы қырманның орнына барып, қос уыс дән әкеліпті. Сол күнгі қуанышымызда шек болған жоқ.  Балалық шақ дегенде менің есіме осы оқиға оралады.

— Жеңіс күні туғанда қатты қуанған шығарсыздар?

— Әрине. Майдангерлер орала бастады. Қызыға қараймыз. Әкемді күтемін. Жоқ.  «Қопа» ұжымшарының интернатында оқимын. Түсім бе, өңім бе, белгісіз, бір күні әкемді көрдім: «Қуанжан, білім ал, білімсіз қарға адым аттап баса алмайсың…» — деді әкем.  Әлде қатты сағынғасын көзіме елестеді ме екен. Әйтеуір дауысын естігенім анық…

Міне, осыдан кейін оқуға ден қойдым. Кітапханадағы бар кітапты оқып тауыстым. Мектеп бітіргесін алысқа кетуге мүмкіндігім болмады. Сосын Төлеген Бисенбин деген қойшыға көмекші болып орналастым. Жарықтық кең адам еді. Қой бағып жүріп кітап оқимын. Екі жылда көп тәжірибе жинақтадым.

— Содан кейін барып оқуға түстіңіз бе?

— Иә. Ақтөбенің медицина институтына құжат тапсырдым. Адамның тағдыры деген қызық қой, Пушкин  атындағы саябаққа барып, бір иманжүзді кісімен кездесіп қалдым. Алматыдағы зоотехнкалық-малдәрігерлік институтқа талапкерлер қабылдауға келген екен. Міне, осы кісімен әңгіме менің өмірімді күрт өзгертіп жіберді. Парасатты адам екен, институт жайын, ауыл шаруашылығы үшін  мал мамандары ауадай қажеттігін түсіндіре келіп, шешім қабылдауды өзіме қалдырды. Мен ақыры, сонда құжат тапсырып, студент атанып шыға келдім. Шешем жалғыз өгізін сатып, жолпұл қылып берді. Ірі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, облысымызға белгілі азамат Кеңес Бірмановтармен бірге оқыдым. Бір нанды бөліп жеген достармен әлі күнге дейін мықты араласамыз. Ал Ақтөбеде кездесіп, менің өмірімді күрт басқа арнаға бұрып жіберген азамат — қазақтың белгілі ғалымы Мәжит Байтурин. Ол кісінің  менің ғылым жолына түсуіме де септігі тиді.

Жаяу қалдырған шындық

— Білетіндер сізді, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей, мінезді  адам дейді. Солай ма?

— Өз ісімнің дұрыс екенін білсем, мен неге қайтуым керек? Ал енді өз бетіммен ешкімге соқтыққан адам емеспін. Мысалы, институт бітіріп келгенде мені  Темір ауданының хатшысы Төлеу Алдияров  қабылдап, комсомол комитетінің нұсқаушысы етіп жіберді. Бес айдан кейін ірілендірілген «Ленин» кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалдым. Директорымыз Иван Черненко —  тәжірибесі мол, талапшыл адам. Мені жылы қабылдады. Бастамаларыма қолдау көрсетті. Соның арқасында мал семіртудің жаңа көрсеткішіне қол жеткіздік. Бетімнен қақпай, қолтығымнан демегеніне қатты ризамын. Ал сол кісі кеңшардың бас агрономы Сейітхан Әуезовті жұмыстан шығарып жібергенде  мен қарсы шықтым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына барып, мән-жайды баяндадым. Кейін осы мәселе бойынша өткен жиында бас агрономды қолдап сөйледім. Ақыры Әуезов қайтадан өз орнына келді. Әрине, өзіме жылы қараған басшының ыңғайына жығылып, соның дегенімен жүре беруге болар еді. Бірақ әділдік деген бар ғой. Қай мәселеде де турасын айтқан дұрыс.

— Ал енді осы мінезіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

— Болды. Мен ол кезде «Пролетар»   кеңшарының директорымын. Сөз арасында айта кетейін, бұл артта қалған, директор шыдатпайтын кеңшар еді. Өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып еткен еңбектің арқасында облыстағы маңдайалды шаруашылыққа айналдырдық. Әр жылды миллион рубльмен аяқтап отырдық.

