БілімҚұқық

Құқық қорғауға қадам

Бүгінде оқу-материалдық базасы нығайып, еліміздегі құқық қорғау кадрларын даярлауда белгілі бір жетістіктерге жеткен Кеңестер Одағының Батыры Мәлкеджар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастауы 1996 жылдың мамыр айынан тартылады. ҚР Ішкі істер министрлігінің Қостанай жоғары мектебінің филиалын ашу туралы шешім нақ осы кезде қабылданған болатын. Жаңа оқу орнына бұрыннан қараусыз қалған кәсіптік-техникалық училище ғимараты берілді. Сол уақытта мұнда жарық та, жылу да, су да, байланыс та болған жоқ. Жаңа істің басында жүрген, бүгінде запастағы полковник, ішкі істер қызметінің ардагері Санабай Рзабеков аға осыдан жиырма жылдай уақыт бұрынғы қиындықтарды әлі күнге ұмытпайды, ылғи да еске алып отырады.

Ал бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Заман талабына сай жұмыс істеп жатқан оқу орны еліміздегі білікті құқық қорғау қызметкерлерін даярлауда ауқымды жұмыстар атқарып келеді.  


Мақсат — білікті мамандар даярлау

Соңғы уақыттары оқу процесін ұйымдастыруда елеулі өзгерістер орын алып, білім ордасының материалдық-техникалық базасы жақсара түсті. Мұнда электронды кітапхана жасақталды, интернет жұмыс істейді, тұңғыш рет PLAONUS бағдарламасы орнатылды, сондай-ақ оқу және әдістемелік әдебиеттің мол қоры жинақталды.

Институтта 5 лекция залы, 30 оқу аудиториясы, сапқа тұру алаңы, ату тирі, криминалистикалық полигон жұмыс істейді.

— Ең бастысы, бізде кадрлар құрамын жақсартуға басты назар аударылуда. Қазіргі уақытта бір ғылым докторы, бес ғылым кандидаты және жиырма ғылым магистрі қызмет етеді. Бұлардың арасында заң ғылымының кандидатының өзі үшеу, — дейді заң институтының бастығы, полковник Сәлімгерей Қаракүшов.

Таяу уақыттарда кадрлардың сапалық жағынан деңгейі арта түспекші. Тоғыз қызметкер бүгінгі күні өз білімдерін ҚР Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарында және шетелдерде көтеруде. Олардың ішінде үшеуі РһD докторантурасында оқуда, екі қызметкер Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің ресейлік адъюнктурасында, тағы бір адам Беларусь елінде салалық академияда білім алуда.

Оқу орнының оқытушылары шетелдік азаматтық аспирантурада да білім жетілдіріп, өзіміздің Ішкі істер министрлігі магистратурасында біліктілік деңгейін көтеруде.

2017 жылы 49 еңбек дайындалып, жарыққа шықты. Олардың арасында көптеген оқу-әдістемелік және оқу-практикалық оқулықтары, монографиялар, әдістемелік ұсыныстар, мәтіндік сұрақтар жинақтары бар.

Институттың оқу базасы ұдайы нығайып келеді. Соның бір айғағы, биылғы жылы оқу-жаттығу алаңына самолет пен теміржол вагонының әкелінуі. Мұның барлығы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге байланысты оқу процесінде пайдаланылады.

Институтта 250 орындық акт залы, 100 адамға арналған кітапхана жұмыс істейді. 400 орындық асханада курсанттарға сапалы да дәмді тағамдар ұсынылады.

Ынтымақтастықтың пайдасы мол

Ішкі істер министрлігінің Волгоградтағы, Омскідегі, Екатеринбургтегі, Әзербайжандағы, Қырғызстандағы академияларымен, Ростов, Орынбордағы университеттермен, Воронеж, Белгородтағы институттармен білім беру мен ғылыми қызмет саласында халықаралық ынтымақтастық туралы хаттамаларға қол қойылды. Сол хаттамалар аясында мақсатты жұмыс бағдарламалары әзірленді.

Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Ресейдің, Әзербайжанның, Тәжікстанның, Беларусь республикасының осындай бағыттағы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылды. Қазіргі уақытта Волгоград, Краснодар, Омск, Дондағы Ростов, Воронеж, Иркутск, Барнаул, Орал заң институттары мен И.Путилин атындағы Белгород институты ұжымдары Ақтөбе заң институтындағы әріптестерін жақсы біледі.

Соның бір мысалы, таяуда ғана краснодарлық ғалымдар Ақтөбе заң институты базасында шеберлік класын өткізді.

