Әдебиет

Өтежан ақынның батасы

Өтежан — 80

1977 жылдың қыркүйек айының іші еді. Байғанин ауданы орталығында облыстық ақындар айтысы өтетіндігі туралы хабар тарады. Көп ұзамай: «Айтысқа қатысатын байғаниндік үш ақынның бірісің. Жақында жарыстас Ойыл ауданын аралауға жүресіңдер» деген хабар алдым. Жолға шығатындар — «Абай» кеңшарынан мектеп мұғалімі Жақсылық Айжанов, Қосарал ауылында  тұратын Асылгүл Арықова және мен екенмін. Бізді көрші ауданға аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі бастап баратыны айтылған.

Айтқандай, сол күндер де жетіп, көрші ауданның Аманкелді, Берсиев атындағы, «Саралжын», «Жекенді», «Жетікөл»  кеңшарларының елді мекендерін, мәдени орындары мен мектептерін араладық. Адамдарымен сөйлестік, пікір алыстық. Тілге тиек ететін кемшіліктері мен жетістіктерін қағазға түртіп алдық. Айтыстың ол кездегі бізге қойылған талабы — дайындалып, жазып айтысу болатын.

Көрші ауданды аралап оралған соң, дайындыққа кірістік. Мен ол кезде  «Оймауыт» кеңшары комсомол комитетінің хатшысы едім. Бір күні кеңшар директоры Естілеу Құлшымбаев шақырып: «Айналайын, Меңдіхан, дайындығың қалай? Сол айтысқа қазылық ететін бір топ ақын бізге келе жатыр. Ертең осында болады. Кездесу өткіземіз, сөзге дайындал! Олардың ішінде белгілі ақындар Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Ақтөбе облыстық газетінің арнаулы тілшісі Ибадулла Сұлтанов та бар көрінеді», — деді.

Бұл — кеңшар директоры Есекеңнің абыройы аспандап, айдарынан жел есіп тұрған шағы еді. СОКП ХХV съезінің делегаты басқарған шаруашылық та облыстың алдыңғы қатарында болатын. Бір жылдың ішінде отыздан астам малшы-шопан ордендер мен медалдармен марапатталған-ды. Шаруашылық Еңбек Қызыл Ту орденін алған-ды. Қалай мақтануға да, қалай шаттанып көсіле, шешіле сөйлеуге де мүмкіндік болып тұрған.

Қонақтарды Есекең түскі асқа үйіне қонақасыға шақырды. Ішінде мен де болдым. Төрелік қылуға емес, қонақтарға қызмет көрсетуге шақырғаны  түсінікті. Қызметімді айтпай біліп, «аш, құй» сияқты қызмет атқарып отырдым. Бір қызығы, қонақтардың үшеуі де ішімдікке жоқ екен. Бізбен бірге кеңшардың жұмысшылар комитетінің төрағасы Төлеген Ұзақбаев, бас есепшісі Елеш деген азамат та болған еді.

Дастарқан басындағы әңгіме өлеңге ауысқанда Естілеу аға: «Өтежан, айналайын, оқырман ретінде сенің өлеңдеріңнің ішінде «ЖенПИ», «Жаса, жаса, Бейбітшілік!», «Январь» деген өлеңдерінді өте жақсы деп ойлаймын. Біз шаруаның адамымыз ғой, өлең оқи беруге қол да тие бермейді. Әсіресе, «ЖенПИ» дегенің тамаша, дәл суреттелген шығарма ғой», — деп, 2-3 шумағын жатқа айтып берді. Бұған Өтежан ақын: «Өлең оқитын директорды бірінші рет кездестіріп отырмын», — деп мәз болды. Шынына келгенде, бәріміз де бұған таңданып қалдық. Өйткені Есекең өте қарапайым, желпініп, қызынып сөйлеуге, қызба мінезге жоқ адам болатын. Оның бар есіл көкейі шаруа, одан басқаға алаңы жоқ адам ғой деп есептейтінбіз…

Кешке халықпен ауылдың клубында кездесу болатын болды. Түс қайта серуенді қол көрген қонақтар ауыл ішін, көшені аралап,  ауыл сыртындағы қыраттарға шықты. Олармен бірге болғандардың басқалары  кеңсеге кетті де, ақындармен бірге мен қалдым.

