Әлеумет

Майдангерлерге құран бағышталды

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Жеңіс күні қарсаңында «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген» атты іс-шара өткізді.

Әйел-қыздар секторының жылдық жұмыс жоспары аясындағы бұл шараға сауат ашу курсының шәкірттері де атсалысты.

Сабақ барысында Ұлы Отан соғысы тақырыбында өлеңдер оқылып, бейнероликтер көрсетілді. Онда қазақ халқының Жеңіске қосқан үлесі жөнінде баяндалып, деректер келтірілді. Бұл соғысқа аттанған қазақ жауынгерлері қан майданда қайталанбас ерлік көрсетті: бес рет аса қиын жағдайда жау қоршауын бұзып шыққан Бауыржан Момышұлы; Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, сан мәрте жаудың үрейін ұшырған ұшқыш Хиуаз Доспанова, Шығыстың қос шынары — Әлия мен Мәншүк әпкелеріміз…

Шәкірт апа-әжелер мен қыз-келіншектер соғысқа қатысқан ата, әке, бауырларының фотосуреттерін әкеліп, ардагерлер аузынан естіген естеліктермен бөлісті. Мешіт ұстазы Кенжегүл Қошқарова сұм жылдардың салқынын еске алу, біріншіден, Аллаға шүкір айтуымызды арттырса, екіншіден, бейбітшіліктің қадірін шынайы түсіне білуді үйрететіндігін атап өтті. Тыныштықтың теңдессіз нығмет екендігін түсінбегендіктен, шетел асып, Сириядағы соғысқа аттанған бауырларымыздың қателіктеріне өкініш білдірді.

Шара соңында Ұлы Отан соғысына қатысқан 100-ге жуық майдангердің есімдері толық аталып, сауабы тисін деп Құран аяттары оқылды.

Облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button