ЖеңісМереке

Өнеге жолын ұсынған…

Біздің әкеміз Қартбай Имановтың балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген. Ол барлық тұстастары секілді еңбекке ерте араласады. Қабырғасы қатып, буыны бекімеген жас бала  алты  жасында  өгіз арбаға отырып, егіс басындағыларға бөшкемен су тасиды. Соғыс аяқталған соң туған жері Көптоғай ауылындағы бастауыш мектепке оқуға барады. Орта мектепті сол кездегі Байғанин ауданының орталығы Жарқамыстан бітіріп,  бірден еңбекке араласады.

Ауылдағы Бекіт деген жылқышы әкемді топ баланың   ішінен «Жылқы бағудың ауыртпашылығына шыдаса, осы Қартбай шыдайды» деп өзіне көмекшілікке таңдап алған екен.  Далада өскен  жас жігіт жұмысына  аса тиянақтылықпен қарап,  сол жылы жылқышы 58 биеден 58 құлын алып,  колхоздың байрағын жеңіп алады.

1958 жылдың қаңтар айында әкеміз  Салқынқызы Тілектеспен бас қосады.  Келер жылдың қысында әкемді ауданға тракторшылардың бес айлық курсына жібереді.  Курсты бітіріп келген соң алғашқылардың бірі болып, колхозға берген жаңа тракторлардың бірін тізгіндейді. Жас, жігерлі механизатор жан аямай жұмыс жасап, техниканы терең меңгеріп алады. Жазда шөп шауып, күзде егін жинап, қыс болса шалғайдағы қыстауларға малшыларды көшіріп,  жем-шөп жеткізіп беріп, қайнаған еңбектің ортасында жүреді.  1971 жылы совхозға жаңа техника «К-700» алатын болып, таңдаулы екі механизаторды  жаңа техниканы меңгеруі үшін оқуға жібереді. Соның бірі — әкем екен.

Көп жылдар Крупская атындағы шаруашылықтың  бас инженері, кейін «Алтай» кеңшарына директор болған Бердіхан Кемешов ағамыз әкем туралы:  «Мен 1970 жылы оқу бітіріп,  ауылға келгенімде Қартекең ауылдағы ең таңдаулы, белді механизаторлардың бірегейі екен. Әрқашан күліп жүретін ол техника  тілін  жақсы меңгерген, өзі сондай еңбекқор, жауапкершілігі  мол, адамгершілігі мықты, мінезге бай  азамат еді. Қартекең қай жұмыста жүрсе де  алғы шепте, жұмыстың ең бір жауапты жерінен көрінетін.

Сонау қуаңшылық жылдары  Доңызтау деген жерден жем-шөп тасу жұмысының да басы-қасында жүрді. Қандай жұмыс атқарса да алдыңғы қатарда болып,   жыл сайын құрметке бөленетін. Кезінде еңбек озаттарына көрсетілетін сый-құрметтің бәріне де ие болды. Кейін аудандық кеңестің депутаты болды, слеттерге қатысты.  Беріректе «Алтай» кеңшарында тағы да біраз жыл бірге еңбек еттік.  Ауыл сыртына егілген жас бақ осы Қартбай ағамыздың еңбегінің арқасында жайқалып өсті. Кеңес үкіметі ыдырап, әрі-сәрі шақ туған уақытта  ауыл дүкендерінде азық болмай, халық қиналған болатын.  Сол жылдарда ауылда жоқ диірменді тауып әкеліп, ауылға орнаттық. Диірменді тоқтатпай жүргізудің  жауапкершілігін Қартбай ағаға жүктедік», — дейді.

Еңбегімен елдің алғысына  бөленген әкем Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталды.

Ол шаруашылықта бастапқыда механизатор, одан кейін сиыршы, мал бордақылаушы болып еңбек еткен.

Отбасымыз тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылына көшіп келді.  Әкемі зейнетте де қарап жатпай, атпен шөп шабуға арналған,  сол бір жылдарда  өте қат болған жанар-жағармайды талап етпейтін, шалғы жасап шығарады. Әкеміздің бұл өнертабысы туралы облыстық телевидение арнайы хабар түсірді.

Ол өз ортасында ойын-қалжыңы жарасып, айналасын думан  қылып жүретін. Әрқашан туысқа жанашыр, досқа адал, балаға қамқор әке, әулетке арқа сүйер сүйеніш, жұмысына жауапты бола білген әкем туралы  онымен үзеңгілесе жүріп  бірге еңбек еткен, бір ауылда тұрған  Қайырхан Шамшин, Аман Қасымов ағаларымыздың естеліктерін тыңдай отырып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді.

Әкеміз мағыналы ғұмыр кешкен екен-ау дейміз. Бізге өмір  сыйлаған, әрқайсысымызды оқытып-тоқытып,  құтты жерімізге қондырып,  қанша шаршап жүрсе де қабақ шытып көрмеген, бүгінде көзі тірі болса, сексен атты белеске шығатын сол аяулы жан ғибратты ғұмыры арқылы біздерге, яғни он баласына өшпес өнеге жолын тартып кеткен екен…

 Гүлсая ИМАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button