Денсаулық

«Менингиттің құрығына көбіне балалар ілінеді»

Гүлжаһан Айбосынова:

Аурудың қай-қайсысы да оңай емес, алайда  «менингит» деген сөзді естігенде кез келген кісі тіксіне  қалады. Өйткені оның кейбір түрінен адамдар аяқ астынан ажал құшады. Ем қонатын түрлері де бар, дегенмен кейде бейқамдығымыздан оның да асқынып кетуіне жол беріп аламыз. Облыстық клиникалық инфекциялық аурухананың ауа-тамшы инфекциясы бөлімінің меңгерушісі  Гүлжаһан Айбосыновамен   әңгіме-дүкен құрған едік.

31 жыл бойы осы ауруханада халыққа қызмет етіп келе жатқан жоғары санаттағы тәжірибелі дәрігердің әңгімесінің оқырмандар үшін пайдасы аз болмас деген ойдамыз.

—    Гүлжаһан Нұрмағамбетқызы, медицина саласына енгізілген жаңа жүйеге көшіп жатқан боларсыздар. Онсыз да тынбай, науқастарды күні-түні  қабылдап, қарбалас тірлікке үйренген аурухана ұжымы үшін бұл өзгеріс қалай әсер етуде?

—    «Бұйрық талқыланбайды, орындалады» деген бар ғой,  өзіңіз білесіз, біз орындауға міндеттіміз. Онсыз да толтыратын қағазымыз аз емес еді, қазір тіпті қағазбасты болып кеттік. Жалпы, адамды емдеуге шектеу қойылмағаны жөн сияқты. Жаңа жүйе бойынша,  мысалы, тамақ баспасымен түскен  науқасты 7 күн емдеуге ғана мүмкіндік бар.Соған ғана қатысты дәрі-дәрмек бөлінген.  Ал ол адамның осы аурудың салдарынан қозатын созылмалы пиелонефриті, қант диабеті сияқты қосымша ауруларын қалай емдейсіз? Ол үшін хаттама толтырып, себебін дәлелдеп беруің керек.

Жалпы, өзім ақылы медицина дегенді түсінбеймін, адамның өмірін саудаға салу сияқты болып көрінеді.  Ал ақшасы жоқ адамдар қайтіп күн көреді?

—    Ақылы медицинаға  да халық амалсыз көндігіп келеді, тек сол  еңбегіне дәрігерлер лайықты көмек көрсете алса құба-құп. Кейінгі буын дәрігерлердің тарапынан жылы сөз есту қиындау екеніне налитын адамдар көп.

—    Әрине, дәрігердің біліктілігі мен мәдениеті жоғары болуы тиіс. Ақылы қызмет көрсеттіңіз екен, мінсіз болсын. Ауруын дұрыс анықтап, пациентпен дұрыс сөйлесу — міндет. Науқасты тек дәрі-дәрмекпен емдемейсіз, алдымен оның жанын  сауықтырасыз, жылы сөзіңізді айтып, оның ертеңгі күнге деген сенімінің артуына игі ықпал жасайсыз. Сонда ғана еміңіз оң нәтиже береді. Алайда кейінгі буын дәрігерлердің кейбіреулерінің жұмысқа деген , білімін жетілдіруге деген құлшынысы аздау болып көрінеді. Кейде тіпті қарапайым нәрсені білмей жатады. Біздің уақытымыз басқа болды ма, өліп-өшіп оқыдық, алдымыздағы  әріптестерімізден білмегенімізді үйреніп қалуға тырыстық. Кейде болашақта өзіміз ауыра қалсақ, бізді емдейтін  маман  табылар ма екен деген күдік жаныңды жейді. Өз ісіне берілген алдыңғы буынның, антына  адал дәрігерлердің орнын алмастыратын  жас дәрігерлер легі даярланып жатыр ма, сол жағы алаңдатады.

—    Сіздің бөлімшеде басқа да аурулармен қатар  менингитпен ауырған сырқаттар емделеді. Бұл жұқпалы кеселдің  атын естіген жұрттың берекесі қашады. Дегенмен айтып қойғанның артығы жоқ, бұл аурудың алғашқы  белгілері қандай?

Науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады,  құсады, бір жасқа дейінгі балалардың кейде іші кетуі де мүмкін. Былай қарағанда белгілері тұмауға келіңкірейді. Немесе «бала тіс жарып жатыр» деп  көбіне уақытын өткізіп алып, сан соғып қалатындар аз емес.

