Денсаулық

Енді бізде темекі шегуге қарсы күрес кабинеті бар

Сейсенбіде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының нәтижесі — зәулім ғимаратқа қоныстанған №1 қалалық емханада темекі шегуге қарсы күрес кабинеті ашылды.

Қаламызға Алматыдан арнайы іссапармен келген Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Диқанбаева жаңа орталықтың тұсаукесеріне келді. Әуелі бұл топ емхана фойесіндегі көрнекіліктермен танысты. Бұл жерде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған биылғы «Жаңа онжылдық — Жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан үзінділер келтірілген: «Салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты — міне, осылар денсаулық саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс»; «30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек».

Кабинетте темекіні тастауға ниеттенген адам үшін барлық жағдай жасалған: ақпараттар жеткілікті, түрлі бейнероликтерді көруге де болады, психолог пен наркологтың кеңесі ұсынылады. Кабинетте бір мезгілде темекі тартудан бас тартқысы келетін 20 шақты адам 45 минуттық дәріс тыңдай алады. Сабақтар жекелей де өткізіледі. Бұл қызметтің бәрі де тегін.

— Парламент Мәжілісінде темекі шегуге қарсылық туралы әңгіме қозғалды. Темекі шегуге тыйым сала алмаймыз. Олай етсек, адамның жеке құқығына қол сұққандай боламыз. Сондай-ақ темекі өндірісін де тоқтата алмаймыз. Экономикаға кәдімгідей әсері болары анық. Ал, Бразилия елінің тәжірибесіне сүйенсек, бұл ел темекі өндірісін тоқтатпай, керісінше, дамытқан, бірақ өнімді экспортқа шығарып отырған. Мүмкін, бізге де солай ету керек шығар, — деді Сәуле Әлкейқызы. — Қазір темекі тартпай, бірақ түтініне уланатындардың мәселесі көп көтеріліп жүр. Себебі, зерттеулер бойынша, темекінің уы шегушілерден гөрі жанындағы тұрғандарға екі есе зиянды, әсіресе, онкологиялық ауруларға ұшыратады. Деректер бойынша, Қазақстанда 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдердің 7-8 пайызы темекі шегеді екен. 18 жасқа дейінгі қыздар арасында темекі шегетіндер 18 пайызға жеткен. Осыдан соң дені сау ұрпақ туралы қалай айтамыз?! Дегенмен, кеш те болса, темекіден бас тартатындар да кездеседі. Қателеспесем, елімізде осындай кабинет, орталықтардың саны — 18. Мұндай кабинетті ашу үшін, әрине, қаржы керек. Бұның бәрі емхананың жағдайы көтерген кезде ғана ұйымдастырылатын шаруа. Көріп тұрмын, жағдайларыңыз жақсы. Ендігі жерде еліміздің әр қаласында осындай қазіргі заманға сай емханалар көбейсін! Бүгінгі темекі шегуге қарсы күрес кабинетінің жұмысы оң болсын!

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Райхан Ыбыраева бастаған топ Сәуле Әлкейқызына емханадағы дені сау бала, салауатты өмір сүру салты, регидратация секілді кабинеттерін көрсетіп, таныстырды.

Жаңа ғимараттың іші қазіргі заманға сай жабдықталған. Қазір емхана 58 мың ересек пен 21 мың жасқа медициналық қызмет көрсетеді.

***

Жастар орталығы ашылды

мұнда тегін медициналық көмек көрсетіледі

Кеше Әуеқалашығындағы жақында ғана ашылған облыстық кеңес беру- диагностикалық орталығында тағы бір жағымды жаңалық болды.

Бұл күні Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева мен бір топ жергілікті медицина қызметкерлерінің барған тағы бір мекемесі осы орталық болды.

Мұнда оларды емхана қызметкерлері қарсы алды. Жүргізушілер ашылғалы тұрған жастардың медицина орталығының маңызы туралы түсіндіріп өтті. Жаңа орталықтың лентасын Сәуле Диқанбаева қиды. Одан соң қажет жабдықтармен жабдықталған дені сау бала бөлмесі, дерматовенеролог пен гинекологтың кабинеттерін аралап көрді.

Жаңа ғимарат ішіндегі көз қуантарлық жағдаймен танысқан Сәуле Әлкейқызы:

Әлемде соңғы 10-15 жылда жастар үшін және олардың сұранысына жауап беретін денсаулық қызметін құру қажеттігі өсіп тұр. Бұл тұста әлеуметтік көмек саласы мен денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жасөспірімдерге жеке топ ретінде басымдық бере отырып, арнайы қызмет құру қажеттігін түсінді. Жасөспірімдер — өзекті мәселе.  Олар үшін арнайы маман қажет. Бірақ әлі күнге дейін жасөспірімдер медицинасымен ешкім айналыспайды. Өйткені талас тудыратын  мәселе: бұған қайсысы мамандануы қажет, педиатр ма, әлде терапевт пе? Медицина университетінің кафедрасы бар, әлеуеттеріңіз жетеді. Негізі, осы мәселеге дұрыстап кіріскен дұрыс. Осы салаға мамандандырылған мамандарды шақыртып, мастер-кластар өткізсеңіздер тіпті жақсы, — деді.

Былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша, облыста жасөспірімдер арасында жыныстық аурулармен тіркелгендер саны 14 пайызға жеткен. Бұл — жасөспірімдер мәселесінің бір ғана қыры. Ендеше, 10-29 жас аралығындағылар үшін орталықтың маңызы зор.

Жаңа орталықтың меңгерушісі Ерболат Ізтілеуовтың айтуынша, мұнда тегін қызмет көрсетіледі. Облыстағы 10-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар орталық мамандарының көмегіне жүгіне алады. Мәселен, жасөспірім өзін мазалайтын сұрақтарға маманнан жауап алуына әбден болады. Егер жыныстық ауру түрлеріне қатысты сұрағыңыз болса, гинеколог немесе уролог жауап береді немесе беттегі секпілдерді қалай кетіру туралы дерматовенеролог кеңес береді. Жасөспірім отбасында тұрмыстық зәбір көрсе, заңгерлерден кеңес ала алады.

Сондай-ақ бұл жерде психологтар жеке жұмыс жасайды, қажет жағдайда арт терапия жүргізеді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button