Басты жаңалықтарӘлеумет

Кімдер оразаны кейін немесе фидиямен өтейді?

Ораза — әр мұсылманға парыз етілген құлшылық амал. Рамазанда Алланың разылығынан үміттеніп ораза тұтқан адамның өткен күнәлары кешірілетіні жөніндегі хадис бұл құлшылық амалдың қаншалықты маңызды екендігін айқындайды.

Сөйтсе де, рамазанда ораза ұстауға болмайтын жағдайлар бар екенін де ұмытпалық. Мысалы, созылмалы сырқатына байланысты үнемі дәрі-дәрмек қабылдауға немесе күніне аз мөлшерде 5-6 мәрте ауқаттануға мәжбүр адамдар ораза ұстар болса, денсаулығын әлсіретіп алуы, тіпті кей жағдайда өміріне қауіп төнуі де мүмкін. Ал дінімізде өз денсаулығына зиян келтіруге тыйым салынған.

Қандай жағдайларда ораза ұстау денсаулыққа зиян келтіреді? Біріншіден, егер рамазан айында жедел өтетін дерт түріне шалдығып, дәрі-дәрмек қабылдау керек болса, емнен бас тартпайсыз, керісінше, ем алу үшін оразаны уақытша тоқтатып, кейін қарызын өтейсіз.

Сондай-ақ, биылғы Рамазан айы күні ұзақ та, түні қысқа жаз мезгілімен тұспа-тұс келді, яғни ораза ұстайтын адамдар 18 сағаттан астам уақыт ауыз бекітеді. Бұл қаназдыққа, ағзадағы су тапшылығын көтере алмайтын бүйрек ауруларына, асқазан дертіне шалдыққан жандарға өте ауыр тиеді. Олар рамазанда ниет етіп, ауыз бекіткендерімен, денсаулықтары «сыр берген» жағдайда, дереу дәрігерге қаралып, оразаны тоқтатқандары дұрыс. Олар өз қарыздарын сәресі (таң намазы) мен ауызашар (ақшам намазы) арасындағы уақыт мейлінше қысқаратын қысқы айларда өтей алады.

Ал созылмалы аурулар салдарынан үнемі дәрі ішіп жүруге мәжбүр адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Денсаулығы әлсіреген қарттар, қант диабетінің І түріне, ас қорыту мүшелері және жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыр түріне шалдыққан жандар осы топқа жатады. Сонымен бірге, сырқатына байланысты дәрігерлер «ораза ұстау салдарынан асқынып кетеді» деп ұйғарым жасаған жандардың да денсаулығын күткені дұрысырақ болады.

Биылғы фидия мөлшері қандай?

Біз дін маманынан осы тақырыпқа орай пікір айтуын өтінген едік.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев былай дейді:

— Оразаның ақыл-есі бүтін, балиғат жасына толған кез келген мұсылман адамға парыз құлшылық екендігі Құранның «Бақара» сүресінің 183-аятында баяндалады. Мұсылмандар оразаны хижра күнтізбесінің рамазан айында ұстайды. Алайда «Бақара» сүресінің 184-аятында айтылғандай, бір топ адамдар белгілі бір үзірменен оразасын тоқтатып, тұтпаған күндерін кейін өтей алады. Бұл санатқа сапарға шыққан жолаушы немесе науқастанған адам, аяғы ауыр әйел және емізулі сәбиі бар аналар жатады. Сонымен бірге, ораза ұстауға мүлдем денсаулығы жарамайтын адамдар да кездеседі. Олар — жасы ұлғайған қарттар мен үнемі дәрі-дәрмек қабылдайтын, яғни созылмалы дерті бар немесе ораза ұстау арқылы бойындағы дертін асқындырып алуы мүмкін науқас жандар. Ораза дінімізде парыз амал болып бекітілгендіктен, бұл аталған жандар ораза тұтпағандығы үшін фидия төлеуге міндеттеледі. Бұл дегеніңіз, күніне бір мұқтаж адамды не болмаса оразаның әр күніне бір адамнан есептеп 29 яки 30 адамды екі мезгіл (таңда және кешке) тамақтандыру. Немесе оның құнын ақшалай да (фидия) бере алады. Бұл жөнінде жоғарыда айтылған аяттың жалғасында былай делінген: «Ал ораза ұстауға қауқары жетпегендер (қарт немесе науқастар) бір міскіннің тамағын төлейді. Сонымен қатар, кімде-кім ынтығып артық қайыр қылса (мысалы, фидияны көптеу берсе), ол өзіне жақсы». Биыл фидияның ең төменгі мөлшері 1000 теңге болып бекітілді. Жоқ-жітікті тамақтандырған немесе фидиясын төлеген жағдайда, ол адам мойнындағы парыздан құтылған болып есептеледі. Ал бұларды істеуге шамасы келмейтін болса, Алладан кешірім мен жарылқау тілеумен шектеледі. Өйткені, «Бақара» сүресінің 286-аятында көрсетілгендей, «Алла адамға көтере алмайтын жүкті міндеттемейді».

