Басты бет » Басты жаңалықтар » Достық әуендері

Достық әуендері

Өнер орталығында өткен Орынбор облысы шығармашылық ұжымдарының гала-концерті ақтөбелік өнерсүйер қауымды ерекше әсерге бөледі.

Концертке асыққан жұртшылықты Өнер орталығы фойесінде Леопольд және Мстислав Ростроповичтер атындағы өнер институтының орыс халық аспаптары оркестрі қарсы алды. Оркестр Максим Чусовитин мен Константин Хайзовтың жетекшілігімен орыс халық әндерінің әуендерін бірінен соң бірін төгілтті.

Ал концерт Д.Вердидің «Тағдыр күші» операсының увертюрасымен басталды. Орындаған — Орынбор музыкалық комедия театрының оркестрі. Дирижерлік еткен — Валерий Попов.

Бұдан соң сахнаға көршілес Ақтөбе және Орынбор облыстарының басшылары шығып, сөз сөйледі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Орынбор қаласының қазақ тарихындағы орнына ерекше тоқталды.

— Биыл біз тәуелсіз еліміздің мақтанышы, Отанымыздың жүрегі — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Орынбор да ХХ ғасыр басында қазақ жұртының астанасы болған қала. Халқымызды заман көшіне, даму жолына бастаған көптеген маңызды шешімдер осы қалада қабылданды, осы қалада сандаған қайраткерлеріміз бен зиялыларымыздың ізі қалды. Орынбор —бізге өз тарихымыздың бір бөлшегі ретінде ыстық та қымбат мекен. Сонымен қатар, ол жақта бүгінгі күні де ақтөбеліктердің туыстары, достары, әр салада іскерлік байланыстар орнатқан әріптестері тұрып жатыр, — деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев одан әрі де сөзін жылы лебіздермен жалғастырды:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайта түсуге бағытталған саясат жүргізіп келеді. Екі ел арасындағы достықты нығайтуға көршілес отырған екі өңір тұрғындарының да қосар үлесі зор. 2017 жылы Орынборда Ақтөбе облысының күндері өткен еді. Ал биыл әріптесім Юрий Берг үлкен делегацияны бастап Ақтөбеге келді. Басқаның тәжірибесінен үйрену ешқашан артықтық етпейді. Ақтөбеліктер орынборлық кәсіпкерлердің, түрлі саладағы мамандардың жетістіктерін, жасап жатқан істерін өз көздерімен көріп, ой түюге, үйренуге мүмкіндік алды. Сондықтан мен орынборлықтарға жерлестерімнің атынан ризашылық білдіріп, алғысымызды жеткіземін. Сіздерге сәттіліктер тілейміз, — деді ол.

Өз кезегінде Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг те:

— Көршілес екі халықтың арасындағы осы кезге дейінгі қарым-қатынастар, негізінен, бауырмалдық сипатта дамып келеді. Біз осыған қуанамыз, осы қарым-қатынасешқашан үзілмейді деп сенеміз. Осы ынтымақтастыққа қосып келе жатқан үлестеріңіз үшін менің де сіздерге алғыс айтқым келеді, — деді.

Концертте өнер көрсеткен ұжымдардың бірқатарының ақтөбеліктерге жақсы таныс болуы да екі өңір арасындағы қатынастардың тереңдігін көрсетті. Мысалы, РФ-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Ольга Серебрийская жетекшілік ететін Орынбор камералық хоры ақтөбелік өнерсүйер қауымға «Жұбанов» көктемі фестивалі арқылы таныс. Камералық хор концертте Микаэл Таривердиевтің (Марина Цветаеваның сөзіне жазылған)«Мне нравится» романсынжәне митрополит Иларионның (Алфеев) «Страсти по Матфею» шығармасын орындады.

Сондай-ақ, концертте Орынбор мемлекеттік академиялық орыс халықтық хоры,РФ-ның еңбек сіңірген артисткасы Юлия Учватова, Динара Хафизова, Мария Яхонтова, Наталья Чебенкова, Сергей Гурьянов, «Новые имена» хоры, «Голос. Дети» шоуының жеңімпазы Гутгер Гахерт, 2018 жылғы Дельфий ойындарының жеңімпазы Ильдар Абдуллин, т.б. өнер көрсетті.

Орынборлық өнер шеберлеріне деген көрермендер қошеметінің айрықша болғанын айта кету керек. Зал әр артисті гүл шоқтарымен шығарып салса, өз кезегінде орынборлықтар да көрермендер ықыласына ризашылықтарын білдірді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.