Енді әлгі «таяқ жеген» тұсыма келейік. Жаңа өндіріс пен ғылымды ұштастырып дегенді бекер айтқан жоқпын. Ғылым — нақты дүние, оған анау-мынау жүрмейді. Бізде бір жылдары республикадағы дүмпуге ілесіп тың жерді игеру басталды. Жеріміздің жартылай шөлейтті екендігі ескерілген жоқ. Біз де кеңшарда  үш мың гектар жерге егін салдық. Ішім удай ашиды. Өйткені нәтижесін алдын ала біліп отырмын. Бірақ обкомның бірінші хатшысы Василий Ливенцовтың көңіл күйі мүлде бөлек. Оның байламынша, Ақтөбе облысы 70 миллион астық тапсырып, өзге облыстардың «аузын ұрып» кетуі тиіс. Облысты аралап жүріп, біздің кеңшарға келді. Қасында Сағидолла Құбашев пен Сәлім Шынтасов бар. Өте көңілді екен. Аралаған жерлерінің бәрі уәдеге тойғызған. Ал мен «Арпадан асып кетсе, 8-10 центнер, бидайдан 3-4 центнерден алатынымызды»  айттым. Қатты ашуланғандығы сондай, әбден ұрысып, мені көліктен түсіріп кетті. Сөйтіп, егіс басында  жалғыз, жаяу қалдым. Көп ұзамай облыстық газеттің бетінде «Пролетар» кеңшары жерді дұрыс пайдаланбай жатыр…» деген мақала жарық көрді.

— Содан?

— Жыл соңында облыс 70 мың пұт емес, 50 мың пұт астық тапсырды. Көптеген шаруашылықтардың уәдесі уәде күйінде қалды. Ал біз облыстағы алдыңғы қатардан көріндік.

— Ливенцов ештеңе демеді ме?

— Жоқ, ол арамыздағы әңгімені ұмытып кеткен сыңай танытты. Бірақ менің бос сөйлемейтініме көзі жеткен сықылды. Әйтпесе, Мұғалжар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындамас еді ғой.

Хатшы

— Ливенцовтың ұсынысымен хатшы болдыңыз ғой?

— Иә. Есентукидегі «Қазақстан» шипажайында жатқанымда шақыртып алды.

— Жұмысты неден бастадыңыз?

— Мен келгенде жағдай мәз емес еді. Жаз ортасынан ауса да әлі шөп шабылмапты. Қуаңшылық болды сол жылы. Шөпті Ырғыздан шауып, тасиық деген ұсыныс болды. Мен оған барғым келмеді. Аудан аумағында орналасқан, бірақ бізді тіпті де менсінбейтін, тікелей Мәскеуге бағынатын  әскери зонаның басшыларымен кездесіп, солардың территориясындағы шөпті шауып алуға қол жеткіздік. Оларды азық-түлікпен  біз қамтамасыз ететін болып келістік. Кейін керемет араласып тұрдық. «Мұғалжар» кеңшарынан бөлінген «Қазақстан» кеңшары тікелей соларға қызмет жасады. Әрине, ақшасына.

Қай саланың да еңсесін ғылым тіктейді. Жұрын кеңшарына Одақтағы мықты ғалымдар тартылды. Төлді көп беретін «цигай» қойының жаңа ақтөбелік түрі дүниеге келді. «Мұғалжар» кеңшары таза жылқы шаруашылығымен айналысты. «Тұлпар» атты жастар бригадасын құрдық. Оның аты күллі республикаға жайылып, Қазақстан комсомолы сыйлығын алды. Сол кездің ұранымен құрылған 12 жастар бригадасына  40 мың қой бекітіліп берілді.

Суармалы жерлердің аумағын ұлғайттық. Соның есебінен егіс көлемі бес есеге көбейді. Мектеп, кинотеатрлар салдық. Ахмет Жұбановтың музейін аштық. Қыруар шаруа жасалды. Оның бәрін шағын сұхбатта айту мүмкін емес.

— Сондай хатшыны кейін жұмыстан кетіруге не себеп болды?

— Ливенцов кетіп, оның орнына келген Трофимов бізге бұрынғы хатшының адамы ретінде қарады. Оның үстіне ауданға келгенде менен облыстағы кадрлар туралы сыр тартпақ болған, мен үнсіз қалдым. Кейін жауығып алды. Бұлай жұмыс істей алмайтынымды білдім де, арыз беріп, біржола ғылым жолына ден қойдым.

— Өміріңізде пара беріп көрдіңіз бе?