Далада жел суырып, құм мен шаң оқтын-оқтын борап тұр. Оймауыттың көшесі де қай бір көгалға малынып тұрған жер. Ақ тақыр, жел үп етсе құм бораны мен ақ бұрқылдағы бірге көтеріледі. Осыны білетін Ибадулла: «Үйге кіріп неге демалмаймыз?» — деді Өтежан мен Есенбайға қарап. Өтежан: «Жоқ, мен осы шаңдақты, осы топырақты сағынып келген адаммын. Алматының тас көшесі жалықтырды. Бала кезден Жем бойының құмына былғанып өскен маған осыдан артық демалыс, осыдан артық тазалық жоқ. Осы құм мен шаңдақтың өзі мені қызықтырып, сүйсіндіріп, бала кезімді еске түсіріп келеді», — деді. Сөйтті де, неге екенін қайдам, бір кезде:

«Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу

Түзу жердей жол кернеп, ұлғайды су.

Қалың қайрат бойында, беті күліп,

Момынсынған пішінмен ағады қу» — деп өлеңдетіп, «Қайран Абай, данышпансың ғой, қандай керемет аударма» деді өзінен-өзі. Сосын ойына не түскенін, қайдам, Лермонтовтың «Теректің сыйы» деп аталатын осы өлеңінің тура осы шумағының орысшасын жатқа айтып шықты да: «Түкке тұрмайды. Ал Абайдың аудармасы — керемет құдірет» — деді де, өлеңнің соңғы екі жолын:

«Қалың қайрат бойында, беті күліп

Момынсыған пішінмен ағады қу» — деп қайталап,  өзімен-өзі болып келе жатты.

Кешкі кездесу көңілді өтті. Халық шағын клубқа тола жиналды. Ақындар екі-үш өлеңнен оқыды. Шығып сөйлегендер де білгенін айтып, тілдері жеткенше мақтап жатыр. Ол кезде сый-сияпаттың дәстүрге айналмаған кезі ғой. Бірақ атағы дүрілдеп тұрған шаруашылықтан құр кетпесін деді ме, «Орамал тон болмайды, жол болады» деп сыйлық ұсынылды Өтежанға. Басқаларына ештеңе жоқ. Ал қазір болса төңірегін де, басшысы мен қосшысын да ескеріп, құр қалдырмай жатамыз ғой.

Жиынға кеңшар партия комитетінің хатшысы Түрікпенше Әбенов келмей қалды. Доңызтауға мал азығын дайындау науқанын бақылауға өкіл болып барып келіп,  үйінде жатыр дегенді естіген қонақтар кеңшар партия ұйымының басшысының қатыспағанына реніш білдірді. Ақындар «ел мәдениетінің жаршысы, идеология сарбаздары ауылына келіп жатқанда төбе көрсетпегені қалай, кешіруге болмайды» деген пікірде болды. Осы оқиғаға Есенбай сол сәтте өлең шығарып, әжуа өлең елге тез жайылды. «Естіген құлақта жазық жоқ» дейді ғой қазақ, біздің де көңілімізде жатталып қалып еді:

«Берекетсіз Әбенов Түрікпенше,

Белі шойырылып қалады жүріп келсе.

Төбеңді бір көрсетіп кетпейсің бе

Қайыған түйе құсап үріккенше.

Бір медаль алғаныңа дардай болып,

Үйіңде ұйықтап жатсың пырдай болып.

Алыстан құлын кекіл қырттар келсе,

Алдында жорғалайсың құрдай болып.

Атыңды алты алашқа таратайын,

Жүр солай басың қатып шырдай болып».

Жалпы Төкең қонақтан қашатын адам емес еді. Сырттан келген қонақ, ауылға келген өкіл көбіне соныкіне түсетін. Аңқылдаған ақ көңілдеу адам. Кейде абайламай, аңғарымсыздық жасап алатын тұстары да бар еді. Терең қулық-сұмдығы жоқ азамат. Көп жыл мектепте директор болды. Мамандығы — мұғалім. Кеңшардың партия ұйымын да отыз жылға жуық басқарды. Кезінде бізге мұғалім болып, тарихтан сабақ берді. Партком кезінде де тәрбиесі мен қамқорлығын көрдік. Шыныменен сол күні Доңызтаудың алыс жолынан белі шойырылып қалғаны да рас шығар, бірақ айтылған сөз атылған оқпен тең. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген де бар емес пе? Айтылды, тарап кетті. Қылығы келеке болатындай сараңдыққа лайық, көптен өзін қашық ұстауға тырысатын азамат емес еді.

