Мәдениет

Елорда театрының тартуы

Ақтөбедегі Астана күндері аясында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрермендерге екі спектаклін ақысыз негізде ұсынды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында 12-13 мамыр күндері ине шаншар жер болған жоқ.

Елорданың 20 жылдығына орайластырылған «Ел жүрегі — Астана» атты Астана қаласының мәдени күндері аясында бас қаладан келген актерлер сенбі күні Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасын сахналады. Қоюшы-режиссері — Қазақстанның халық артисі, профессор Талғат Теменов. Қысқаша мазмұнына келсек, спектакль ауылда көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін Ілияс пен үнемі қызыл орамал тағып жүретін Әсел атты ару жайлы сыр шертеді. Әлдеқашан атастырылған жігітінің бар екендігіне қарамай, осылайша, үлкендердің батасын алмай сүйгеніне қосылған бойжеткеннің бақыты ақыры ұзаққа созылмайды… Жұмыстағы қиындықтарға шыдамаған отағасы үйге келуді сиретіп, ащы судың, өзге де опа бермейтін уақытша қызықтардың жетегінде кетеді. Соның салдарынан арада баланың бар екендігіне қарамастан, әрқайсысы жеке-дара кете барады. Көп ұзамай келіншек өзін паналатып, қамқор болған азаматтың етегінен ұстайды. Басты кейіпкерлерді сомдаған Әбілмансұр Серіков пен Ақмарал Танабаева көрерменге «Бірінші бақтың — бақ» екенін, не нәрсенің де қадірін уақытында білу керектігін ұғындырады.

Ал келесі күні Олжас Жанайдаровтың «Жұт» драмасы (қоюшы-режиссері Айрат Абушахманов) қойылды. Спектакльде қазақтың басына түскен нәубет — ашаршылық тақырыбы арқау етіп алынған. Сол қиын жылдары халықтың тұрмысы, бір отбасының басынан кешкендері сипатталатын пьесада қандай жағдайда да адам боп қалу керектігі баса айтылады. Елордалық труппадағы жерлесіміз — жас актер Нұрсұлтан Есен «Жұтта» басты рөлдің бірін ойнағанын  айта кету керек.

— Астана қаласының мерейтойына байланысты еліміздің барлық өңірлеріне осылай гастрольмен шығуды бастадық. Ақтөбе — біз келіп отырған алғашқы облыс. Ақтөбеліктерге «Қызыл орамалды шынарым» мен «Жұт» спектакльдерімен келдік. Мұнда труппадағы 30 актер өнер көрсетті, — дейді Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев.

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас өнер ұжымында бүгінде 4 режиссер, 60-тан астам актер еңбек етеді. Ал репертуардағы қойылымдардың саны — 35.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button