Жаңалықтар

Анашым, біз біргеміз!

Халықаралық отбасы күні

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арналған «Ана шапағаты» салтанатты балы өткізілді. «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған шара «Біз біргеміз!» әлеуметтік-маңызды акциясы аясында ұйымдастырылды. «Жұбановтар әлемінде» өткізілген салтанатқа жүзге жуық адам қатысты.

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Құралай Бәйменованың айтуынша, шара мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балаларды өсіріп-жеткізген аналардың қоғамдағы орнына жұртшылықтың назарын аудару.

  • Біздің бірлестік құрылғалы 20 жыл өтті. Осы жиырма жылда мүгедек балаларды бағып-қағып отырған ата-аналарға қолдау көрсетіп келеміз. Біздің қоғам осымен бесінші рет мүгедек балаларды бағып отырған аналарға арнайы шара өткізіп отыр. Отбасы — мемлекет тірегі, ал мүмкіндігі шектеулі бала бар отбасында негізгі күш әйел адамға түсетіні рас, сондықтан мұндай аналардың жауапкершілігі де, жүгі де ауыр екені айқын. Облыста 18-ге толмаған 2 мың мүгедек бала бар. Алайда 18-ге толғаннан кейін де бұл балалар ана қамқорлығына бәрібір зәру, сондықтан олардың да аналарын осы шараға шақырдық, — дейді Қ.Бәйменова.

Шара барысында ауыр сынға нәзік иығын тосқан аналарға балалары атынан алғыс білдірген бірнеше бейнеролик көрсетілді, бірлестік мүшелері де өз аналарына ризашылықтарын білдірді, мүгедек бала бағып отырған әр анаға қоғамдық бірлестік атынан «Ана шапағаты» төсбелгісі берілді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мереке иелеріне әдемі би билеп берді. Ән айтылды, жыр төгілді. Зүбайда, Виктория Квашалара, Эрика мен Наталья Ибрагимовтардың өнері көпшілікті тәнті етті. Бірлестік басшысы Құралай Бәйменоваға «Ұлт мақтанышы» дипломы табыс етілді. Ал бірлестік өкілі Гүлмирам Сражеваға анасы Сәулеш Құттыбаева жүрекжарды өлеңін оқып берді.

«Жұбановтар әлемі» ғимаратының иесі Лаура Майтекова аналарға өзінің тосын сыйын ұсынды — мерекеге «Меzzо» музыкалық тобын арнайы шақырған.

«Ана шапағаты» шарасына қатысушыларды қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов құттықтады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button