Әлеумет

Оразаларыңыз қабыл болсын!

Кеше Алматыда, биылғы рамазан айының келуіне орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

— Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Рамазан — жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады». Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз. Бір адамды қуанышқа бөлеу — садақа. Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді жеткіземін, — деді.

Айта кетелік, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәліметіне орай, ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі рамазан айының бірінші күні — 17 мамыр деп белгіледі.

Биылғы рамазан 29 күннен тұрады. Қасиетті Қадір түні маусымның 11-інен 12-сіне қараған түнге дөп келіп тұр.

Оразаларыңыз қабыл болсын!

(Ораза кестесі газетіміздің алдағы санында беріледі.)

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button