Мәдениет

Роза РЫМБАЕВА: Әншілердің 90 пайызы ел алдына фонограммамен шығады…

Ақтөбеге гастрольдік сапармен келген Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал әнші Роза Рымбаева алдымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері — Қобда ауданына барып, мерген қыздың рухына тағзым етті, сондағы жұртшылыққа концертін өткізді. Ал келесі күні есеп беру кеші Ақтөбе қаласында жалғасты. Екі күн біздің өңірдегі тыңдармандарымен жүздескен сахна сандуғашымен «Ақтөбе» газетінің атынан әңгімелескен едік.

…Сұхбат барысында әйгілі әнші  тың жоспарларын айтып қана қоймай, сахна сыртындағы сырымен де бөлісті…

 — Роза Қуанышқызы, өзіңізбен осыдан 4 жыл бұрын облыстық газеттің атынан тілдесіп, ауқымды сұхбат жасағанымыз бар-ды. Жалпы, журналистермен жиі жүздесу — сіз үшін үйреншікті нәрсе. Шыныңызды айтыңызшы, халық артисіне ең көп қойылатын сауал қандай?

— «Күйеуге қашан шығасыз?», болмаса «Сүйіктіңіз бар ма?» (күлді). Осы екі сұрақты қай жерге барсам да қойып жатады. Тілшілер де бұны сұраудан жалықпайды. Мен де, амал жоқ, жауап беруге дағдыланып алдым.

Өзіңіз ойлап көріңізші, жасы алпыстан асқан адамға күйеу неге керек? Балаларым өсті, енді тездетіп немере сүйсем, соларды бақсам деген ой өзімде. Әр нәрсенің өз уақыты бар ғой…

— Ал жалықтырған сұрақ бар ма?

— Алдағы жоспарды сұрағанда, қызық көрінеді. Былай қарап тұрсаң, әр күніміз жаңалыққа толы ғой. Өмір зырғып өтіп жатыр… Бірақ бәрібір әлгіндей сұрақ қойғандарды онша көп қабылдай алмаймын. Әрі орыстар «Құдайды күлдіргің келсе, жоспарларыңды айт» демей ме? Осындай «дежурный» сұрақтар, шыны керек, мезі қылады.

Үлкен сахнада жүргеніме 42 жылдан асып барады. Осы аралықта кімнің кім екенін айыра алатын дәрежеге жеттік. Амандасып, есіктен кіріп келген журналистің қимыл-қозғалысынан-ақ қандай мазмұндағы сұрақтар қоятынын біле қоямын. Ал сөз саптауынан ол кәсіби маман ба, журналистика факультетінде оқыған ба, бұл да бірден сезіледі.

Атақ-дәрежем былай тұрсын, жасымды сыйлап, сұхбатқа дайындалып келуіне  болады ғой деп ойлаймын. Жоқ, кейбір журналистердің ақылға сыймайтын, қырық жылғыны кешегідей сұрайтындары бар. Ондайға қалай ренжімейсің? Ал сен туралы ізденіп, алдын ала әзірленіп келген журналист аузын ашқаннан көрініп тұрады. Онымен кәдімгідей ашылып, қызығып әңгіме-дүкен құрасың. Кейін ол халық үшін де ой салатын материал болатыны сөзсіз.

— Өзіңіз журналист болсаңыз, Роза Рымбаевадан не жөнінде сұрайтын едіңіз?

— Талай сұхбат беріп жүрмін ғой. Барлығында болмаса да, кейбірінде жақсы дүниелер де айтылып жатады. Дей тұрғанмен, мысалы, мен үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен концерттерімді өткізіп жүрмін. Сол туралы зерттеп, жан-жақты мақала жазатындар болса, әлдеқайда жақсы болар еді. Әйтпесе, ұсақ-түйектен әрі аса алмайтындар көп. Бұл өзіміздің әншілерге де қатысты. Жастарымыздың орындап жүрген әнін тыңдасаң, еріксіз бас шайқайсың. Кіл тойдың әндері. Соны концертте де, жиын-отырыста да орындағанына мәз. Әуенін тыңдасаң, кішкентай баланың айтатын тақпағына ұқсайды. Ал сөзі, тіпті сұмдық. Ешқандай мән, ой жоқ. Мысалы, қазір кез келген тойда айтылатын «Шудың бойында сені іздедім, сенің мойныңда менің іздерім» деген әнде не бар? Шу мен мойынның, іздің бір-біріне қатысы қандай? «Чип-чип-чип», болмаса «Анда барам жоқ, мұнда барам жоқ» деген әндерді де қабылдай алмаймын.