— Пара деуге келмес, бірақ мынадай қызық жағдай болды. Мұғалжар ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан кейін ауданға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ливенцов келді. Оған сыйлық жасағым келді. Оңаша бір сәтте осы ойымды өзіне жеткіздім. «Қуандық, — деді сонда ол,  — АҚШ-тың президенттері параны қызметте жүргенде емес, зейнетке шыққасын алады екен. Біз де сөйтейік. Мен зейнетке шыққанда,  ұмытып кетпесең болды». «Келістік» — дедім мен. Екеуміз қол алыстық. Василий Андреевич алысты болжаған екен. Шынында да ол кісі зейнетке шыққанда жағдайы аса мәз болмады. Зейнетақысы коммуналдық қызметтің ақысын төлеуге әрең жететін. Бұған Мәскеудің қымбат тұрмысын қосыңыз. Оның тіпті бір жерде күзетші болып та істегенін естідім. Ал бұл кезде мен ірі кәсіпкер едім. Жыл сайын қомақты қаржы мен басқа да сыйлықтар жеткізіп тұрдым. Ол кісі қатты риза болатын.

Жаман аурумен арпалысқанда

— Сізді жұртшылық нарықтық қатынастарға тез бейімделіп, «Өмірбек» ЖШС-ын құрған  белгілі кәсіпкер ретінде жақсы біледі. Алайда,  мен басқа нәрсе туралы сұрағым келіп отыр. Естуімше,  екі рет жаман ауруға шалдығып, жазылған адамсыз. Бұл — өте сирек кездесетін оқиға. Әдетте қатерлі ісікке шалдыққан адам бірден үмітсіздікке беріледі ғой. Сіз бір емес, екі мәрте «жаман аурудың» «тырнағынан» құтылыпсыз…

— 1985 жылы Мұғалжар ауданы партия комитетінің бірінші хатшылығынан кетіп, ғылыми жұмыспен айналыстым. Сол кезде құлағымның түбінде ісік пайда болды. Басында аса  мән бергенім жоқ. Кейін емханаға қаралдым, ауруханада жаттым, пайда болмады. Жолдамамен Мәскеудегі Орталық Стоматология ғылыми-зерттеу институтына барып, екі айдан астам уақыт  емделдім. 350-ге жуық  дәрі екті. Ісік тоқтамады. Отырудан қалдым. Тамақты тұрып ішетін болдым. Онда да сұйық тамақ. Етбетімнен ғана жатамын.

Сосын менің өтінішіммен институт басшылары консилиум шақырып кеңесті. Биопсия алды. Сөйтсем, құлақ түбі қатерлі ісігі болып шықты. Осында қызмет істейтін белгілі онколог-ғалым, білікті дәрігер Георгий Фалилеев тексеру нәтижесін қарап шығып: «Бірден ота жасауға болмайды екен. Алдымен сәулемен емдеу қажет», — деп онкология орталығына жатып емделуге жіберді.

Онкологиялық ғылыми орталықтың бас директоры Николай Трапезников мені Александр Пачес деген дәрігердің қарауына бөлді. Қолы алтын кісі екен. Сәулемен емдеуді бастады. Бірақ ісік ұлғая түсті. Тіпті жағымның ішіне кіріп кетті. Маған үнемі келіп, қолдау жасап жүретін Махсұт Ахметов дейтін ақтөбелік азаматтың үйіне барып, Жаңа жылды күтіп алып отырғанымызда тіпті ештеңе шайнай алмадым. Қаңтардың 3-і күні мені тексерген дәрігерлер сәулемен емдеуді тоқтатты. 22 рет  алуым керек еді, мен 15-ін қабылдағам. Енді тек ота жасау керек.

Енді нағыз қиын күндер басталды. Айран, қаймақ қана ішемін. «Шіркін-ай, бір тілім нан жеген адамның арманы бар ма екен…»  деймін.

Ақпанның 6-ында ота жасалды. Оның алдында Александр Пачес ота үстінде менің бет терімді кәдімгі қойдың басын үйтуге пайдаланатын қыздыру лампасымен «паяльная лампа» күйдіру туралы ұсыныс жасады.

— Бұрын олай күйдірмей ме екен?

— Мәселе сонда боп тұр ғой. Менің келісімім керек екен. «Өлсем, өлермін, бірақ ғылымға пайдам тисін…» деп ойладым. Сөйттім де:  «Ғылым үшін келісім беремін…» деп қолхат жазып бердім. Сосын ота жасалды. Бір қызығы, мен ота үстінде оянып кеттім.

— Қалайша?

— Солай. Медицинада өте сирек кездесетін жағдай екен. Мұрныма кәдімгі күйіктің исі келді. Дәрігерлердің бір-біріне не айтқанын толық естіп жаттым. Кейін өздеріне айтып бергенімде таңғалды.

— Содан жазылып кеттіңіз бе?

