Басты бет » Мәдениет » Ақтөбенің автокеруені — Орынборда!

Ақтөбенің автокеруені — Орынборда!

Кеше бір топ ақтөбелік Орынбор облысына барып, сондағы жұртшылыққа мәдени-көпшілік бағдарламасын ұсынды. Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылған арнаулы шара «Достық керуені» деп аталды.

Ақтөбеден аттанған делегацияны бастап барған Ақтөбе облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Мадияр Қабылдың айтуынша, мұндағы мақсат — екі облыстың арасындағы байланысты одан сайын нығайтып, Ақтөбедегі Орынбор күндері аясында осындағы тұрғындардың да көңілін көтеру, оларға жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнерін паш ету.

— Бір-бірімен іргелес жатқан өңірлердің достығы әу бастан-ақ берік. Соңғы жылдары іскерлік байланысымыз одан сайын жанданып, арадағы тауарайналым көрсеткіші де артты. Бүгінгі шара да әріптестікті нығайтуға бағытталып отыр. Бұл мақсатта Ақтөбе қаласынан автобуспен арнайы 50 делегат келіп отыр, — деді М.Қабыл.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония, Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейі, музейлер мен спорт мекемелерінің қызметкерлері орынборлықтарға арнап әртүрлі танымдық, мәдени шараларды өткізді. Атап айтсақ, «Айбынды Астанаға — 20 жыл» жылжымалы көрмесінде еліміздің, соның ішінде елорданың көрнекті орындарынан түсірілген 30-ға тарта сурет пен қолданбалы өнер туындылары қойылса, ал «Дені сау халық — дені сау ұлт» спорттық шарасы аясында арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес, т.б. ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. «Тополя» саябағында өткен жоғарыда аталған шаралар өнер ұжымдарының дайындаған «Астана — достықтың мекені» мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Кеште «Аққу» би ансамблі, «Тамсан» тобы, Қоянбай Тобағабылов, Мират Есетов, Жұлдыз Нұрқасымова, т.б. өнерпаздар ұлттық сарындағы әндерді ғана емес, дүниежүзіне белгілі  туындыларды орындады. Осы орайда шығармашылық ұжымдардың шашуын, әсіресе, орынборлық қариялар ерекше ілтипатпен қабылдап, кеш бойы сахнаның алдын биімен айшықтай түскенін айта кету керек.

Орынбор облыстық мәдениет, өнер және білім беру саясаты басқармасының басшысы Виталий Зимаковтің сөзінше, осынау шараның өзі тек әкімдік қызметкерлеріне ғана емес, тұрғындарға да ұмытылмас мереке болары сөзсіз.

— Бізге сіздердегі шығармашылық ұжымдар былтыр да келіп, орталық саябақта ауқымды концертін ұсынған болатын. Ақтөбедегі «Алақай» қуыршақ театры да орынборлық балаларға спектакльдерін ұдайы сахналап жүр. Сондықтан ақтөбелік өнерпаздар бізге жақсы таныс. Бұл, бір жағынан, тәжірибе алмасуға да ыңғайлы.

Ертең, 19 мамыр күні орынборлық 300-ге жуық әнші-биші Ақтөбе қаласында өнер көрсететіні белгілі. Өз кезегінде бүгінгі бірнеше шара сол мерекенің бастауы іспеттес. Біз, орынборлықтар сіздерді әрдайым құшақ жая қарсы алуға дайынбыз, — деп атап өтті В.Зимаков.

Концертті тамашалаған көрермендердің бірі — Орынбор мемлекеттік медициналық университетінің студенті Құралай Баянханова да атамекеннен келген керуеннің бағдарламасынан айрықша әсер алғанын, мұндай шаралардың осындағы қазақтарға қуаныш сыйлайтынын баян етті. «Бұл саябаққа құрбыларыммен жиі бас сұғамын. Осы жолы ақтөбелік өнерпаздардың концерті өтетінін естіп, әдейі ертерек келіп отырдым. Концерттен алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Маған, әсіресе, ұлттық киімдегі бишілердің өнері қатты ұнады», — деп ағынан жарылды бойжеткен.

Сағат 21.00-ге таман аяқталған «Достық керуені» шарасын Қазақстан мен Ресей елдерінің Туын ұстап, мотоцикл жүргізген қыз-жігіттер қорытындылады. Олар қос мемлекеттің басты нышандарымен Орынбордың орталық көшелерімен жүріп өтіп, осылайша, арадағы мызғымас достықтың үлгісін кезекті рет көрсетті.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Орынбор облысында 120 мың қандасымыз өмір сүріп жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Орынбор облысы.