Мен содан, ақындардың айтыс алдындағы серуендерінде, бір аптадай Өтежан, Есенбай, Ибадулламен бірге жүрдім. Әсіресе, Өтежан: «Бізбен бірге жүр, бірге бол, керек десең басшылықтарыңнан рұқсат алып беремін», — деді.  Ақындарды Ақтөбеден келетін күні, аудандық партия комитетінің тапсырмасымен, мәдениет бөлімінің бастығы Сүндет Сарыбаев күтіп алып,  арнайы қонақ үйге орналастырады. Ол кезде Ақтөбе пойызы Қарауылкелдіге ыңғайсыздау уақытта, түн ортасында келетін. Содан болар, пойыздан күтіп алған бойда Сүндет қонақтарын қонақүйге жайғастырып, үйіне кетіп қалыпты. Таңертең ақындарды шайға үйіне ертіп кетуге келсе, қонақтар ұйқыда екен. Ортадағы стол үстінде үлкен қағазға бадырайтып жазылған өлең жолдарына көзі түседі:

«Амансың ба, Сүндетім!

Мамансың ба, Сүндетім!

Қонақүйді сілтеумен,

Атқарылды міндетің.

Бізге келген аштықтың

Бұрар екен кім бетін»…

Содан Сүндет екі ақынға қонақасы берді. Соның ішінде Ибадулла екеуміз де бірге болдық. Кешкісін Тобықтың көзін көрген інілері деп, Тобық Жармағанбетовтің қарындасы Әсем үйіне шақырып қойған.

Түс қайтып, күн әлі ұясына жақындай қоймаған шақта Сүндеттікінен барлығымыз далаға шықтық. Бағланның майлы еті мен ыстық сорпасына қызара бөртіп, әңгіме қозғап, желпініп тұрғанбыз. Бір кезде Өтежан: «Сүндет, мына әжетхананың алдында жатқан автоклуб қорабының сыртындағы ең болмаса жазуын боятып тастасайшы», — дегені. Қарасақ, қораптың сыртындағы үлкен әріптермен көлденеңдете жазған «Слава КПСС!» деген жазу екен. Әрине, автоклуб кезінде жазылғаны белгілі. «Беломор» аталатын темекісін бұрқ еткізіп, сол кезде Есенбай өзінің қоңыр дауысымен былай дегені:

Көзіміз көріп тұрса бар ма айыбым,

Партиям — киелі сөз, дардай ұғым.

Түзде отырып та «Слава КПСС» — деп

Айқайлайтын сияқты Сарыбаевым!

Сүндет тас-талқан болып ашуланды. Бұлардың рулық жағынан ағайындығы да бар екенін естігенмін.

— Осы сендер келеді деп шашылып-шабылып қуанамын. Бірақ келген сайын келеке қылып, жұртқа күлкі етіп кетесіңдер, бүйіткен ініліктерің де, ағайындықтарың да құрсын, —  деп кейін бұрылып, үйіне кіріп кетті. Бізбен жүргелі тұрған жеріне бармай қалды.

Өтежан, Есенбай, Ибадулла төртеуміз Әсем мен Артықтың дастарқанында болдық. Тобық жәйлі естеліктер айтылды. Сөз арасында жазушының жастай кеткендігін айтып,  Әсем бауырына деген сағыныштың күрсінісін білдіріп отырды.

Бір кезде Өтежан: «Тобық дұрыс жасады, — деді, — берерін берді. Шығармашылық қуатын танытты. Шеберлігін оқырманына мойындатты. Ауылдың, ауылдастарының аузында жүретін іс тындырды. Одан әрі біз сияқты қырттар мен қырттық қасиеті асқынған ортада жүруді қаламады, дұрыс жасады, шын талант берерін беріп ерте кеткенді жөн көрген», — дегені. Ешкім ештеңе дей алмай, үнсіз отырып қалдық.