Жалпы биылғы жылдың еншісінде мақсатты жұмыс бағдарламалары аясында 27 халықаралық шара өткізу жоспарланған.

Мұның бәрі болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізеді.

Курсант болғың келсе…

Бүгінде бұл институтта білім алуға талаптанушылар қатары өте көп. Атап айтарлық жайт, курсанттар қатарына қабылдау негізінен Ішкі істер министрлігіне қарасты аумақтық бөлімшелер жолдамасы негізінде жүргізіледі. Бұлар әдетте денсаулығы жақсы, дайындығы жоғары деңгейдегі жастар болып келеді. Оқу орны үшін маңызды бір өлшем де осы.

Ал мұнда оқуға құштар жастардың көп болу себебі де жоқ емес. Ең алдымен, бүгінде заң институты беделді оқу орнына айналды. Екіншіден, білім алу, киіммен қамтамасыз ету, тамақтану, тұру — бәрі тегін. Оның үстіне курсанттарға стипендия төленеді.

Бұл институтқа бұрын басқа мамандықтағы жоғары оқу орнын бітірген жастар да қабылданады екен. Олар үшін қысқартылған екі жылдық курс жұмыс істейді.

Сондай жастардың қатарында Алматы қаласынан келген Толғанай Кенебай, Нұрсұлтан Тәліп, Петропавл қаласының тұрғыны Ақан Еркебұланов өздерінің заңгерлік мамандықты таңдағандарын мақтанышпен айтты.

Ең бастысы, бұл оқу орнының түлектері жұмыссыз қаламын деп қиналмайды. Өйткені жалпы осы салада күні бүгінге дейін мамандар жетіспейді. Екіншіден, институтты бітірген жастар жолдама бойынша жұмысқа орналасады.

Батыр есімі батылдыққа баулиды

2014 жылдың желтоқсан айында институтқа Кеңестер Одағының Батыры Мәлкеджар Бөкенбаевтың есімі берілді.

Ол 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады. Майданда 69 армияның 111-атқыштар дивизиясының 468 полкі құрамында жауға қарсы соғысады. Батыл жауынгер инженерлік барлау тобында қызмет етіп, талай ерліктер жасайды.

Қанды майданнан елге жеңіспен оралған жауынгер ұзақ жылдар ішкі істер саласында қызмет етеді.

Оған майдандағы жауынгерлік ерлігі және Отан қорғаудағы жанқиярлық іс-қимылы үшін батыр атағын алғанға дейін бірнеше орден-медальмен марапатталған.

Институт курсанттары батыр аталарының өмір жолын жақсы біледі, мұнда осыған байланысты ерлік сабақтары өткізіледі. Оқу орнының музейінде ішкі істер қызметінің подполковнигі Мәлкеджар Бөкенбаев туралы деректер, құжаттар, фотосуреттер, анықтамалық материалдар молынан қойылған.

Институт ауласындағы батыр аллеясы осындағы барлық салтанатты шаралар өтетін орын болып табылады. Осындағы батыр мүсіні де курсанттарға ерекше жігер беретіндей.

Спорт — курсанттардың серігі

Болашақ тәртіп қызметкері үшін денесінің шымыр, жан-жақты жетілген, тұжырымдап айтқанда қарулы болуы маңызды. Сондықтан да оқу орнында спортқа ерекше маңыз беріледі. Мұнда курсанттардың өз қабілеттерін барынша шыңдауына жан-жақты жағдай жасалған. Кең де еңселі спорт залы, футбол алаңы, жүгіру жолдары болашақ тәртіп  сақшыларының шынығуына мол мүмкіндік береді.

Бір атап өтерлігі, оқу орнына бөлінген аумақта спорт кешенін салу өзінен-өзі сұранып тұр деуге болады. Институт басшылығы, егер мұндай құрылыс салынып жатса, ол қаланың осы беткейінде тұратын тұрғындардың да игілігіне қызмет етер еді деп санайды.

Институттың спортшылары қалалық және облыстық, халықаралық, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі желісі бойынша өтетін жарыстарға да белсене қатысады. Өткен жылдың өзінде курсанттар жоғары деңгейден көріне біліпті. Мәселен, олар генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев атындағы самбодан өткен жарыста кубокты жеңіп алды. Шағын футболдан кубок иегері атанды.

Биылғы жылдың өзінде үстел теннисінен командалық үшінші орынды иеленсе, шаңғы жарысында президенттік көпсайыстан топ басынан көрінді.

Жалпы бұл оқу орнында білім алатын курсанттар үшін олардың күнделікті тіршілігін спортсыз елестету қиын.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button