Әлеумет

Мың айдан да қайырлы түн

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.)хадисінде:«Рамазанайының әуелгі бөлігі —мейірімділік, ортасы — кешірім, соңы — тозақтан қалқан», — делінген.

Рамазан — ораза айы. Оны ерекше қадірлі ететін жайт — қасиетті Құранның осы айда түсірілуі. Құран түскен Қадір түні рамазанның соңғы он күндігіне жасырылған. Сондықтан Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) рамазанның үшінші бөлігін ерекше құлшылықпен өткізген және өзінің үмбетіне де соны өсиет еткен.

Рамазан айы — әр істің сауабы еселеніп артатын шақ. Әсіресе, оның соңғы онкүндігін, мүмкіндігінше, қайырымдылық істермен өткеруге, зекет, пітір садақасы мен фидияны да нақ осы кезде өтеуге тырысқан абзал. Естеріңізге салайық, биыл пітір садақасының төменгі мөлшері еліміз бойынша жан басына 300 теңге болып бекітілді. Рамазанның әр күніне фидия мөлшері — 1000 теңге. Ал зекетті, негізінен, дәулетті адамдар және жиған дүние-мүлкінің мөлшеріне қарай беретіні белгілі. Пітір садақасы мен фидияны айналаңыздағы мұқтаж жандарға немесе жергілікті мешіттерге табыстай аласыз.

Қасиетті Қадір түні мың айдан да қайырлы саналады. Ол — Алла Тағаланың Мұхаммед үмбетіне сыйы. Бұл туралы бізге жеткен әңгімеде былай делінген: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұрынғы қауымдар өкілдерінің Жаратушының разылығы үшін мың ай бойы ғибадат еткенін біледі. Өйткені алыс дәуірлерде адамдардың жасы өте ұзақ болған, олардың арасында жүз, тіпті мың ай бойы үзбей құлшылық еткен жандар кездеседі екен. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) осыны естіп, мұңайып: «Иә, Алла, басқа пайғамбарлар үмбетінің өмір жасын ұзақ қылдың, амалдарын көп еттің. Ал менің үмбетімнің өмір жасы қысқа, амалдары кем», — дейді. Сонда Алла Тағала Мұхаммед үмбетіне Қадір түнін сыйлайтынын және бұл түні жасалған құлшылықтың мың айдан да қайырлы екенін білдіреді.

Бұл жөнінде Құранда: «Негізінен, Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхамед с.ғ.) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жәбірейіл ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады»— делінеді(«Қадір» сүресі, 1-5-аяттар).

Пайғамбарымыз өз хадистерінде Қадір түнін рамазанның соңғы онкүндігінен іздеуді, сонымен қатар рамазанның 27-ші түнін Қадір түні ретінде күтуді де өсиет еткен. 27-ші түн биыл маусымның 11-нен 12-не қараған түнге сәйкес келеді.

Арабтың «Ләйлатун-қадр» сөзін аударғанда, «тағдыр түні» деген мағынаны береді. «Қадір» сүресінің 4-аятында көрсетілгендей, бұл түні Жер бетіне Жәбірейіл бастаған періштелер түсіп, адамдар үшін дұға етеді, олардың игі тілектерінің қабылдануын сұрап, Аллаға жалбарынады. Хадисте: «Кімде-кім Қадір түнін, оның артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, құлшылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі» — делінген (имам Бұхари, Әбу Һұрайрадан).

Қадір түні намаз, дұға-тілек түріндегі құлшылықтармен қатар, Құран Кәрімді ашып оқу немесе тыңдау, сүре-аяттардың тәпсірлерімен танысу, хадистер жаттау және оларды отбасыңызға, жақындарыңызға жеткізу секілді істермен айналысудың маңызы зор. Қадір түнін мешітте өткізген жағдайда, тыныштық сақтап, имамдардың уағыз-насихатына назар аударыңыз.

Рамазанда жасаған құлшылықтарыңыз, қайырымдылықтарыңыз бен игі тілектеріңіз қабыл болғай!

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button