Ортаға табақ толы ет келді. Бас тартылды. Бастың шетінен ауыз тиді де, Өтежан: «Күйеуді Пайғамбар да сыйлаған», — деп Есенбайға қарай ысырды. Өзі бір жастықты алып басына жастап, екі аяғын диванның құйрық басар жеріне қойып шалқасынан жата кетті. «Мен ет жемеймін, тоқпын» деп, табаққа қол салмады. Біз ыңғайсыздандық. Үй иелері де біртүрлі болып отырды. Өтекеңнің бұл қылығы қасындағы отырғандарға да оңай тимей отырғаны сезіліп тұрды. Еттің батасын қайтаратын кез келгенде де: «Асты ет жегендер қайтарсын» деп, жатқан күйінен ақын ағамыз қозғалмады. Мұнысы бізге оғаш көрінді. Өтекеңді «ерке ақын, еркін ақын, ерте танылған ақын, Әбділдә ақыннан бата алған, өз өрнегі бар адуын ақын» деп көп естігенмін. Мынаусы еркеліктен гөрі ерсілікке жататын сияқты болып көрінді маған.

Ертеңгісін сол кездегі «Алтай» кеңшарында кездесу өткізілетін болды. Халық жақсы жиналды. Әдеттегідей әңгімелер айтылды. Өлең оқылды. Жиналыс аяқталғасын Өтежан: «Аудан орталығына кеттік!» деді. Кеңшардың ұйымдастырып қойған қонақасына қарамады. Неге өкпелеп, неге ренжігенін біз түсінбедік. Облыстық газеттің үш аудан бойынша меншікті тілшісі Ибадулла ермей қалып қойды. «Астан аттап кете алмаймын, осы елмен жұмысым тығыз байланысты. Өтежан ертең Алматысына кетеді, қалатын біз» деп ермеді.

Біз үшеуміз түнделетіп келіп, Қарауылкелдіге жетіп қондық. Таңертең ертелетіп оянсам, Есенбай столда жазып отыр. Артынан білдім. Жинақтарында жүрген «Ақын келді ауылына» деген өлеңі сол жерде туған екен.

Таңертеңгі шәйді ішіп отырғанымызда Алтайда қалған Ибадулла келді.

Аман-саулықтан кейін Өтежан Ибадуллаға:

— Бізден қалып жеген майлы марқаның еті қалай болды? — деді.

— Дастарқанды тастап кетуге ұялдым, — деді Ибадулла.

— Сонда ұятсыз біз екенбіз ғой, — деді Өтежан, әрі қарай сөз сабақталған жоқ. Ибадулла да үндеген жоқ.

Аудандық партия комитетінің кеңсесіне беттеп келеміз. Кеңсе алдында ағаш отырғызылған үлкен алаң бар. Сырты қоршалған. Сол қоршаудан ұстап, жағалап бір жағынан сылти басып жүрген адамды көрдік. «Бұл Сейіл ағай ғой. Инфарк па, инсульт па алды деп еді, барып сәлемдесейік?», — деді Ибадулла.

— Иә, бәрімізге де сабақ берген, — деп екі ақын да қостады. Жақындап келіп амандастық.

— Балалар, амансыңдар ма, ағайларың ауырып қалды ғой, — деді Сейіл ағай көзі жасаурап, сөзі де көмейден көмескіленіп, түсініксіздеу шықты.

1963 жылы Жарқамыста сегізінші класты интернатта жатып менің де оқығаным бар. Бірден тани кеттім, орта бойлы тығыншықтай адам еді. Маужыраңқырап қалыпты. Ал амандықтан кейінгі Өтежанның сөзі де түйеден түскендей болды:

— Нағылар дейсің, баяғы интернатта жатып оқыған біз сияқты жетім балдардың есебінен жеген нандарың ғой шығып жатқан, — деді.

Өзі ауыратын адамға бұлай деу, әрине, ауыр ғой. Біз не істерімізді білмей үнсіз қалдық.

Төртеуміз қаздай тізіліп аудандық партия комитетінің кеңсесіне кірдік. Өтежан басшы, біз қосшы. Өтекең «біріншіге кіріп шығамыз» деді  мен «кірмеймін» дедім. «Болмайды, бізбен бірге жүргенің дұрыс, ертең айтысқа қатысасың, кімдердің қасында жүргеніңді бұлар да көрсін» деп көндірді. Кірдік. Сматулла Беркімбаевтың ауданды кейінгі құрылған 1965 жылдан табан аудармай басқарып, беделі мен абыройы асқақтап тұрған кезі. Неге екенін, салқындау қарсы алды. Мені де көзімен үнсіз бір шолып өтті. Бұл кім дегендей сыңайы байқалып тұр. Өзім де, неге келдім деген күйге түскендей ыңғайсызданып, шеткергі орындықтың біріне отыра кеттім. Бізбен бірге келген Ибадулла жеме-жемге келгенде хатшының бөлмесіне кірмей қалған екен. Өтежан бірінші хатшының қақ алдындағы ұзын столдың жақын тұсына бір қырындап отыра кетті. Есенбай да бер жағына жайғасты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

— Сіздің звоногыңызсыз барған жерден төбеміз көкке жетіп қайтып едік, сіздің звоногыңызбен барған жерден қарық болғанымыз шамалы, — деді біріншіге Өтекең.