Менің ойымша, әншінің сахна мен тойда айтатын әндері екі бөлек болуы керек. Өйткені әрқайсысының мазмұны, ортасы басқа. Сахнаға шыққан нағыз әншінің міндеті жұртшылықты билетіп, әртүрлі қимылдармен көңілін көтеру емес. Ол (әншіні айтады — А.Т.) тыңдарманның рухани, музыкалық деңгейінің өсуіне жұмыс істеуі тиіс. Әр әнімен ой салып, әсер қалдыруы керек… Концерттен шыққан көрерменнің: «Неткен әдемі музыка! Бұлай да айтуға болады екен-ау» деп құлақ құрышы қанып шықса, міне, әншінің міндеті атқарылды деген сөз. Сосын міндетті түрде фонограммасыз ән шырқауы қажет. Алдын ала дауысы жазылып алынған, әбден өңделген әнмен халықтың алдына шығып, аузын өтірік жыбырлату — барып тұрған қылмыс. Кейбір елдерде бұл тіпті заңмен де қудаланады. Өкінішке қарай, бізде оған анау айтқандай мән бермейді. Өйткені қазақ эстрадасындағы әншілердің 90 пайызы елдің алдына фонограммамен шығады. Бірақ түбінде Қазақстанда да бұл қолға алынатынына сенімдімін.

— Сіз қатысатын концерттердің көптігін білеміз. Өзіңіз көрермен ретінде қай әріптесіңіздің шығармашылық кешіне  барар едіңіз?

— Мен жақсы көретін әншілер көп. Жігіттерден Бауыржан Исаев, Нұржан Керменбаев, қыздардың арасынан Ардақ Балажанова, Эльмира Жаңабергенованы сүйіп тыңдаймын. Жалпы, жас әншілердің бәрін танимын деп айта алмаймын. Қазір олардың қатары көп қой…

Негізінен классикалық музыканы жаным сүйеді. Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішевтердің алдында басымды иемін. Олар менің «кумирлерім» десем болады. Кең тынысты, күрделі шығармаларды орындайтын аталған аға-апаларымды ерекше жақсы көремін.

— Студияда жаздыруға ұзақ уақыт кеткен, қаражатыңыз да мол жұмсалған, бірақ тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленбеген ән қайсы?

— 43 жылға кетіп бара жатыр, талай әндер жазылды ғой. Дегенмен солардың бірде-біреуін «Мына ән ана кісіге ұнауы керек», «Осының мерейтойына әніммен сый жасай қояйыншы» деген оймен жаздыртқан емеспін. Және кейінгі әншілер сияқты тойға өтімді ән іздеп, оны орындағаным жоқ. Қаламаймын. Мен үшін ең бастысы — ән әдемі, әуезді, өзгелерге ұқсамауы керек. Әсіресе, лирикалық әндерге көңілім алабөтен.

— Мәңгі ұмытпайтын концертіңіз…

— Алматыдағы Республика сарайында өнер көрсету — емтихан тапсырғанмен

бірдей. Әрі еліміздің бас сахнасы ғой. Өзіме сонда ұйымдастырылған мерейтойлық, үлкен есеп беру концерттерім ыстық. Асылы, әр концерттің, тіпті шағын ауылда өткен болса да, өз ерекшелігі болады. Сондықтан бұл сұрағыңызға бір жақты жауап беру қиын.

Мәселен, кеше Қырғызстанның үлкен концерттік залында есеп беру кешімді беріп келдім. Онда айтылған әндерімнің 99 пайызы — жаңа. Тек халықтың сұранысы бойынша «Әлия», «Цвети, земля моя, «Любовь настала» деген үш әнді  орындадым. Әйтпесе, кейбіреулер сияқты «Айта-айта «Алтайды», Жамал апа қартайды» деген сөзге қалғым келмейді (күліп). Бірақ залдағы көрермен мен ұйымдастырушылар «Ана әніңізді айтпадыңыз ғой…» деп қолқалап жатқасын айтуға тура келеді. Мақтанды демеңіз, мен гастрольдік сапарға жиі шығып қана қоймай, ылғи жаңа әндер жазып, репертуарымды жаңартып тұратын әншімін. Осылай елге келгенде жұртшылыққа жаңа бағдарламамды ұсынсам деймін. Әйткенмен, бірыңғай жаңа әндерімді ғана орындасам, концертке жиналған қауым жаратпай қалады ғой.

