Басты бет » Мәдениет » Әуезов театры келді

Әуезов театры келді

1-5 мамыр күндері аралығында Ақтөбе қаласында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастролі өтеді. Араға тура он жыл салып ақтөбелік көрермендерімен қауышқан труппа 5 спектаклін сахналамақ. Осыған орай кеше КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен жоғарыда аталған театрдың директоры Асхат Маемиров журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған гастрольдік сапар барысында алматылық әртістер «Актерді өлтірген кім?», «Ақтастағы Ахико», «Бейбарыс сұлтан», «Таңсұлу» және «Сыған серенадасы» қойылымдарын ұсынбақ. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өнерін паш еткелі отырған әкемтеатрдағылар осы сенбіге дейін көрермендерін күтеді. Басталу уақыты — сағат 19.00-де. Ал билеттің құны — 1-2 мың теңге.

— Кеше осындағы гастрольдік сапарымыз басталып, «Актерді өлтірген кім?» спектаклін қойдық. Халық жақсы қабылдаған сияқты. Біз үшін ең бастысы сол ғой. Өйткені Ақтөбеге келуіміздің өзі аймақтағы көрерменге есеп беру, солардың ықыласына бөлену үшін ұйымдастырылып отыр.

Бұл өңір тарихта ұлы адамдар шыққан жер боп қалатыны белгілі. Сондықтан сол кісілерге тағзым ету мақсатында да келіп отырған жайымыз бар. Қаланың өзі жақсы жағына қарай өзгерген. Өсу бар. «Жұбановтар әлемі» орталығын мысалға алатын болсақ, тәлім алатын тұстары көп. Бұл, бір жағынан, басшылыққа да байланысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тәжірибесі мол, жемқор емес, жақсы басшы. Өзіме ұнайды, — деді даңқты актер, Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.

Асхат Маемиров өз сөзінде биыл 92-ші маусымын өткеріп жатқан труппада қазіргі таңда жүзге тарта актердің еңбек ететінін, соның жартысына жуығы Ақтөбеге келгенін атап өтті.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында театр майталмандары келер жылы Ақтөбедегі театрда Тахауи Ахтановтың «Боран» спектаклін қою ойда бар екенін айта келе, қонақжайлық танытып жатқан Ақтөбе халқына ризашылығын білдірді.

P.S. Газет редакциясына қолтаңбасын қалдырып, тілші сұрақтарына жауап берген Асанәлі Әшімовпен сұхбат және Алматы театрының спектакльдері туралы материалды «Ақтөбенің» алдағы санынан оқи аласыздар.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.