Мәдениет

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы: мақсаттар мен міндеттер

 Биыл облыста «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша жалпы құны 752 миллион теңгені құрайтын 73 жоба жүзеге асырылады.

Кеше Ақтөбедегі Өнер орталығында өткен «Рухани қазына» облыстық фестивалі аясындағы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің форумында аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында атқарылған істер мен алдағы жоспарлар талқыланды.Шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Ереже бойынша облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Форумды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ашты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде мәдениеттің әр саласы — кітапхана, клубтар, музей ісі, театр, т.б. — бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, жұмыстарды жетілдіре түсу бағытында көптеген ұсыныстар айтты.

— Мәдениет саласындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру арқылы ғана сананы жаңғыртуға жол ашылады. Осы мақсатта мәдениет мекемелері — кітапханалардың, музейлердің, клубтардың жұмысын жандандыру үшін заман ағымына икемделген, озық тәжірибелер сараланып, жаңа бастамалар қолға алынуы керек. Айталық, 1,2 мың орындық концерт залы бар осы Өнер орталығы ашылғалы бергі уақыттың ішінде мұнда елімізге белгілі көптеген өнер майталмандары келіп, концерттер қойды, көпшілікпен жүздесті.Мұның өзі облыстық филармонияның, оның құрамындағы өнер ұжымдарының жұмысына игі әсерін тигізді. Олар өз бағыттарын жаңа арнаға бұрды. Сондай-ақ, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жақсы ізденістер бар. Барлық мәдениет мекемелері осындай ізденістерге бет бұрулары керек, — деді Ербол Нұрғалиев.

Сөзінің соңында ол форумға қатысушыларға шығармашылық табыстар тіледі.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында облыс өнері мен мәдениетін жаңғыртудың жаңа бағыттары» тақырыбында баяндама оқыды.

Басқарма басшысының айтуынша, мәдениет мекемелерінде, әсіресе, мәдени шараларға көпшілікті тарту, халықпен бірлесе жұмыс істеу бағытында көптеген істер атқарылып жатыр. Облыстағы 197 клубтық мекеменің жанынан ашылған өнер ұжымдарының 125-і қазір «халықтық» атағын иемденген. Дегенмен, «халықтық» ұжымдарға тиесілі штаттар бөлу мәселесі әзірге барлық ауданда бірдей шешілмеген. Сондай-ақ, ауылдардағы кітапханалар қорын толықтыруға қаржы бөлу мәселесі де қынжылтарлық. Мысалы, кейбір аудандарда өткен жылы бұл іске 80-90 мың теңге көлемінде ғана қаржы бөлініпті.

Маржан Қорғанбаева жұмыстарды жандандыру мақсатында алға қойылып отырған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

— «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында алға қойылған міндеттер біздің сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді, сонымен қатар, бұл біз үшін үлкен қолдау екенін де сезінеміз, — деді ол.

Жалпы, «Рухани қазына» фестивалі облыс деңгейінде үш кезеңмен өткізілген болатын. Соның қорытындысына сай, «Үздік аудандық музей», «Үздік аудандық кітапхана», «Үздік ауылдық кітапхана», «Үздік ауылдық клуб», «Үздік қалалық Мәдениет үйі», т.б. аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталған еді. Жиында осы үздік ұжымдарға, сонымен бірге түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған қызметкерлерге де марапаттар, атап айтқанда, дипломдар мен ақшалай сыйлық сертификаттары тапсырылды.

Ойыл аудандық Ш.Берсеев атындағы өнер және өлке тарихы музейі «Үздік аудандық музей» боп танылса, Ырғыз аудандық орталық кітапханасы — «Үздік аудандық кітапхана», ал Қарғалы ауданының Петропавл ауылдық клубы «Үздік ауылдық клуб» атағын иемденді. Ойыл аудандық Мәдениет үйі — «Үздік аудандық Мәдениет үйі», ал Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық Мәдениет үйі «Үздікауылдық Мәдениет үйі» атағын жеңіп алды. С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі де үздіктер қатарынан табылды. Жекелеген қызметкерлер арасынан Алға ауданы Бестамақ ауылдық кітапханасының кітапханшысы Шара Рахметова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Бекнұр Есіркепов, Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Ардақ Құбашева, С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Рысжан Қарағұлова, т.б. марапатталды. Үздіктер Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Астанада өтетін республикалық фестивальға жолдама алды.

Форум аясында Ақтөбе қаласы мен аудандардың мәдениет, өнер, архив мекемелерінің, сондай-ақ, жекелеген шеберлердің көрмелері ұйымдастырылды.

Форум түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты. Ал соңынан «Ел іші — өнер кеніші» фестивалі лауреаттарының гала-концерті өтті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button