Денсаулық

Жыл басынан бері облыста 18 адам АИТВ жұқпасын жұқтырған

Брифинг

Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде дүниежүзінде ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні атап өтіледі. Биыл осы атаулы датаға орай облыста бірқатар іс-шаралар өтеді. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың мамандары баяндады.

Аталған орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспированың айтуынша, бүгінгі күні облыста АИТВ жұқпасының алдын алуға арналған бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз ету және антиретровирустық емді уақтылы және үзбей қолдануды күшейтуге арналған кешенді жұмыстар жүргізілуде.

— Жалпы Ақтөбе облысында АИТВ жұқпасына қатысты эпидемиологиялық жағдай қалыпты. 1989 жылдан бері бүгінге дейінгі аралықта облыста барлығы 437 адам тіркелген. Оның 346-сы — Қазақстанның азаматтары. Ал биыл жыл басынан бері облыста АИТВ жұқпасын жұқтырған 18 адам тіркеуге алынды. Оның 15-і, яғни 83,3 пайызы жыныстық жолмен жұқтырса, 3 адам есірткі қабылдауда инъекциялық жолмен жұқтырған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жұқпамен ауырған адамдардың арасында ерлердің үлесі жоғары. Ал олардың орташа жасы — 30-39 жас, — деді А.Каспирова.

Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаеваның айтуынша, қазір 227 адам диспансерлік тіркеуде тұр. Олардың 83 пайызы арнайы ем қабылдайды, ал қалғандары арнайы ем қабылдауға дайындалып жүр.

  • Жалпы ЖИТС ауруымен ауыратындардың саны жағынан Қазақстан бойынша Ақтөбе облысы 14 орында тұр. Көп жағдайда бұл ауру жыныстық жолмен жұғады. Өкінішке қарай, АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың арасында үш бала бар. Олар бұл жұқпаны аналарынан жұқтырған. Бүгінгі күні облыста ЖИТС кезеңінде болып, ем қабылдап жүрген 13 адам бар, — дейді А.Жайлаубаева.

Мамандардың айтуынша, биыл ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу мақсатында 18 мамыр күні сағат 17.00-де Ақтөбе қаласындағы «Ретро» саябағында «Ұмытпаймыз, білеміз, жеңеміз!» атты шара өтеді. Оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер және белсенді жастар қатысады.

Айта кету керек, кез келген адам АИТВ-ны анықтау үшін құпия және ерікті түрде учаскелік емханаға немесе ЖИТС орталығына барып қан тапсыруына болады.     

 Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button