Сматолла сұрланып, бір көзінің қабағы сыздана көтеріліп Өтежанға ажырая қарап, креслосына шалқая тіктеніп отырды да, жақтырмаған баяу үнмен: «Сіздердің алдағы шаруаларыңның жоспарын идеология бөлімінің басшысы Ауданбай мен исполкомның бірінші орынбасары Қожабайға тапсырғанмын, сонда барыңдар, сіздерді күтіп отыр», — деді.

Хатшының Өтежанмен шешіліп сөйлескісі келмегені, кіргеннен-ақ біздің топтың жүріс-тұрысын жақтырмай отырғаны айтпаса да білініп тұрды.

Бұдан соң Ауданбайдың кабинетіне кірді Өтекең. Біз де ілесіп соңында жүрміз. Ибадулла осында отыр екен. Идеология бөлімінің басшысына Өтекең:

— Келдік құзырыңа, сайра  идеологияның бұлбұлы, — деді. Ауданбай да шарт сынды.

— Өтежан, елге келдіңіз, халық сыйлап жатыр, дастарқанынан ауыз тимей аттап кету қай қазақтың салтында бар? Бұныңыз… — деп ол да аттың басын жіберді. Тыңдап отыруға ыңғайсызданып, Ибадулла екеуміз шығып кеттік. Біршама уақыттан кейін Өтекең шықты күлімсіреп, «Жүріңдер, енді батырдың жүйкесінің беріктігіне барлау жасап көрейік» дегені. Исполкомның орынбасары — белгілі адам, Совет Одағының Батыры Қожағали Жазықов. Өзінде екен. Жаймен, байыппен асықпай сөйледі. Кешке халықпен кездесу ұйымдастырылып жатқанын айтты. Жарқамыстың кейбір азаматтары туралы әңгіме өрбітті. Сол жерлердегі балалық шақтары туралы да еске түсірген болды. Бұл жердегі Өтекең мен Қожағали ағаның әңгімесі ағалы-інінің сағынысып көрісіп, сырласқанындай әсерде болды.

Кешке аудан орталығында Мәдениет үйінде кездесу өтті. Адам көп жиналды. Кездесуге аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Қарылға Баймағанбетова, атқару комитетінің мәдениет саласына жауапты орынбасары Қожабай Жазықов, т.б. мекеме басшылары болды.

Атақтары оқырман қауымға белгілі  болған, шығармашылығы толысқан екі ақынды жерлестері сағынышпен күтіп жүргені көрініп тұрды. Зал лық толы. Өлең- жырға құмарлар дүрілдетіп қол соғып қояды. Екі ақын өлеңдерін оқыды. Өтежан да, Есенбай да өлеңдерін нақышына келтіріп, бар ынтасымен, жүректен шығарып беріліп жеткізді. Одан кейін Байғанин кеңшарынан келген, жергілікті ақын Бекес Сәуірбаев өлеңдерін оқыды. Кезек маған келді. Екі ақыннан бір-бір өлең оқыдым. Әсіресе, Есенбайдың «Не жаңалық бар?» деген өлеңін бар шеберлігімді сала оқып шықтым. Жатқа да білетінмін. Жұрт дүрілдете қол соқты. Зал теңселіп, тебіреніп, жерлес ақындарына деген сағынышы мен ризашылығының есесін екі алақанының күшінен алып жатқан сияқты. Өтежанның баданадай екі көзі жайнап, қомданып  бір отырып, бір тұрып, артына ошарыла бұрылып, екі қолын көтеріп ризашылығын  білдіріп жатты. Ал Есенбай болса ештеңе болмағандай, ешкім ешнәрсе айтып жатпағандай, үнсіз қолындағы қағазына қарап,  шағын денесіне бүкіл ықылас-ниетті мызғымай отырып-ақ құйып алып, қабылдап отырғандай сабырлы.

