Басты бет » Мәдениет » Алғашқы аймақтық фестиваль: «Скифтер» жеңімпаз атанды

Алғашқы аймақтық фестиваль: «Скифтер» жеңімпаз атанды

Ақтөбе қаласының «туған күнінде» «Құтты мекен — Ақтөбе» атты вокалды-аспаптық ансамбльдердің I аймақтық фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Алғаш рет өткізілген өнер мерекесіне 10 өнер ұжымы қатысты.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жобаға жерлестерімізден бөлек, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының өнер ұжымдары арнайы келіп, бақ пен бабын ортаға салды. Екі күнге созылған фестивальдің мақсаты — ел ішінде жүрген таланттардың танылуына мүмкіндік беру, олардың шығармашылығын шыңдау.

Марапаттау рәсімінде Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова қатысушылардың барлығына алғысын білдіріп, алдағы жылы аталған фестивальдің республикалық деңгейде өткізілетінін атап өтті.

Қазылар алқасының шешімімен Гран-приді Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданынан келген ВИА «Скифтер» жеңіп алды. Ал қалалық ансамбльдер арасында қызылордалық «Монте Карла» тобы, аудандардағы өнерпаздардан Атырау облысы Исатай ауданынан келген ВИА «Айгөлек» I орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.