Білім

Кәсіптік білім — келешек кепілі

Мәслихат

Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінде облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген көшпелі отырысы өтті.

№22 Мәртөк сайлау округінен сайланған депутат Амангелді Есіркеповтің төрағалығымен өткен отырысқа облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары мен колледж директорлары қатысты.

Депутаттар алдында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева кәсіптік білім мамандарын даярлау бойынша жергілікті  атқарушы органдармен атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.

Л.Оразбаеваның айтуынша, облыс аумағында барлығы 44 колледж жұмыс жасайды. Оның 26-сы мемлекеттік болса, 18-і — жекеменшік арнаулы орта оқу орындары. Сондай-ақ өткен жылы мемлекеттік 2 колледж ашылған.

Бүгінгі күні облыс аумағындағы колледждерде 27 502 оқушы білім алуда. Мамандарды даярлау еңбек нарығындағы сұранысқа ие 89 мамандық, 139 біліктілік бойынша жүргізіледі. 2017-2018 оқу жылы эксперимент түрінде мамандар екі деңгейлі модульмен оқыту бойынша даярлануда. Бұл жерде оқушы екі немесе бірнеше біліктілік бойынша жұмысшы мамандығын тегін алып, одан кейін өзінің қалауы бойынша орта буын маманы ретінде конкурстық негізде оқуын жалғастыруына мүмкіншілігі туады. Бүгінгі күні колледждерде мемлекеттік тапсырыс бойынша 14149 оқушы оқып жатыр. Оның ішінде, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағытына сәйкес еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау мақсатында 1085 оқушы білім алып жатыр, —   деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Аталған бағдарлама аясында қысқа мерзімді курстар 2017 жылы 24 колледжде және 4 жұмыс берушінің оқыту орталықтарында 31 мамандық бойынша жүзеге асырылған.

Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының қызметінің ең негізгі көрсеткішінің бірі түлектердің жұмысқа орналасуы екендігін айтқан Л.Оразбаева, өткен жылдың көрсеткіштеріне тоқталды.

2017 жылы колледждерді барлығы 6008 түлек бітірді. Оның 4427-сі жұмысқа орналасып, 397-сі оқуын жалғастыруда. 262 бітіруші әскер қатарына шақырылып, 265-і бала күтімімен үйде отыр. 27 түлек елден кеткен. Қамтылмай қалған 630 түлек анықталды. Жұмысқа орналасып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 89,5 пайызды құрайды, — деді ол.

Білім беру қызметінің сапасы кадрлар құрамына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласында барлығы 2342 педагог еңбек етсе, оның ішінде 3 ғылым докторы, 28 ғылым кандидаты, 132 әртүрлі бағыттағы магистр қызмет атқарады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдірудегі басты мәселелердің бірі — студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін іске асыру үшін колледждердің жатақханамен қамтамасыз етілуі және оқушыларға жасалған жағдайды анықтау мақсатында наурыз айында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде облыс бойынша 44 колледж қуаттылығы 3371 орындық 27 жатақханамен қамтылған.

Күн тәртібінде қаралған мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттары сұрақтар қойып, ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Қорытындысында комиссия қаралған мәселе бойынша қаулы қабылдады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button