Экономика

Әлеуметтік бағыт ұсталуға тиіс

 Форум

Кеше «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас ғимаратында «Ашық есік күні» форумы өтті. Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған  бұл форум — қоғамдық-бизнестік шара.

Оның мақсаты — аталған акционерлік қоғамның жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде қазақстандық құрамды дамытудағы серіктестік және іскерлік-тәжірибелік ұмтылысының ашықтығын көрсету болды. Барлық қатысушы тараптар үшін дәстүрлі әрі өте маңызды бұл форум арқылы ірі жер қойнауын пайдаланушылар, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілер арасында кең ауқымды ашық әңгіме жүргізуге мүмкіндік туды.

Форумның ресми бөлігіне дейін бас ғимараттың дәлізінде жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Оған осы акционерлік қоғаммен тікелей байланыста жұмыс жасайтын  отыздан астам тауар өндіруші компаниялар өз өнімдерін қойды.

Жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін тамашалаудан кейін мәжіліс залында  басталған форумға  облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты. Ол өзінің сөзінде жұмыстарды және қызметтерді сатып алу саясатын жүзеге асыруда қазақстандық құрамды дамытуға байланысты Елбасы қойған міндеттерге тоқталды. Осы мәселеге қатысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың талаптарының жүзеге асырылу барысына нақты деректер келтірді. Оның атап көрсеткеніндей, соңғы жылдары мұнай компаниясының жергілікті тауар өндірушілерінің өнімдерін тұтынуы молайды. Соның нәтижесінде аймақта бизнестің кедергісіз дамуына жол ашылып, бәсекеге қабілетті тауарлар көбейді. Жергілікті азық-түлік тауарларына сұраныстың ұлғаюымен өңірде мал шаруашылығы нығайды. Бизнес саласына миллиардтаған теңге инвестиция салынуда.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Тақталифум Есенғұлов компанияның аталған мәселе бойынша қол жеткізген жетістіктеріне  қысқаша шолу жасап, форумның жұмысына табыс тіледі.

— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамның алаңында өтіп отырған бүгінгі іскерлік форумының маңызы зор. Бұл тек бизнес салаларына емес, біз сияқты жер қойнауын пайдаланушыларға да қажет. Форумның мақсаты — жергілікті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің үлесін көбейтуді, көлемін арттыруды көздейді. Осы арқылы біздің компания облыс экономикасын нығайтуға өз үлесін қосатын болады. Біз бұған сенімдіміз. Бұл бағыттағы қызметтерімізді  ширатып, нығайта түсу үшін біз бүгін осы форумда жергілікті тауар өндірушілермен мәселелерді кеңінен ашық талқылай отырып, жаңа шешімдер қабылдаймыз, —деді бас директордың орынбасары өзінің сөзінде. Бұдан кейін сөз алған аталған акционерлік қоғамның бас директорының орынбасары Чжэн Чэнху мырза да осы әңгімені одан әрі жалғастырып, тапсырушы мен жеткізушілердің арасындағы ортақ қызметтің жай-жапсарын баяндады.

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбедегі филиалының директоры Нұрлыбек Мұқанов облыстық әкімдікпен бірлесе жүргізіліп отырған жұмыстардың оң нәтиже бергенін айтып өтті. Мұнай компаниясына тауарлары мен қызметін ұсынатын бизнес кәсіпорындарының көбейгенін атап көрсете келіп, алайда олардың тауарларының  сапасына баға берудің, сараптама жүргізудің, пікір айтудың тапсырыс беруші тарапынан әлі де жетіспей жататынын еске салды.

— Сатып алу мәселелерінде жергілікті азық-түлікті тұтынуға, Елбасы қойып отырған талапқа сай, әлеуметтік бағыт ұстауға, жергілікті халықты жұмысқа тартуға бейім болуға тиіс, — деді.

Форумда мұнай компаниясына арнаулы жұмыс киімдерін, азық-түлік тауарларын, өндіріске тікелей қажетті басқа да бұйымдарды  жеткізетін жергілікті бизнес салаларының өкілдері шығып сөйлеп, жұмыстары жөнінде әңгімеледі, тәжірибелерін ортаға салды, тапсырыс беруші жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Осы басқосуда облыстық әкімшілік және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» арасындағы жергілікті қамтуға байланысты мақсатты көрсеткіш орнату бойынша өзара түсінушілік  келісіміне қол қойылды. Аталған акционерлік қоғам аясында шағын және орташа бизнесті дамытуға қатысты құжаттар қабылданып, отандық тауар өндірушілермен шартқа отырды.

Түстен кейін форум үлкен залда жалғасып, В2В форматтағы екіжақты кездесулер өтті. Сонымен бірге, құрылыс және жобалау, өнеркәсіптік жабдықтар жеткізуші, бұрғылау және сервистік қызметтер компанияларының таныстырылымдары болып, бірсыпыра уақыт серіктестік орнатуға, техникалық мәселелерді келісуге арналды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button