Басты бет » Мәдениет » «Дарын» бишілер тобы Болгарияға барады

«Дарын» бишілер тобы Болгарияға барады

Жақында Ақтөбе қаласында республикалық «Достар дауысы» байқауы өтті. Конкус қорытындысында  М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың «Дарын» бишілер тобы бас жүлдеге ие болды.

Шараға жүзден астам балғын бишілер  қатысты.

Сайыста бас бәйге алған «Дарын» бишілер тобы 27 маусым — 4 шілде аралығында Болгарияда өтетін «Лето в Обзоре-2018» халықаралық көпжанрлы байқау-фестиваліне қатысуға шақырту алыпты. Бұл туралы аталған бишілер тобының жетекшісі Айгүл Шайманова былай дейді:

  • Фестиваль Болгарияның Обзор қаласында өтеді. Мақсат: тәжірибе алмасу және балалар мен жастар арасында талантты жастарды анықтау, Болгарияның мәдениетімен танысу, орындаушылардың тәжірибелік шеберлігін дамыту. Байқау-фестивалдің бағдарламасы бойынша шараға қатысушылар жалпы бір апта бойы Болгария мен Түркияға саяхат жасайды деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қара теңізде шомылып, алтын құм жағасында демалу жоспарланған.

Бұл —  біздің балаларға беріліп отырған үлкен мүмкіндік.

Бишілер тобының жетекшісі жас бишілерге бұдан да басқа шараларға қатысуға шақыртулар түсіп жатқанын айтады.

Айта кету керек, республикалық «Достар дауысы» байқауының алдында ғана «Дарын» бишілер тобы  «Best stars» халықаралық шығармашылық конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орын алған еді. 9-12 жастағы балалар арасында ұйымдастырылған жарысқа  Қазақстанның халық артисі Гүлжан Талпақова  бастаған төрешілер қазылық еткен болатын.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.