ЖеңісӘлеумет

Жетпіс жылдан соң жеткен дерек

Оразбай Баймұрзин кешегі қан майданда хабарсыз кеткен ерлердің бірі еді. Облыс бойынша шығарылған «Естелік кітабында» ол туралы «1900 жылы Шалқар ауданында №14 ауылда дүниеге келген, 1944 жылы соғыста хабарсыз кеткен» деген қысқа деректер ғана келтірілген.

Оразбай Баймұрзин соғысқа дейін Шалқар ауданындағы Бершүгір шахта басқармасында жұмысшы болып еңбек еткен.

1942 жылдың қыркүйек айында майданға аттанған әкесін жалғыз қызы Қымбат өмір бойы күтіп өтіпті. Ол отбасындағы жалғыз бала екен. Бойжеткен соң Абдуллажан Низамутдинов есімді мұғалімге тұрмысқа шығып, ұл-қыз өсіреді. Бір перзенті Нұрбек азамат болған соң нағашы атасын іздеуге кіріседі.

Мәселен, Ресей Федерациясындағы Подольск бас архивіне бірнеше рет хат жазған. Ол жерден жеткен хабарда жауынгердің 1944 жылдың қаңтар айында хабарсыз кеткені туралы ғана айтылады.

Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар ғой. Оразбай Баймұрзинге қатысты деректі Севастопольдегі «Парыз» іздестіру отрядтары бірлестігінің қатысушылары табады. Олар соғыс жылдарында Севастопольді қанқұйлы жаудан азат ету жолындағы жантүршігерлік шайқас болған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында 51-ші Приморская армиясы құрамындағы қаза тапқан жауынгерлердің артында қалған қандай да бір белгілерді табуға ұмтылады.

«Ирбис» іздестіру отряды командирі Юрий Соловьевтің айтуынша, сондай іздестіру жұмыстары барысында «Уразбай Челкар» деген жазуы бар медальон табылады. Алғашында Челкар деген сөз жауынгердің фамилиясы болар деген де болжам жасалады.

Юрий Соловьев Ақтөбеге келгеннен кейін жергілікті телеарна арқылы осы хабарды көпшілікке таратады. Алайда бірден ешкім үн қата қоймайды. Сол аралықта бір жыл да өте шығады. Негізі қалыптасқан ереже бойынша бір жыл өткен соң жауынгердің сүйегі бауырластар зиратына жерленеді екен.

Нақ осы тұста Оразбай Баймұрзиннің туыстары да хабарласады.

Жауынгер Оразбай Баймұрзин Дергачи поселкесіндегі Мемориалды зиратта өзінің қаруластарымен бірге 2016 жылғы бесінші мамырда, Жеңіс күні қарсаңында қайта жерленді. Елден даңқты жауынгердің бауыры Балтабай Оқшантаев Қырым жеріне барып, Отанын қорғаған асыл ерге топырақ салып қайтты.

«Арада қаншама жыл өтсе де, асыл әкеміздің көзін көргендей болдық, рухымен дидарласқандай әсер алдық. Өте тебіреністі жағдай болды. Бізді қарсы алған, мәліметтер берген жергілікті тұрғындарға, оның ішінде Марина Гавриленко секілді сол өңірдің патриот жандарына алғысымыз шексіз»,— дейді ол.

…Оразбай Баймұрзиннің артында қалған жалғыз ұрпағы Қымбат апа өмірден өткелі де он бес жылдың жүзі аунап түсіпті. Аяулы әкесінің бір дерегін білсем деп ойлаумен кеткен оның арманын ұрпақтары жүзеге асырды.

Нұр БАТЫРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button