Науқас адамның ораза ұстау мәселесінде білікті дәрігердің кеңесіне жүгініп, шешім қабылдағаны дұрыс. Оразаның бір жақсы амал үшін оннан жеті жүз есеге дейін еселеніп берілетін теңдессіз сауабы, пендені сабырлыққа үйрететіндігі секілді рухани артықшылықтарын айтпағанда, денсаулыққа пайдалы тұстары да өте көп. Ораза ағзаның түрлі зиянды қалдықтардан арылуына, қан құрамына, кейбір асқазан ауруларына да игі әсерін тигізеді.

Баршаңызға қасиетті айда мол сауапқа кенелу бұйырғай!

Оразада қандай тағамдардан бас тарту керек?

Ораза адамды күнәлардан арылтып, рухани тазартып қана қоймай, сау адамдардың өз денсаулықтарын нығайтуына да сеп болады. Бұл үшін ораза ұстаған уақытта түрлі зиянды тағамдардан бас тартудың маңызы зор.

Диетолог-мамандар ораза кезінде мынадай тағамдардан бас тартуға кеңес беріпті: ең бірінші, газдалған сусындар мен жасанды шырындарға мүлде жоламаңыз. Әсіресе, жаз айларында бұл сусындар шөлді баспайды, керісінше, қатты шөлдете түседі. Сонымен қатар, олар ағзадағы зат алмасуға кері әсер етіп, ораза нәтижесіндегі зиянды қалдықтардан арылу, тазару процесіне тежеу болады.

Дүкен сөрелеріндегі түрлі дәмдеуіштер, алыс елдерден әкелінген соустар, сорпаның дәмін келтіретін қоспалар, майонез дегендерді былайғы уақытта да жиі пайдалануға болмайды, ал ораза кезінде мүлде естен шығарғаныңыз дұрыс.

Ораза кезінде тәттілерді — конфет, печенье, торт, т.б. шектеңіз. Бұлар — жоғары калориялы тағамдар, дегенмен олардың құрамында ағзаға пайдалы қоректік заттар болмайды, сондықтан бойға күш-қуат бермейді, керісінше, қайтадан тез қарныңыз ашатын болады. Оның үстіне, тәтті тағамдар қандағы қант мөлшерін арттырып жіберу арқылы қиындық туындатуы мүмкін.

Дайын ботқалар, көшедегі самса, бәліштер де ораза ұстап жүрген адам үшін зиянды болып есептеледі. Асқазан қамын ойласаңыз, сәресі кезінде де, ауызашарда да бұларды дастарқанға жолатпаған дұрыс.

Ет және балық тағамдарына келсек, біріншіден, ауызашарда болмаса, сәресі кезінде балық тағамдарын пайдаланбаңыз, олар күні бойы шөлдетіп, жайсыздыққа ұшыратуы мүмкін. Жалпы, ораза кезінде семіз, майлы ет пен шұжық өнімдерінен мүлде бас тартыңыз. Майсыз ет пен құс етіне рұқсат етіледі.

Жоғары сортты ұннан жасалған өнімдер де ораза кезінде ағзаға қиынға соғатын тағамдар қатарына жатады. Олардың ашығу сезімін күшейте түсетіні анықталған. Ал кофе мен құрамында кофеині бар сусындар ағзаны су тапшылығына ұшыратады, сондықтан диетологтар ораза ұстаған адамдарға олардан аулақ болуға кеңес береді. Сондай-ақ, тұздалған және консервіленген өнімдерден де бас тартыңыз. Бұлар ағзадағы зат алмасуды айтарлықтай қиындатады, ал ауызашар мен сәресі түнгі мезгілге дөп келген жағдайда, олардың зиянды әсерлері екі еселенетіні түсінікті.

Сондай-ақ, ораза ұстаған уақытта, сүт өнімдерінің майсыздандырылған түрлерінен гөрі, майлы түрлері пайдалы. Жалпы, бұл айда таза, жеңіл қорытылатын табиғи өнімдерді тұтыныңыз және ерекше ескерер жайт: сәресі кезінде де, ауызашарда да шектен тыс тойып тамақтанудан сақтану керек.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button