Әлеумет

Жергілікті өнімдерге басымдық берілуі керек

Баға


Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда азық-түлік өнімдері бізде едәуір арзан. Мәселен,  мемлекет тарапынан бекітілген әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 17 түрі бойынша өткен мамыр айында баға облыста республиканың орта көрсеткішінен төмен, екі түрінен ғана жоғары болды.

Ай ішінде қарақұмық жармасы, тауық еті, жұмыртқа арзандап, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сегіз түрі өткен айдағы бағаның деңгейін сақтап тұр.

Әрине, жазғытұры қараөзек шақта азық-түліктің бағасының аздап өсетіні белгілі жағдай. Алайда жер аяғы кеңіп, күннің жылынуымен, сәуір айының мамырға жалғасып, жазға ұласуымен қымбаттаған баға арзандай беретін. Биыл жағдай керісінше болды. Мәселен, ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметіне қарағанда, мамырда картоп 7 теңгеге, пияз 8 теңгеге өскен. Қырыққабат, сәбіз де қымбаттаған. Өсімдік майының литріне 3 теңге қосылып отыр. Майлылығы 5-9 пайыз сүзбенің килосы 18 теңгеге шарықтап кеткен. Сиыр еті де қымбаттаған. Еттің бағасының өсуіне түсіністікпен қарауға болар. Ал жаз шығып, ағарған молаятын шақта сүт тағамдарының қымбаттауы қалай?

Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларындағы қалыптасып отырған осы жағдайлар сөз болды. Штабтың отырысына онлайн жүйесі арқылы облыстың аудандары да қосылды.

Штабтың отырысында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова қазіргі шақтағы қалыптасып отырған бағаның жағдайы және «Анвар», «Дина» сауда желілерінің жергілікті тауар өндірушілердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізудегі жұмысы жөнінде баяндады. Алға, Әйтеке би аудандары әкімдерінің орынбасарлары Гүлнар Ахметова, Бақытжан Мүлкаев бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге байланысты қабылданып отырған шаралар туралы хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің отырыста атап көрсеткеніндей, өңірде бағаның, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бағасының өсуіне ешқандай себеп жоқ. Бағаны өсірмеу жөнінде әкімдіктер мен ірі сауда желілері арасында меморандумдарға қол қойылған. Азық-түлік бағасына 10 пайыздан артық үстеме қоспау жөнінде нақты талап қойылған. Алайда қабылданған меморандум талаптарының орындалуын қадағалау жетіспейді. Жүргізілген мониторингтердің нәтижесі кем.

Бағаны төмендетудің, тұрақтандырудың бір жолы — жергілікті тауар өндірушілердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сауда орындарына көптеп қабылдап, өткізуге тікелей байланысты. Бұл бағытта «Анвар» сауда желісі жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, бірсыдырғы тәуір жұмыстар жүргізуде.  Өкінішке қарай, қаладағы ірі сауда жүйесі саналатын «Дина» сауда желісі өзінің қызметін бұлай ұйымдастыра алмай отыр. Штаб отырысында «Тандем W», «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлары Тәттігүл Талаева, Бекнұр Биісов, «Жазық Групп» жеке кәсіпкершілік директоры Азамат Ержанов бұл сауда желісіне деген өздерінің реніштерін білдірді. Бұл сауда желісі жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету былай тұрсын, олардың тауарларына артық үстемелер қосып, өтуін қиындатуда. Соның салдарынан бұл сауда желісінде жоғарыда аталған жергілікті тауар өндірушілердің  азық-түлік тауарлары едәуір кеміген.

Штаб отырысында қаладағы ірі сауда желілері мен базарлардың басшыларынан, онлайн жүйесі арқылы қосылған аудандардың әкімдерінің орынбасарларынан жауапкершіліктері сұралып, облыс әкімінің тікелей тапсырмасына байланысты бағаны тұрақтандыруда жедел шаралар тапсырылды.

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде өзімізден шығатын тауарлардың бағасын қатаң қадағалау керек. Жергілікті тауар өндірушілерге сауда желілері қолдау көрсетудің барлық шараларын қарастырғаны жөн. Өзіндік құны арзан, сапалы жергілікті азық-түліктер сауда орындарына көбірек барса, ол бағаның түсуіне әсер етеді. Баға саясаты барлық уақытта маңызды, — деп қорытты жиынды облыс әкімінің орынбасары.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button