Денсаулық

Скандинавиялық жүріс — денсаулық кепілі

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және денсаулықты жақсарту  бағытында ақтөбелік дәрігерлер скандинавиялық жүрісті кеңінен насихаттай бастады. Апта сайын Ақтөбедегі «Денсаулық» саябағында мамандар тұрғындарға скандинавиялық жүрістің қыр-сырын үйретеді. Бұндай шара аудандарда да ұйымдастырылып жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, спорттық шара өткен жылдан бастап қолға алыныпты. Арнайы мамандар саябақа келген тұрғындарға бұл жүрістің пайдасын түсіндіреді. Былтыр басқарма 100 тұрғынға спорттық таяқты тегін таратқан. Биыл да осы жұмыстар жалғасын табуда.

Қазір қимыл-қозғалыс аз. Нәтижесінде аурудың түрі көп. Сондықтан мамандар апта сайын азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Скандинавиялық жүрістің тиімділігі аудандарда да кеңінен насихатталуда. Алғашқыдай емес, қазір халық бұл жүрістің пайдасын түсініп келе жатыр. Қазір қала көшелерінен екі таяқты ұстап жүретіндер көбейген. Бұл өте қуантарлық жағдай, — дейді Әсет Қалиев.

Скандинавиялық жүріс — спорттың жаңа түрі. Еуропалықтар бұл спортпен тоқсаныншы жылдары кеңінен айналыса бастады. Бұл жүрістің ерекшелігі шаңғы таяқтары секілді таяқты пайдалана отырып жүру. Жай жүрістен айырмашылығы, денедегі барлық бұлшық еттер қозғалысқа түседі. Мәселен, велосипед тепкенде адам денесіндегі бұлшық еттің 60 пайызы, жүгіргенде 45 пайызы қозғалысқа түссе, скандинавиялық жүрс кезінде бұлшық еттің 90 пайызы шынығады. Скандинавиялық жүріс тірек-қимыл жүйесіне, омыртқа ауруларына, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне, әсіресе буынға өте пайдалы. Қан айналымын жақсартып, иммунитетті нығайтады. Инсульт алған адамдарға да пайдасы өте көп. Спорттың бұл түрімен кез келген жастағы адам айналыса береді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button