—    Ата-аналардың барлық аурудың бастапқы белгілерін біле бермеуіне түсіністікпен қарауға болады, ал аймақтық дәрігерлер қалай анықтайды?

—     Менингитпен ауырған адам шалқалақтай береді. Басын еңкейтіп, иегін кеудесіне жеткізе алмайды,   тізелері де толық жазылмауы мүмкін. Ыстығы  түспей, сандырақтап сөйлей бастайды, есін жоғалтады. Денесінің құрысуы мүмкін (судорога). Ата-ана ауырған баладан осындай белгілерді байқаса, аймақтық дәрігерден гөрі, жедел жәрдем шақырғаны дұрыс. Өйткені менингит созбұйдаға салуды көтермейді, оған шұғыл  дәрігерлік көмек керек. Көзі ашық адамдардың өзі тұмау деп ойлап, аурудың жағдайы әбден нашарлағанша мән бермейді.

—    Ата-аналар менингитті анықтау үшін жұлыннан су алуға қатты қарсылық білдіреді.  Яғни пункция жасаса, баланың бір жері кем болып қалады,  денсаулығына зиян келтіреді деп қорқады. Бұл шынымен қауіпті нәрсе ме? Осыны оқырмандарға  ашып түсіндіре кетсеңіз.

—    Әрине, ата-аналардың бала болашағына алаңдауы орынды. Алайда дәрігердің басы екеу емес,   өзі емдеп отырған адамының тағдырына  бейжай қарамайды, негізсіз әрекет жасамайды. Медицинада қолданылатын  әдіс бойынша,  менингитті анықтау үшін ауырған адамнан

міндетті түрде жұлын суы алынады. Әйтпесе  нақты диагноз қою мүмкін емес.. Керісінше, бас ішіндегі  қан қысымын төмендетеді. Менингит ауруы болса, мөп-мөлдір болуы тиіс жұлын суы лайланады, сүт  қосқан судың түсіндей болады. Біз сол арқылы ем-дом тағайындаймыз. Бір апта антибиотиктермен емдегеннен кейін, екінші рет пункция жасалады, ал баланың денсаулығына пункциядан келетін залал жоқ. Ол — медицинада ғылыми дәлелденген әдіс. Керісінше, ауруды асқындырып алған соң немесе «тіс жарып жүрген шығар» деп алданып, дәрігерге кеш апару сияқты себептер баланың денсаулығына нұқсан келуіне негіз болады. Кейде асқынған менингиттің салдарынан сал ауруына немесе оның жеңіл түріне душар болуы мүмкін.

Жұлыннан су алуға өзім әбден машықтанғанмын. Жан  сақтау бөлімінің меңгерушісі әріптесім Табынбай Жылқыбаевтың да пункция жасаудан мол тәжірибесі бар. Біздің алдымыздан өткен сырқаттардың кейін: «Сіздердің қырсықтарыңыздан мен мынадай жағдайға ұшырадым» деп шағымданғанын кездестірмедік.  Керісінше, өзіміз танымай қалып жатсақ та, талай адам  көшеде тоқтатып алып, ризашылықтарын білдіріп жатады.

Бірде мынадай оқиға болды. Бір ауданнан 17-18 жастағы  жігіт осы аурумен біздің ауруханаға жеткізілді. Ауыр халдегі  жігітке пункция жасап,  менингит ауруын анықтап, ем  тағайындадық. Баланың беті бері қарады. Енді   емді тоқтату керек пе, әлде де әрі қарай емдей түсу керек пе, соған көзімізді жеткізу үшін екінші рет пункция жасауымыз керек  болатын. Әйтпесе толық емделмеген науқастың  қайталап ауыруы мүмкін. Мұндайда сырқаттың ата-анасы немесе жақын туысы біз  әбден түсіндіріп айтқаннан кейін, икемге көніп, келісімге келетін. Тап осы жерде әлгі жасөспірім баланың туған апалары араласып, шу шығарып, дәрігерлерге рұқсат етпей қойды. Содан бірер  айдан соң сол жас жігіт қайталап ауырып, біздің ауруханаға алып келді. Осында қайтыс болды. Апалары еш нәрсе айта алмады, «өзіміз кінәліміз» деп көздерімен жер шұқыды. Бізге де оңай тиген жоқ.

—    Осымен сырқаттанған  балалардың ес-ақылына нұқсан келуі мүмкін бе?

—    Жоқ. Дер кезінде  қажетті  емін алса, науқас құлан-таза айығады. Ауруханадан емделіп шыққан баланы екі жылдай жүйке ауруы дәрігері  есепке қойып, бақылауға алады.

