БілімБасты жаңалықтар

№56 орта мектепте IT сынып ашылды

Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектепте Мемлекет басшысының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен IT сыныптың ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

ІТ сыныпта жазғы демалыс кезінде 80 оқушы өз білімдерін жетілдіре алады. Оқыту жүйесі 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайт құру бағдарламалары бойынша өткізіледі. Мұнда оқушылар қарапайым алгоритмдерді құруға, еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес бағдарламаларды игеруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ оқушылардың заманауи сауаттылығы артады және инженерлік-техникалық ойлау дағдылары қалыптасады.

«Нұр Отан» партиясы үш жыл көлемінде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, коммерциялық емес ұйымдармен, бизнес құрылымдармен бірлесе отырып, республика бойынша 1000 тегін ІТ сынып ашуды жоспарлап отыр.

Өңір басшысы аталған мектептегі ІТ, работотехника сыныптарын аралап, оқушылардың жұмысымен танысты.

Елбасының берген тапсырмаларын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясының он негізгі бағдарламасы құрылды. Солардың бірі — «Цифрлық Қазақстан». Бұл жүйе ең алдымен халыққа қызмет көрсету мекемелерінде енгізіліп, тұрғындар үйінде отырып, өзіне қажетті барлық қызметтерді алуы керек.

Биылғы жыл өңірімізде Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Оның негізгі 8 бағыты бар. Сол бағыттардың ішінде цифрлық бағдарламаны, роботехниканы дамыту міндеттері тұр. ІТ саласы балалардың ой-өрісін дамытады. Бұл Ақтөбе қаласында ашылған төртінші сынып. Жалпы, жаңа оқу жылына дейін өңірде барлығы 20 сыныпты ашу жоспарланып отыр. Ең негізгісі, балалардың бойында қызығушылық болса, бұл бағдарлама ілгері дамиды. Болашақта дамыған, озық  мемлекеттердің жастары секілді қазіргі заман талабына сай, жан-жақты азамат болып өседі, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Балалардың ұшқыр ойы мен ғылымға деген ұмтылыстары өздері жасаған жұмыстарынан көрініп тұр. Бірі коммуналдық қызметтерді үнемдейтін тұрғын үй салуды көздесе, бірі робот арқылы қызмет көрсететін кітапхана ғимаратының молделін құрған.

— Мен болашақта архитектор болуды армандаймын. Сол үшін мектептегі ІТ сыныптан «Sketch up» бағдарламасын меңгеріп жүрмін. Бұл бағдарлама арқылы өз ойымдағы түрлі ғимараттардың немесе үйлердің 3D моделін құрастырамын, — дейді мектептің 7-сынып оқушысы Ақбота Байдәулетова.

Бүгінде №56 орта мектептің орыс және қазақ сыныптарында 1620 бала оқиды. Білім ордасында балалардың шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, жаңа оқу жылына дейін 20 ІТ сыныптың 8-і қала мектептерінде, 12-сі аудандарда ашылады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button