— Жоқ. Тағы да сәулемен емдеу басталды. Бес рет алғанымда құлағымның тіккен жері сөгіліп, түсіп кетті.

— Қап. Енді қайттіңіз?

— Құлағымды дәкемен орап, ауруханадан шығарды. 2-топтағы мүгедек атандым. Александр Пачес маған былай деді: «Сіз жұмыс істеңіз. Жұмыс істесеңіз, өзіңізге де, бізге де көмектесесіз. Әйтпесе…». Сосын таза ауада көбірек жүру керектігін ескертті.

…Отбасым Ақтөбеге көшіп келген-ді. Саяжай сатып алдық. Көбіне сонда боламын. Жетісіне үш рет дәкені ауыстырамын. Мәскеуге үш ай сайын барып тұрамын. Құлағымның астынан қайта-қайта өлген сүйек шығады…

Алты айдан кейін жұмысқа кірістім. Ұзақ жылғы ғылыми еңбектің нәтижесі — жартылай қылшық жүнді ақ қойдың түрін кең таратып жатқан кезіміз. Дәрігердің айтқаны рас екен. Ойым біржола жұмысқа ауды. Ауру ұмытыла бастады.

— Біржола жазылып кеттіңіз бе?

— Жоға. Менің бетімнің сол жағының жүйке талшықтарын алып тастаған. Ештеңе сезбеймін. Қатерлі ісіктен жазылғаныммен,  біраз жылға дейін зардабын тартып жүрдім. Сәл еңкейсем, көзім төмен қарай түсіп кететін. Үстіңгі ернім иегімнен бір-ақ шығатын. Кейін Тәуелсіздік алып, кәсіппен айналысқанда, Германияда бетіме пластикалық ота жасаттым. Олар терімді жоғары тартып тікті. Енді аузымның  қисайғаны азайып, бетімде тыртық қалды, көзім ашылып-жабылатын болды.

— Қатерлі ісікке екінші рет шалдыққанда қандай сезімде болдыңыз?

— Жаман ауруға шалдыққанын бірінші естігенде,  адам есінен айырылып қалады. Алғашқыда менің тіпті үйге звондап, хабарлауға да шамам келмей қалған. Одан жазылғаннан кейін үнемі қаралып, тексеріліп жүретін болдым. 12 жылдан соң  дәрігерлер асқазанымда жарты сантиметр ісік бар екенін анықтады. Германия, Франциядағы дәрігерлер де диагнозды нақтылады. Олар ісіктің өсуін тежейтін дәрі ұсынды. Еуропада ота жасауға мүмкіндік  болғанымен, мен Мәскеудегі Онкологиялық ғылыми орталыққа қаралғанды жөн деп шештім. Бұл жолы бойымда қорқу болған жоқ. Маған ота жасайтын Михаил Давыдовқа өзім қаралып жүрген, мені ертіп апарған дәрігер Зинеш Браловты ассистент қылып алуды ұсындым. Ол басында қатты қарсы болса да, кейін көнді. Ота жасалғаннан кейін бес күннен соң тамақ ішуге рұқсат берді. Бірақ қасықты аузыма жақындатқан сәтте лоқсып, құса бердім.  Медбике арқылы дәрігерді шақырттым. Михаил Иванович келді де, маған жарты стақан арақ ұсынды. Бір ғажабы,  арақ өтті де кетті. Өткенде де ішімді күйдіріп-жандырып өтті. Содан кейін тамақ іше бастадым.

— Демек, қатерлі ісіктен емделуге болады ғой?

— Болады. Алғашқы сатыларында анықтаса, сылып тастауға болады. Маған ота жасалғанда, ісік екі сантиметрге жеткен жоқ болатын. Әрі өте мықты дәрігер жолықты. Отадан кейін 13 келі арықтаппын. Себебін сұрағанымда менің ішімнен бір жарым леген май алып тастағанын айтты. Қарын мен ішектің әрбір миллиметріне дейін «сүзіп», тексерген. Өйткені қатерлі ісіктің титтей бір ошағы қалып қойса, ол кейін қайта жанданады.

— Қазір қандай тамақ ішесіз?

— Кәдімгі сау адам не ішсе, мен де соны ішемін. Аз-аздан екі сағат сайын тамақтанып отырамын. Жылқы етін, қымызды үзбеймін.

— Сексенге келдіңіз. Жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?

— Өмірді сүю керек. Тіпті қандай жағдайда да түңілмеу керек. Көріп отырсың ғой, мені осы күнге жеткізген сол өмірге деген құштарлық.

                                                       Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button