—    Соңғы кезде бұл аурудан көз жұматындар саны азайғаны мәлім. Облыстағы жағдай қалай?

—    Менингиттің найзағай тәрізді соғып өтетін түріне душар болған науқастың ажалы содан болады. Өткен жылы менингиттен екі сәби мен екі ересек адам қайтыс болды. Екі сәбидің бірі 1 жастан енді асқан екен, аурудың жедел түрінен  1 сағат 55 минутта шетінеді, ал 7 айлық нәресте 6 сағат ішінде қайтты. Екі ересек адам үйде жүріп қалған, есі-түсін білмейтін ауыр халде түсіп, аз ғана уақыт  ішінде қайтыс болды.

Жалпы, менингит иммундық жүйесі әлсіреген адамға үйір болады.

—    Дәрігерлердің көбі қазақша сұхбат беруге олақтау келеді, сіздің тіліңіз жатық көрінді, себебі неде?

—    Қазақтың баласымыз ғой, оның үстіне 1991 жылдан бері науқастардың тарихын мемлекеттік тілде толтырамын. Медакадемияда жұқпалы аурулардан қазақша да, орысша да қосымша сабақ жүргіздім.  Медициналық терминдердің сөздіктері қазақ тілінде өте қат болды, балалар жұқпалы аурулары курсына арналған  оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға көмектестім, қолдан келгенше осы салаға атсалысып келемін. 1998 жылдан бері ауруханадағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымының төрайымымын.

—    Өзіңіз отыз жылдан астам уақыт  еңбек етіп келе жатқан аурухана ұжымы жайында не айтасыз?

—    Біздің ұжымда көптен бері қатар жүріп, бір-бірін айтпай түсінетін дәрігерлер қауымы еңбек етуде. Біздің жұмысымыз шұғыл шешім қабылдауды, ауруға дер кезінде дұрыс диагноз қоюды, жедел ем тағайындауды талап ететін жаупапкершілігі мол шаруа. Ұжымымыз өте тату. Бәрі өз шаруасын біледі. Өз ісін сүйетін мамандар, мысалы, басқасын айтпағанда, менингиттен көз жұмған адамдарға патологоанатомдар зерттеу жүргізген кезде ешқашан біз қойған диагноздың теріс болып шыққанын көрмедік, бұл да көп нәрседен хабар береді. Әріптесіміз Айна Ілиясоваға да емделушілер риза. Қазір пациентке диагнозды дұрыс қоймақ түгіл, дұрыс қабылдайтын дәрігерлер де сиреп барады. Сондықтан біз уақытпен санаспаймыз, ертелі-кеш  аурухана ішінде жүреміз, оған тіпті етіміз үйреніп кеткен. Аз ғана күн демалысқа шығып жатсақ, артымыздан іздеу салып жатады. Қолымыздан келгенше Гиппократ антына адал болуға тырысамыз.

Интернеттен:

Миқұрт

Миқұрт (менингит) – халық арасында көп таралған дерттің бірі. Өте қатерлі ми ауруы, мұнымен көбіне балалар ауырады. Ол басқа аурулардың, мысалы, шешек,  көкжөтел немесе құлақтың, шықшыт безінің қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Туберкулезбен ауыратын анадан туған сәбилер алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады.

Сондай-ақ менингит бактериясы жөтелу кезінде ауа арқылы жұқпалы түрге ауысады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетіп, қан айналымына еніп,  қоздырғыштарды күшейтеді. Кейде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан, тұмау мен іш сүзегінен     де пайда болады.

Менингиттің жұқпалы түріне шалдыққан адам ауруды таратушы болып табылады.

Менингит адамдар тығыз орналасқан жерде, ауаның ластануынан, тазалық сақтамаудан, ауру тарататын ошақтардың жақын болуынан пайда болады.

Ертеде бұл аурудың емі болмағандықтан, науқастар көп өмір сүрмеген. Бүгінгі таңда медицинаның жетілуіне байланысты менингитпен ауырғандардың көбі  құлан-таза айығып кетеді. Ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуына әкеп соқтыратын  бұл кесел суық тигізіп алудан пайда болады.

Ең алғаш рет  оған қарсы емдік дәрі-дәрмекті 1887 жылы А.Вейксельбаум ойлап тапқан.

Жедел және созылмалы түрі болады, ең күрделісі –  менингиалдық синдромы.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button