 «…Бала кезімнен спортты жаныма серік еттім. Әсіресе, жүгіру мен гимнастикаға жақын болатынмын. Сонымен қатар, менің ата-анам да табиғатынан салмақ жинауға бейім емес. Соның әсері болар, шектен тыс семіріп, «формамнан» кеткен күнім кездеспепті. Ал сыртқы сымбаттың, жастығымның бір сыры менің көңілім жас. Жасым біразға келсе де, күнделікті өмірде жерге тиген ұзын, кең көйлектерді кие алмаймын. Керісінше, спорттық үлгідегі кеудеше, джинсы матасынан жасалған шалбарлар, осы секілді өзге де киімдер гардеробымда жетіп артылады. Оның үстіне, менің жалқаулыққа, ештеңе істемей үйде отыруға жаным қас. Болмысымнан тынымсыз, еңбекке құштар адаммын. Түптеп келгенде мұның өзі спорт.
Өзімнің кескін-келбетімнен бұрын, өнеріме, оның ішінде дауысыма ерекше кірпияздықпен қарап, көңіл бөлетінім рас. Жыл өткен сайын дауысыма деген «қамқорлығымды» күшейтіп келемін. Өйткені мені танытқан, Роза Рымбаева еткен сол кең диапазоным ғой…  Әлі күнге кәсіби мамандар мен педагогтардың көмегіне жүгініп, «былай айтсам, қалай болады?» деген сияқты ақыл-кеңес сұрап тұрамын. Неге десеңіз, бір бұрыс кетсең, дауысың дұрыс болмайды. Одан кейін «тірілей» 2-3 сағаттық шығармашылық кеш беріп көр…» 

— Әлгінде «Әлия» әні туралы айтып қалдыңыз ғой. Сол әнді орындағанда қандай сезімде боласыз? Қанша айтқанмен, 40 жылдан астам уақыттан бері өзіңізбен бірге «жасасып» келеді ғой.

— Бұл ән орысша айтқанда менің «визитная карточкам». Қай қалаға барсам да, концерттің соңында залдан «Әлияны» айтыңыз!» деп сұрайды.

Бір айтарым, қай кезде де нақты бір адамдар туралы ән өте сирек жазылады. Ал Ақтөбенің Қобдасында туған батыр қыз — Әлияға арналған ән бұл жағынан шоқтығы биік. Өйткені ол — Кеңес Одағының Батыры, сұрапыл соғысқа аттанған санаулы қыздардың бірегейі. Әрі Әлияның өзі айтылуға жеңіл, естілгенде де құлаққа жағымды есім ғой. Әннің әуені өте әдемі, ал сөзі ше? Кез келген байқауларда ұялмай орындауға болатын, әншінің вокалдық мүмкіндігін толық аша алатын күрделі туынды. Осы әніммен әлемнің жартысын аралап, талай музыкалық байқауларда шырқадым. «Әлия» әнінің авторлары — Сейдолла мен Бәкір ағаларға алғысым шексіз.

Әлия апамыз соғыстан аман оралғанда, арамызда немерелерімен бірге жүрер ме еді?! Өкініштісі, жастайынан қиындықты көп көрген ол өмірдің ешқандай қызығын көрмей кетті. Сондықтан бұл, бір жағынан, Әлияны жоқтау әні деп есептеймін. Сондықтан оны орындағанда, ән кейіпкерінің тағдырын ойлап, жылағым келеді… Құдай мұндай тағдырды ешкімнің басына бермесін.

— Шығармашылықтағы жетістіктеріңіз, өмір жолыңыз жайлы сыр шертетін кітап жазып, кино түсірмек ойыңыз жоқ па?

— Бүгінге дейін маған 3-4 рет әртүрлі кинокомпанияның атынан келіп, өмірім мен өнерім туралы кино түсіргісі келетінін айтқан. Бірақ мен ешқайсысына да келісімімді бермей, сол бойда қарсылығымды білдірген едім. Ойлана келе, жақында ғана бір киногердің ұсынысын мақұлдадым. Қазіргі таңда мен туралы көркем фильмнің сценарийі жазылып жатыр. Жоспар бойынша киноның басында менің өнердегі алғашқы қадамымды, яғни жастық шағымды жас актриса ойнамақшы. Марқұм күйеуім қайтыс болғаннан кейінгі кезеңді өзім сомдағалы отырмын.

— Картина биыл үлкен экранға шыға ма, әлде?..

— Оның барлығы қаражатқа байланысты, әрине. Сол жағын реттестірсек, осы жылы түсірілім жұмыстары басталып, бәріне үлгеріп қалуымыз мүмкін. Десе де, кесіп-пішіп нақты айтуға әзір ертерек…

— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button