Әлеумет

Сәуір: сабақты істер сәтімен…

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету»: жалғасын тапқан жоба

Сәуір айында қолға алынған шаруалардың бірі — бұрыннан қалыптасқан осы жобаның жалғасуы болды. Аталған бағытта құрылған ақпараттық топтар жүйелі жұмыстар атқаруда. Бұл жолы бес ауданды қамту жоспарланды. Олардың қатарында Шалқар, Байғанин, Мұғалжар, Темір және Алға аудандары бар.

Жобаның екінші бағыты бойынша ақпараттық-насихаттық топ Шалқар ауданында теракт қаупіне дайындық жұмыстарын жүргізу аясында 3593 адамның қатысуымен 40 іс-шара өткізді.

Құқық қорғаушылар шалқарлықтарға терроризм қаупі төнгенде қандай іс-әрекеттерге дайын болу керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл кездесуге 1509 адам қатысты. Сондай-ақ, терроризм қаупі төнген кездегі тәжірибелік әрекеттерді дағдыландыруға қатысты 1543 адамның қатысуымен 13 практикалық сабақ жүргізілді.

Шалқар ауданындағы террористік тұрғыдан осал саналатын 11 нысан тексеріліп, нысан басшыларына анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты тапсырма берілді.

Байғанин ауданында мамандар Кемерши ауылында 16 шара шара өткізіп, 263 тұрғынды қамтыды, 61 адам нақты көмек алды. Облыс орталығынан келген дәрігерлер 81 адамды бақылаудан өткізді, оның ішінде 64 бала бар.

Ақпараттық топ Байғанин ауданының бес ауылдық округіндегі жиырманың үстіндегі елді мекенді қамтыды.

Тартылған инвестиция — 59 миллиард теңге

Инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту — облыс экономикасын нығайтудың басты көздерінің бірі болып отыр.

Ағымдағы жылы облысқа кемінде 512 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлануда.

Алғашқы тоқсанда 59 миллиард теңге тартылды, бұл жылдық мөлшердің 12 пайызы шамасын көрсетеді.

Аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруда облыс басшылығы тарапынан «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдігіне нақты міндеттер жүктеліп отыр. Шетелдік инвесторларды, оның ішінде трансұлттық компанияларды тарту, ең бастысы — инвесторларға жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын проблемалық мәселелерді шешуде тиімді және жан-жақты көмек көрсету, міне, осындай жұмыстарды аталған өкілдік атқаруы тиіс.

Ел білетін ер Едіге

Алтын Ордадан шыққан түркі жұрттарының бәріне ортақ тұлға ер Едігенің болмысы Ақтөбеде ұйымдастырылған халықаралық конференцияда сөз болды.

«Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» атауын иеленген бұл конференцияда өз еліміз бен Ресейдің әр аумағынан — Башқұртстан, Татарстан, Қарашай-Черкес республикаларынан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан белгілі ғалымдар бас қосты.

Алқалы жиын төрінен «Едіге батыр» эпосын орта мектеп бағдарламасына енгізу, «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқыту, 12 тамызды тарихи күн ретінде атап өту және Ресейдің көне карталары арқылы анықталған Байғанин ауданы аумағындағы Едігенің зиратына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру жөнінде ойлар ортаға салынды.

Бұл шара Едігені тани түсуге жасалған кезекті қадам болды деп бағалауға тұрарлық.

Медициналық кластер негізі нығая түседі

Ақтөбеде түпкі мақсаты медициналық кластерді нығайтуға бағытталған шаралар жүйелі жүргізілуде.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті базасында ұйымдастырылған «Үздіксіз медициналық-кәсіптік білім беруді интернационалдандыру. Болашаққа көзқарас» атты халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы осы ауқымдағы іргелі істердің бірі.

Бұл жиынға Португалия, Ұлыбритания, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің көрнекті профессорлары, өз еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының жетекшілері мен профессорлары, білікті дәрігерлер жиналды.

Былтырғы оқу жылында осы медицина университетінде визитинг-профессор бағдарламасы бойынша шалғай шетелдерден, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Литва, Украинадан 50-ден астам профессор келді. Университетке тәжірибе алмасу үшін 20-дан астам шетелдік маман тартылды.

Алдағы уақытта университеттің білім беру әлеуетін және «Акtоbе Меdiсаl Сеnteг» медициналық орталығының инфрақұрылымын біріктіру нәтижесінде интеграцияланған академиялық медицина орталығын құру жұмыстары жүзеге аспақшы.

…Вена медициналық университетінің интенсивті терапия бөлімінің кеңесшісі, дәрігер-неонатолог  Йенс Кристиан Швидтпен және  Нижний Новгородтағы жоғары санатты облыстық балалар ауруханасының  дәрігер-анестезиологы, медицинадағы симуляциялық оқытудың Ресейлік қоғамы басқармасының мүшесі Анатолий Веревкин Ақтөбеге «Бақытты бала» жобасының аясында жергілікті педиатрлар мен неонатологтарға шұғыл көмек көрсетудің шеберлік сабақтарын өткізу үшін келді.

Жасыл желек жайқалады

Көктемдегі игілікті тірліктің бірі — тал егу. Осы бағытта облыста көп шаруалар тындырылуда. Соңғы жылдары бой көтеріп, енді қанатын кеңге жая бастаған «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жасыл желек негізі қалануда. Осындағы Энергия тиімділігі орталығының аумағына жеміс бағы және демалыс орны ашылмақшы.

Ал Қарғалы ауылының ақсақалдары, мемлекеттік қызметкерлер мен көгалдандыру мекемелерінің жұмысшылары өздері тұратын аумаққа алма, алмұрт және өрік ағаштарының 500 көшетін отырғызды. Алдағы уақытта демалыс орнына жөке, шаған, үйеңкі ағаштарының 1500 көшеті және егілмек.

Ақтөбе қаласы бойынша осы көктемде 200 мыңға жуық емен, үйеңкі, жөке, басқа да қылқанжапырақты және бағалы тұқымдас ағаштар көшеті отырғызылады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button