ЖеңісМереке

Ерлігінің белгісі – үш орден

Биылғы Жеңіс күнінің Бисембаевтар әулеті үшін маңызы ерекше. Майдангер Елеу Бисембаевтың балалары, олардан тараған ұрпақтары аталарының туғанына 100 жыл толуын атап өтіп, аруаққа Құран бағыштамақшы.

Елеу ата майданда Бауыржан Момышұлын көрген, Дмитрий Снегин командир болған полк құрамында шайқасқан.

Егер тарихқа үңілсек, Елеу мен оның інісі Жексенбайдың әкесі сонау отызыншы жылдары дүние салған соң аналары Ақсары балаларын бауырына басып, Орқаш өңіріне көшіп барған. Сол жерде олар төрт кластық орыс сыныбында білім алады.

Елеу ата 1938 жылы Жұрын әскери комиссариаты арқылы азаматтық борышын өтеуге шақырылып, жауынгер болып жүргенде ақ финдерге қарсы соғысқа қатысады. 1941 жылы әскери қызмет ету мерзімі бітіп, олар елге қайтуы керек болады. Алайда неміс фашистерінің Кеңестер Одағына басып кіруі жағдайды күрт өзгертеді.

Алматыда жасақталған 316-дивизияның құрамына қабылданған Елеу Бисембаев генерал Константин Рокоссовский армиясы сапында болады. Сөйтіп, Мәскеуді қорғауға, Дубосеково, Волоколамск бекеттерін азат етуге қатысады.

Ал генерал Панфилов қаза тапқаннан кейін оның есімімен аталған 8-гвардиялық дивизия құрамында Ленинград қоршауын бұзуға қатысып, Батыс, Солтүстік-батыс, Прибалтика майдандарында ерлікпен шайқасады.

Жауынгерлік жолдар Велиж, Рудня, кейін Балтық жағалауы бойындағы Холм, Новоржев, Себеж қалалары арқылы өрбиді. Ол — соғыс жылдары Велики Луки қаласынан шыққан теміржол бойын қорғауға алғандардың бірі.

Оның екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденін алуы, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері атануы, көптеген медальдарды кеудесіне тағуы, аға сержант шенін иеленуі жауынгерлік ерекшеленуінің белгісі іспетті еді.

Ол елге жеңіспен оралған соң 1946 жылы коммунистік екпінді құрылыс жолдамасымен Бершүгір шахтасына жұмысқа кіріседі. Осы жерде 1961 жылға дейін көмір сапасын тексеру бастығы, кейін механикаландыру училищесінде аға шебер болып еңбек етеді. 1961 жылы Қорғантұз ауылына көшіп келіп, шаруашылықтың МТМ-сында меңгеруші болды.

Ел қадірлейтін Елеу ата мен Жақсығанымның шаңырағында Роза бастаған ұл-қыздар өмірге келді. Сембай мен Исатай әке жолын қуып, техника тілін меңгерді, өз қатарларының алды болды. Келіндері Айымгүл мен Гүлжаһан ата-енелерін қадірлеп, бүкіл жағдайларын жасап отырды.

Елеу ата немерелерін алдына алып отырып, жайлап қана майдан әні «Катюшаны» айтады екен. Сол кезде қаруластарын еске алады ма, жүзін мұң шалғандай болып көрінетін дейді көзкөргендер.

Атаның елге үлгі болатын жақсы мінезі көп болыпты. Туған бауыры Жексенбай екеуінің татулығы, бауырмалдығы, еңбекқорлығы, адалдығы көпшілікті қызықтырған. Сол қалыптасқан сабақтастық қазір де бұзылған жоқ, екі үйдің балалары бөлінуді білмейді.

Елеу ата жазушы-майдангер Дмитрий Снегин туралы көп айтады екен. Ол кісі Жазушылар одағының хатшысы болып тұрғанда елден барып арнайы жолықсам, дидарлассам деп көп айтады екен, бірақ сәті түспепті.

Майдангер ата өмірінің соңғы жылдарында Қандыағаш қаласында тұрды. Қазір ұрпақтары осы өңірдің көркейіп-дамуы үшін аянбай қызмет етуде.

Нұргүл ҚАЛИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button