Бір сәт сахнаға ауданның үшінші хатшысы Қарылға Баймағанбетова  шығып, екі ақынның өскен жері, шығармашылық қарым-қабілеті туралы өз ойын білдіре келіп, ауданның атынан екеуіне де шапан жапты. Бастарына қалпақ кигізді. Ірі денелі, ажарлы жүзді Өтекеңнің басына қалпақ қона қалды. Ал Есенбайға кигізгенде кеңсірігіне дейін түсіп кетті. Шағын денелі, басы да кішкентай адамның басына қондырған қалпақ ерсі көрінді. Шапан жабудың жаңа басталып, әлі беделі бүгінгідей түсе қоймаған кез. Таңдағаның сауда орындарынан ұшыраса бермейтін, ал шапанға лайық құндыз бөрік дегенді, тіпті оған ұқсасты іздесең, оңайлықпен таппайтын уақыт.

Кеш жақсы өтті. Ақындар көңілді. Халық та абыр-дабыр тарасып жатыр. Қарылға, Қожабай бастап, ақындармен бірге кешкі қонақасыға беттеп келеміз. Әңгіме ауаны кештің барысына ауысқанда, бір сәт Өтежан сөз бастады.

— Халықтың көңіліне рақмет. Аудан басшыларына да ризамыз ғой. Ақын деген халық еліне еркелеп, аунап-қунап қайту үшін, балалығын, балдәурен шағын сағынғанда келеді емес пе? Шапан жауып құрметтеп жатсыңдар, әсіресе, жақында кеткендігінен шығар, Есенбайды мықтап сағынып қалыпсыңдар, әрі төсенуге, әрі жамылуға жарарлық мол шапан жауып, басына мұрнына дейін жететін қалпақ кигіздіңдер. Қазақтың шапан мен қалпақ кигізгенін де көрдік. Туған жер несін аясын. Кеудеміз азиялық, басымыз еуропалық болып шыға келдік, — деп ынта-шынтасымен күлді. Байқаймын, үшінші хатшы да, атқару комитетінің орынбасары да күле түсті де, әңгіменің астарын аңғарып қалды ма, тыйыла қалды. Ешкім әңгімені әрі қарай жалғастырған жоқ. Өтежанның не оймен, қандай бағытта қағытып тұрғанын әркім өзінше түсінген, ұғынған сияқты.

Айтыс ертеңіне басталып кетті. Жазып дайындалып келген жолдарымды тағы бір шолып оқып отырғанымда, менің аты-жөнім аталды.

Домбыраны қолға алып отырғаным болмаса, келістіріп шерте білмейтіндігім қинады. Дегенмен барымша жазғандарымды өзімше нақышына келтіре желпіндіре айтып шықтым. Жаман болмаған сияқты. Арасында жұрттың дүрілдете қол соғуына қарағанда өзіме жүктелген міндетті орындағандаймын.

Ертеңіне жүлделі орын алғандарды марапаттау болды. Әдеттегідей үшінші орын алғандардан басталды. Екінші орын алғандарды комиссия төрағасы ортаға шақырды. Оның ішінде де аталмай қалдым. «Ай, маған ештеңе жоқ шығар» деп отырғанмын. Бір кезде төраға:  «Бірінші орын алған ақынға алтын сағат пен бірінші дәрежелі диплом — оймауыттық Меңдіхан Әділханұлына беріледі» дегенде, өз құлағыма өзім сенбей, хабарлаушыға қарап қалыппын. «Келіңіз» деп ортаға шақырған ишаратын көргенде барып, орнымнан атып тұрдым.

Өтежан айтқан ақындардың қасында жүрген адамға ақындықтың киесі жұғады дегендей, киесі жұқты ма, жүлделі орын алғаныма едәуір көтеріліп қалдым. Ол кезде ауданның бірінші хатшысының қолыңды қысып тұрып ризашылығын білдіруі — үлкен мәртебе, үлкен марапат болатын.

Айтысқа белгілі ақындар, Өтежан Нұрғалиев, Мұқтар Құрманалин, Фариза Оңғарсынова, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдиндер қатысып отырған. Өтежан келіп құттықтады:

— Бала, ағаң берген батаның аруағына көзің жеткен шығар, — деді.

Рақметімді жаудырып жатырмын ғой.

 Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button