Білім

Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ мектебіне 90 жыл толды

Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ білім ордасы — Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 90 жылдық мерейтойы өткен сенбіде аталып өтті.

Шараның шымылдығы №6 орта мектептің хор ұжымының орындауындағы мектеп гимнімен ашылды. Бұдан соң мектептің 90 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнефильм ұсынылды.

Қаламыздағы байырғы білім ордаларының бірі — №6 орта мектептің іргетасы 1927 жылы қаланды. 1995 жылы 23 қарашада Ғұбайдолла Ақтаевтың есімі берілді.

Бүгінгі таңда 98 мұғалім еңбек етіп, 1134 шәкірт тәрбиеленіп жатқан қасиетті білім ордасының мерейі үстем, абыройы асқақ.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, мектеп ұжымын облыс басшысының атынан мерейтойларымен құттықтады.

— Бүгінде облыста 400-ден астам мектеп бар. Соның ішінде сара жолы бөлек білім ордасы, қазақ мектептің қарашаңырағына айналған Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 орта мектебі. Ұстаздар әрдайым білімді шәкірттерімен мақтанады. Бүгінгі шарада қаншама білікті, еліміздің даму жолында өз үлестерін қосып жүрген мектеп түлектерінің басы қосылды. Олардың барлығы ұшқан ұяларын ұмытпай, қолдау көрсетіп келеді, — деді Ербол Нұрғалиев өз сөзінде.

Сондай-ақ Ербол Жолдасбекұлы облыс әкімінің атынан білім саласында сіңірген еңбектері үшін 6 мектеп мұғаліміне Алғыс хат табыс етіп, мектеп директоры Шолпан Жанғалиеваға мектептің жөндеу жұмыстарына арналған 10 миллион теңгенің сертификатын берді. Сонымен қатар Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қала әкімінің атынан бірқатар ұстаздарды марапаттады. Мектепке 10 компьютер мен теннис үстелін тарту етті.

Бүгінде мектеп түлектерінің ынтымақты байланысы қанша жылдар өтсе де, жарасымды жалғасын тауып, үзілмей келеді. Оның бір дәлелі, мектептің 1957 жылғы түлектері «Туған жерге тағзым» республикалық акциясы аясында бір оқу кабинетіне демеушілік көрсетіп, 263 520 теңгенің парта орындықтарымен жабдықтады. Шара кезінде аталған акцияға белсене атсалысқан мектеп түлектері де марапатталды.

90 жылдық тарихында мектептен елімізге белгілі тұлғалар шықты. Солардың ішінен әскери қайраткер, полковник Ким Серікбаев пен Ғалым Қамысбаевтар салтанатты шараға арнайы қатысты.

Осы жылдар ішінде мектепті 16 директор басқарған. 40 жыл еңбек еткен ұлғатты ұстаздардың бірі — Зура Құдайберген.

— Бұл мектепке 1977 жылдың сәуір айында келдім. Сол жылы ескі мектеп бұзылып, басшылардың шешімімен орнына жаңасы салынды. Ол жылдары қазақ мектебіне келетін бала саны аз болатын. Ұстаздар жұмылып, қала бойынша оқушыларды жинадық. 1991 жылы жалпы орта білім беретін қазақ мектебі болды. Ұстаздық жолда 40 жыл еңбек етіп, оның 14 жылында директор болдым. Мектептің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!, — деді З.Құдайберген.

Салтанатты шара мектеп ұжымының дайындағын концерттік бағдарламасына ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button